Олимпиадада мен шаршы алаңға шыққанда бәрі «No» деп айқалады – Мұхтархан Ділдәбеков

17 Қазан 2023, 15:33 6488

Қазақтың маңдайына біткен спортшылардың бірі – Мұхтархан Ділдәбеков. Өзі боксқа 18 жасында келіп, әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарында күміс жүлде алған. Beren Live-қа берген сұхбатында Мұхтархан Ділдәбековпен көкпар, олимпиададағы өкініші жайлы айтып, Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты ойын жеткізді.  

– Боксқа қалай келіп едіңіз? Қазіргі жастар да біле жүрсін.

– Өзім қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданының тумасымын, біздің жақта көкпар ерекше дамыған. Тойда да көкпар тартады, арнайы жарыстар да ұйымдастырылады. Мектепті бітірдік, жоғары білім алсам деген ой да болмаған. Ағаларым өздері ақылдасып, мені не оқытамыз, не спортқа береміз деп келісіпті. Сонан соң Ерхан деген ағам келіп, мені қалаға алып кетті. 17 жастан асқан шағымда боксқа бардым.

Кеш секілді көрінгенімен, ауылдың баласы болғаннан кейін тынбай еңбектеніп өстік. Өзі көпбалалы отбасынанмын, үйдің 11-баласымын. Әйтпесе сол 18 жасқа дейін қолғап көрген адам емеспін, егер күреске берсе, күресіп те кетер ме едім. Ауылда төбелесіп жүргенбіз ғой, сондықтан боксты құп көрдім.

Осылайша ауыр салмақтағы боксшыларды дайындайтын Нұрғали Сафиуллин деген бапкердің қолына келдім.

– Нұрғали аға 18 жастағы жігітті қатарға қосуға бірден келісті ме?

– Негізі боксты 10-12 жаста бастайды ғой. Нұрғали аға маған жаңа жылдан кейін келсін деді. Бокс үйірмесіне келген адамның ешкім бетінен қақпайды, уақыт өте үйренер деп мүмкіндік береді, ұлттық құрамаға кірмесең де, сол жерде спарринг қарсылас болып жүресің, оның үстіне ауыр салмақта боксшылар көп емес.

1994 жылдың 10 қаңтарынан бастап жаттығуға кірістік. Он шақты күн бойы жаттығуды бір мезгіл жасайтынмын, кейін екі ретке көштік. Нұржан Сманов пен Қанат Шағатаев Хиросимадағы Азия ойындарына дайындықта жүрген. Соларға қарап жүріп бокстың ішкі «кухнясын» түсіне бастадық, кассеталардан жарыстар қарайтын болдық.

Араға үш ай салып, наурызда облыс біріншілігі болды. Залға 89 келімен келген мен сол үшін айда 81 келіге түстім. Біріншілікке қатысып, жеңімпаз атандым. Екі кездесу өткізіп, екеуін де жеңдім.

Сонан соң бапкерлердің маған деген көзқарасы оңалды. Тіпті таңертең бапкер екеуміздің қайсысымыз залға бірінші келеді деп таласатын болдық.

– Қаланың өміріне қалай бейімделдіңіз?

– Бокстан бұрын маған қалаға үйрену қиын болды. Жазық далада өскен баламыз ғой, қалада көпқабатты үйде тұрасың. Көкпарды да ерекше сағынатынмын. Ағаммен «қалада он күн болсам, бір күн ауылға апарып көкпар шаптырып келесің» деп келісіп алдым. Ол мені қасқырды қолға үйреткендей қалаға үйретті.

Аядау бөлмеде бокстасқанша, жазық далада көкпар тартқаным артық деп ауылға кетіп қалған кездерім де болды.

Таңертең тұрасың, сөмкеңді асынасың да бір жолмен жаттығуға барасың. Күнделікті қайталанатыны осы. Жалығып кетесің ғой. Жетістікке жету үшін қайталана беретін әрекеттерді пайдаңа шеше білу қажет.

Ал ауылда, спорттың тілімен айтқанда, еңбек сіңірген шабандоз едім. Бәрі мені танитын, елдің аузында жүретінбіз. Ел сыйлатын азаматтардың көкпарына қатысатынмын. Көпке танымал Темірхан ағам секілді болмасам да, жұрт құрметтейтін. Тіпті Ерхан ағам қалаға алып кетерде ауылдың ақсақалдары оған біраз сөйлеп, ренішін білдірген.

Көбісі көкпарды табыс көзі деп санайды ғой, ал мен үшін ол хобби болатын. Содан ләззат алатынмын.

Бокстан облыстық біріншілікте топ жарған соң, ауылдағы көкпарға қатысып, ол жақта да облыстық деңгейде үздік шықтық. Сол кезде екеуін қатар алып жүруге де болады екен деп ойлағанмын.

– Кәсіпқой боксқа ауысу туралы да ойыңыз болған екен...

– 1999 жылғы әлем біріншілігінен кейінгі оқиға ғой. Хьюстондағы финалда Германия боксшысы Синан Шамиль Саммен кездестік. Айқас барысында өзімнің жеңіп тұрғанымды сездім, ал соңында төрешілер қарсыласымның қолын көтергенде таңғалдым. Синанның ұлты түрік қой. Сол кезде Түркияда қатты жер сілкінісі болған екен, сол боксшысының жеңісі оларға аздап болсын медеу болған секілді.

Ермахан Ыбраймов ағамыз қола жүлдегер атанды. Негізі ерекше бір чемпионат болды. Екеуміз ашуланып кәсіпқой боксқа ауысамыз деп біраз бұлқан-талқан болдық. Жарыстарда біраз уақыт бойы канадалық бапкермен кездесіп қала беретінбіз. Сол біріншілікте қасыма келіп «профи» деді маған. Мен ағылшынша білмеймін ғой, Ермахан ағаға ертіп келдім, ол кісі шетелде турнирлерге шығып жүрген адам. Үшеуміз отырып ауызша кәсіпқой боксқа ауысатын болып келістік.

Бөлмеме келдім, бірге тұратын Нұржан Сманов ағам: «Мұхтархан, үш-төрт жылдың ішінде құрамаға еніп, Азия ойындарында топ жардың, тұңғыш рет қатысып әлем біріншілігінде күміс алдың. Шүкіршілік ету керек. Сол медальге қол жеткізу үшін талай жылдан бері жүрмін ғой» деп ақылын айтқан соң барып ойландым.

– Кейіннен Сиднейге жол түсті. Олимпиада ойындарында басты қарсылас ретінде кімге ерекше дайындалдыңыз?

– Негізі барлығымен оқу-жаттығу жиындарында, жарыстарда кездескенмін, тек сол финалдағы қарсыласым Одли Харрисонды ескермеппіз, бапкерім екеуміздің қателігіміз сол болды. Ол Хьюстонда  Синан Шамиль Самнан ұтылғанымен, біздің айқасты келіп көріп кеткен, сонда бақылап жүрген екен ғой. Салмақ өлшеу рәсімінде де келген болатын. Сырттай көргенмін, «бұл қандай боксшы екен...» деп қойғанмын.

Негізінен кубалық Алексис Рубалькабаға дайындалдым. Бұған дейін екі рет кездескенбіз. Ең алғашқы айқасар алдында бойына таңғалғанмын. Алып екен. Рингке қолын да қоймай аттап өтіп кете салды ғой. Бойы ұп-ұзын. Түртіп-қашып жүріп бокстастым, бірақ жеңілдім.

Олимпиадада жекпе-жекке шығуға дайындалып тұрғанмын, сол кезде Рубалькаба неміспен бокстасып жатты. Бапкерім көріп келуге кеткен, бір кезде тарс деген дыбыс шығып, артынша үнсіздік орнады. Сұлатып салған екен. Бапкерімнің көзі шарасынан шығып кете жаздап келді, бірақ менің мысым басылып қалмасын деп «ештеңе болған жоқ» деп қояды.

Мен Польшаның боксшысын ұттым. Үш күннен кейін Алексиспен кездесуіміз керек. Бір кезде ағайым келіп: «Сен шықпай-ақ қойшы, келесі Олимпиадаға дайындаласың, басшылық айтып жатыр» дейді. Ол кісілер кубалықтың соққысынан қорыққан ғой. «Шығамын, Құдай берген жанды Құдай алады» деп бой бермей қойдым.

Мен іштей дайын екенімді білдім, бұған дейін кездестік, оның қарымын білемін. Жекпе-жекке алдымен оны шақырды, көрермен шулап қоя берді. Мен шыққанда бәрі «No» деп айқалайды. Бұған дейінгі боксшы секілді сұлатып салады деп тұр ғой. Іштей «қазір ноуды көрсетемін» деп қоямын.

Бойы ұзын болған соң ішінен ғана ұрамын, ол соққы алған сайын мені қуалайды. Сондай соққылардың бірінен соң құлады. 

Сөйте тұра соққылары маған да ауыр тиді, арқам, жауырынымды көтере алмай қалдым. Бір күн бойы орнымнан тұрмай жаттым.

Ал финалда Харрисонға есе жібердік. Кәсіпқой боксшы Леннокс Льюистің залында жаттыққан. Негізі тәжірибелі, жылдам боксшы. Сөйтіп Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып қайттым.

– 2004 жылғы Олимпиада ойындарына даярлық қалай болып еді?

– Афина олимпиадасы Сиднейден де жоғары деңгейде өтті. Неміс Себастьян Кобермен кездестім. Оны жеңгеннен кейін, арада 3-4 күн уақыт болды, осы аралықта менде құлдырау болып, деңгейімді көтере алмай қалдым. Ресейлік Александр Поветкинмен айқаста бос кеудемен шыққандай сезіндім, ұрамын, бірақ соққыларым мардымсыз. Амалсыз жеңілісті мойындауға тура келді.

– Алғашқы бапкеріңіз Нұрғали Сафиуллин Қанатбек Шағатаев, Нұржан Сманов, Мырзағали Айтжанов секілді мықтыларды тәрбиеледі. Ол кісінің феномені неде деп ойлайсыз?

– Ол кісі мені әбден шыңдады. «Отқа түс» десе де, «суға түс» десе де түсе беретін жағдайға жеттім. Нұрғали ағай сондай адамдарды жақсы көретін. Василий Жировтің бапкері Александр Апачинский секілді қатаң тәртіппен тәрбиелегісі келді. Аяушылық танытпайтын. Ташкенттегі жарыстарға таңертең қатысып, жеңіліп қалсаң, түстен кейін шақырып алып жаттығу жасататын. Наурызда наурызкөже, палау таратып жатқанда, мен солардың арасында жаттығу жасап жүгіріп жүретінмін. Күніне үш рет жаттығу жасатқан кездері де болды. Сол кісінің арқасында ауыр салмақта көш басында жүрдік.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: