Олимпиадаға қатысатын еліміздің бірнеше спортшысы Парижге табан тіреді

20 Шілде, 23:15 898

Қазақстандық спортшылардың алғашқы легі Олимпиада ойындарына қатысу үшін Парижге жетті. Олардың қатарында 25 шілде күні жарысты бастайтын садақ ату шеберлері бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Олимпиада ауылы Париждің солтүстік жағында орналасқан, аумағы 52 гектарды құрайды. Инфрақұрылымда қажеттінің бәрі бар: 40 тұрғын үй,  жаттығу корпустары, емхана, асхана және басқа да нысандар. Атлеттердің көңіл көтеруіне арналған клубтар да бар. 

Команда үздіктерінің бірі Ильфат Абдуллин   кішігірім репортаж жасап, қазақстандық олимпиадашылардың қалай өмір сүретінін көрсетті. 

Біз бүгін таңертең жайғастық. Тек таңғы ас ішіп үлгердік. Біздің команда Қазақстан құрамасы сапынан алғаш боп орналасты. Енді қалған  спортшыларымызды қарсы аламыз. Жағдай жақсы, олимпиада атмосферасы керемет сезіледі. Бәрі әдемі әрі жайлы. Асхана жайлы толық ештеңе айта алмаймын. Әзірге, мәзірмен толық таныспадық. Мұнда бәрі бар деп ойлаймын. Одан бөлек, қосымша тамақтану орындары, кофеханалар бар,  - дейді Абдуллин. 

Оның айтуынша, тұрғын үйлер жайлы әрі ыңғайлы. 

Номерде бізге керектінің бәрі бар. Тек кондиционер жоқ (күлді). Десе де, олимпиадалық ауылдағы жағдайдың жақсы екенін айтқым келеді. Еріктілер жақсы көмектесіп жатыр, - дейді спортшы. 

Олимпиадалық ауылда 14,5 мыңдай адам тұрады. Оның ішінде тоғыз мың спортшы бар. Қазақстан командасы спорттың 25 түрінен 80 спортшыны жарысқа қосады. 

Зарина Арман
Бөлісу: