«Өлсем, мен өлейін»: Саят Медеуов әкесінің соңғы сөзін есіне алды

23 Қазан 2023, 11:25 1397

Отандық танымал әнші Саят Медеуов «Қызықты weekend» бағдарламасында анасы қайтыс болған соң араға 14 күн салып әкесі де жан тәсілім еткенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әншінің айтуынша, ата-анасы коронавирус өршіп тұрған кезде бақилық болған.

Әкем жетпіс тоғыз жаста еді. Анам дүниеден өткен соң «Болды, осымен өмір бітті» деп он төрт күннен соң өзі де қайтты. Таңғалдым. Өзі дайындалды. «Осымен өмір бітті. Жұмыс бітті. Бәрі тоқтады. Енді жұмысқа шықпаймын. Осымен болды» деді. Ковидтің кезі. Көп адам көз жұмды. Сонда ол кісінің қорыққаны мынау – Жастар қырылып кетпесін, жастар аман болсын, мен сияқты өмір жасаған, көрген қариялар өмірден өтсе, жарасады. Өлсем, мен өлейін. Жастар аман болсын. Басымды құрбан еттім деді де, жатып қалды. Содан көз жұмды.

Саят Медеуовтің сөзіне қарағанда, әкесі мүлде ем қабылдаудан бас тартқан.

Ішқұсалық па деп ойладым. Неше түрлі ойладым. Бірақ сөздеріне қарасам, олай емес секілді. Кететінін білген сияқты. Айтсаң, ертегі секілді. Анам кеткен соң әкемнің де кететінін түсіндім. Жатып қалды, тұрмай қойды. Укол салайын десек, «Салмай-ақ қойыңдар. Мен қабылдамаймын. Система да көмектеспейді. Осымен өмір бітті. Келген адамдарға шеберхана жұмыс істемейді, мені жұмысқа шықпайды деп айта салыңдар» деп айтты, – дейді әнші.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: