Олжас Бектенов Соколов-Сарыбайға барды

Бүгiн, 17:01 164

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапарында Рудный қаласында болып, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ) базасында қара металлургияның дамуымен, сондай-ақ Рудный ЖЭО-да жылыту кезеңінің барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министрге Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің ағымдағы нәтижелері және ERG компаниясын одан әрі дамыту жоспары туралы баяндалды. Бүгінгі таңда «ССКӨБ» АҚ – Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі темір кені алыбы саналады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 35 млн тонна кен, 9 млн тонна концентрат және 8 млн тонна түйіршікке жетеді. Ішкі нарықтан басқа, өнім Ресей мен Қытайға экспортқа шығарылады, биылғы 11 айда 371 млрд теңгеден астам сомаға 9 млн тоннадан астам тауар өнімі жөнелтілді.

Осы жерде Қазақстандағы ERG бас директоры Серік Шахажанов премьер-министрге металдандыру дәрежесі 90%-дан асатын ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндіруге бағытталған зауыт салу жөніндегі жобаны таныстырды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 2 млн тонна ЫБТ-ны құрайды. Инвестиция көлемі 500 млрд теңгеден асады, 1,1 мың жұмыс орны ашылады. Жобаны 2028 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланып отыр.

Өңірде толық циклді металлургиялық кластер кезең-кезеңімен қалыптасуда. Премьер-министр ыстық брикеттелген темір зауытын салу жобасы өнеркәсіпті нығайтуға және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды қадам болатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының аумағынан Қостанай қаласына дейін магистралды газ құбырын салу жөніндегі ірі инфрақұрылымдық жоба мақұлданды, бұл зауытты қажетті газ көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетика министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп зауыт құрылысына жәрдемдесу жөнінде тапсырма берілді.

Сонымен қатар Олжас Бектенов ССКӨБ құрамына кіретін Рудный ЖЭО-сында болды. Кәсіпорын директоры Василий Новоселов электр стансасында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңғыртылуы туралы баяндады. Сонымен, күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысында негізгі және қосалқы жабдықтар жөнделді. Қоймада қажетті отын мен материалдар қоры қалыптастырылған. Қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында түтін құбырларынан бөлінетін шығындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесінің жобасы іске асырылуда, бұл технологиялық процестегі кез келген өзгерістерге тәулік бойы жеделәрекет етуге мүмкіндік береді.

Мұнда премьер-министрге өңірдегі жылыту маусымының барысы туралы баяндалды. Облыс әкімінің орынбасары Берік Танжарықов бірыңғай электр жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны жеткізілді. Жалпы облыста белгіленген қуаты сағатына 100 Гкал астам 3 қазандық және 4 ЖЭО жұмыс істейді. Соңғы 3 жылда жабдықтарды жөндеудің арқасында жылумен қамту желілерінің тозуы 57%-дан 45,7%-ға дейін төмендеді.
 
Олжас Бектенов стратегиялық маңызға ие өнеркәсіптік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін коммуналдық инфрақұрылымды уақтылы жаңғыртудың маңыздылығын баса айтты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: