Қазақстан дзюдосының көшбасшысына айналған Абиба Абужақынова бүгінде тек татамидегі жеңістерімен емес, мінезімен, қайсарлығымен де көпке үлгі. Жақында ғана «Құрмет» орденімен марапатталған спортшы EL Sport YouTube арнасына берген сұхбатында бала күнгі амбициясы, Олимпиададан кейінгі ауыр психологиялық кезең, туған жері мен жеке өмірі туралы шынайы әңгіме өрбітті.
Абибаның айтуынша, бірінші болуға деген ұмтылыс оның бойында бала кезден қалыптасқан. Бұл мінез уақыт өте келе кәсіби спорттағы басты қағидасына айналған.
Көшбасшы болу, бірінші болу – ол менің мінезімде бар. Мысалы, бір жерде фамилияларды оқып жатса, екінші болып аталғанды ұнатпаймын. Тізімде де бірінші тұрғанды қалаймын. Тіпті мектеп кезінен сондай едім. Спортқа енді барып жүргенде де “менің фамилиям бірінші айтылуы керек” деген ішкі сезім болатын. Бәлкім, дәл сондай дүниелер адамды шыңдайтын шығар, – дейді спортшы.
Оның сөзінен чемпиондарға тән психология анық байқалады. Себебі үлкен спортта таланттан бөлек, үнемі алда болуға деген ішкі талап маңызды рөл атқарады. Абиба дәл осы мінезінің арқасында әлемдік дзюдо аренасында Қазақстанның басты үміттерінің біріне айналды. Сұхбат барысында спортшы туған өлкесі туралы да ерекше ықыласпен айтты.
Біздің жақта спортшылар өте көп шықты. Әсіресе бокс қатты дамыған. Боксшылар да, бапкерлер де көп болды. Мектептің өзінде бокс үйірмесі болатын. Кейде ойлаймын, егер боксқа барғанымда, бәлкім Олимпиада чемпионы болып кетер ме едім. Өйткені біз жақта спорттың атмосферасы мүлде бөлек еді, – дейді ол.
Абиба Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосыновпен алғаш қалай танысқанын да еске алды. Оның айтуынша, екеуі Алматыдағы оқу-жаттығу жиындарының бірінде жақын танысқан екен.
Сәкен бір күні “неге туған жеріңді айтпайсың?” деп сұрады. Кейін екеуміздің руымыз бір екенін айтты. Сосын жақынырақ араласып кеттік. Кейін Олимпиададан соң оның “медалімді қаңлыларға арнаймын” деген видеосын көрдім. Ол да біздің жақтың баласы ғой, – деді Абиба.
Көпшілікті қызықтыратын тақырыптың бірі – спортшының жеке өмірі. Абиба бүгінде сырға салынғанын растады. Алайда үлкен тойды өткізуге спорттық кестенің тығыздығы мүмкіндік бермеген.
Негізі үлкен ұзату жасаймын деп ойлағанмын. Бірақ мүлде уақыт болмай кетті. Үнемі жаттығу, жиын, жарыс. Үйлену тойына да дайындық керек қой. Сондықтан әзірге кейінге қалдырдық. Бұйырса, қазан айында болады, – деді ол.
Сұхбаттың ең әсерлі тұстарының бірі Олимпиада жайлы әңгіме болды. Абиба үшін Париж Олимпиадасындағы жеңіліс әлі күнге дейін жазылмаған жара секілді.
Маған ең ауыр тигені – Олимпиада. Себебі мен оны төрт жыл ғана емес, бүкіл өмірім бойы күттім. Сондықтан қабылдау өте қиын болды. Жарты жылдай, бәлкім бір жылдай өзіме келе алмадым. Олимпиада – жай жарыс емес. Ол спортшы өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Оны ұмыту оңай емес. Қайтадан Олимпиадаға барып, жеңген кезде ғана ішімдегі ауырлық кететін шығар. Оған дейін сол жүк иығымда тұрады, – деді спортшы.
Олимпиададан кейін әлеуметтік желіде Абибаға қолдау білдірген жазбалар көп болды. «Жылама, Абиба» деген сөздер халықтың спортшыға деген шынайы жанашырлығын көрсетті. Дзюдошының өзі мұндай қолдауды күтпегенін айтты.
Шынымды айтсам, керісінше хейт көп болады деп ойладым. “Сенген Абиба жүлде ала алмады” деген сияқты пікірлер жазылады деп күттім. Бірақ бәрі мүлде басқаша болды. Маған 95 пайыз қолдау көрсетті. Сол қолдау қайтадан татамиге оралуыма үлкен мотивация берді. Негізі Олимпиададан кейін қатты шаршадым. Тіпті “енді күреспеймін” деп те айтқанмын. Бірақ халықтың қолдауы бәрін өзгертті, – деді ол.