Олжас Бектенов Минскіде ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларымен кездесті

3 Маусым, 20:46 1958

Олжас Бектенов Минскіде ЕАЭО елдерінің үкіметтер басшыларымен халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу мақсатында Минскіге барды.

Сапар барысында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өтті. Сауда-экономикалық, өнеркәсіп, АӨК, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Екіжақты тауар айналымы былтыр $912 млн-ды құрады. Сауда ағындарын әртараптандыру және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту шаралары қаралды. Қазақстан шамамен $265 млн сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы бірлескен жобалар — екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Бүгінгі таңда жалпы құны $200 млн-нан асатын тракторлар мен комбайндарды және өзге де техниканы құрастыру бойынша 11 жоба іске асырылды, 1,6 мың жұмыс орны ашылған. Тараптар қазақ-беларусь әріптестігінің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы жұмысты жалғастыру ниетін растады.

Перизат Саденова
Бөлісу: