Олжас Бектенов: Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды

8 Сәуір, 17:05 3294

Қазақстан премьер-министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің жайылмасын тікұшақпен айналып өтіп, Сергеев су қоймасындағы жағдайды тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ Есіл өзені арнасынан асқан жағдайда су басудың алдын алу және залалды азайту үшін Петропавл қаласының маңындағы бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар тексерілетін болады.

Үкімет басшысына Сергеев су торабы қазіргі уақытта қуатының шегінде жұмыс істеп жатқаны туралы баяндалды.

8 сәуірдегі жағдай бойынша 6017 м3/с деңгейінде су келуі тіркелді, оны жіберу 4720 м3/с деңгейінде жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ Сергеев су қоймасы пайдалануға берілген 1969 жылдан бастап судың максималды шығыны 3600 м3/с деңгейінде болған.

Осылайша, қазіргі су қоймасының толуы соңғы 50 жылда алғаш рет орын алып отыр және алдыңғы максималды көрсеткіштерден 2 есе дерлік асады.

Қазгидромет болжамына сәйкес, биылғы 6-12 сәуір аралығында күннің күрт жылынып, қар еруіне байланысты келетін су көлемі 2400-ден 3600 млн метрге дейін ұлғаюы мүмкін. 

Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу әрі ғимараттардың қирауына жол бермеу үшін Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері бригадаларының 300 әскери қызметкері Астана қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына аттанды.

ҚР Ұлттық ұлан академиясынан 400 курсант және ҚР Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің 300-ден астам қызметкері тартылды.

Бұл ретте өңірге көмек көрсету үшін тартылатын әскерилер санын одан әрі ұлғайту жөнінде команда берілді. Айта кету керек, қазіргі уақытта қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов – Қостанай облысында.

Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Біз Солтүстік Қазақстан облысының өзіне Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның мыңға жуық қызметкерін жұмылдырдық. Міндетіміз – Есіл өзені арнасынан асып кеткен кезде үлкен зардаптардың алдын алу. Мұндай ауқымдағы су көлемі Сергеев су қоймасының бүкіл тарихында алғаш рет орын алуда, – деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-ның құрылыс және жол-құрылыс компанияларының басшыларын су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсетуге шақырды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: