Олжас Бектенов шетелден әкелінетін көліктерге талап күшейтетінін айтты

29 Қазан, 12:05 1200

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автомобиль жасау саласының дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Отандық автоөнеркәсіп бүгінде көлік құралдарын шығаратын сегіз кәсіпорыннан тұрады. 2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 91 мың бірлік автокөлік құралдары өндірілді, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс индексі 86,7%-ды құрады. Жалпы машина жасау саласындағы автомобиль жасау үлесі 39,4%-ды құрады. Салдағы басты мәселе – логистика. Сонымен қатар техникалық регламентке сәйкес келмейтін көліктердің Қазақстанға көптеп кіргізілуі өте өзекті мәселе, – деді Анар Мақашева.

Бектенов те елімізге экологиялық стандарттарға сай келмейтін автомобильдердің әкелінуі үлкен мәселе екенін алға тартты.

Күрделі мәселе. Бұл біздегі көлік өндірісімен айналысатындарға жосызсыз бәсекелестік тудырып жатыр. Бұл әсіресе жүк көліктерінен қатты байқалады. Хаттамада тапсырма беру керек, - деді премьер-министр.

Үкімет басшысы бұл мәселеде қатаң бақылау қажеттігін алға тартып, кедендік органдар мен зертханаларды жұмылдыруға шақырды.

Бұл жерде полицияны да тарту керек. Өйткені біз ішкі өндірісті дамыту үшін жағдай жасаймыз. Өзім автомобиль зауыттарының бірінде өндірушілермен кездестім, олар: «біз өндіріп жатқанымызбен, Еуро-2 болып келгендермен бәсекелесе алмаймыз. Сөйте тұра түсініксіз себептермен құжат бойынша ол Еуро-5 болып шыға келеді» деп айтты. Сондықтан қатаң тәртіп орнату керек, - деді Бектенов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: