Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасында із кесу жарысы мәресіне жетті. Спринт қорытындысы бойынша із кесу жарысына Владислав Киреев жолдама алған еді.
Ол 51-нөмірмен, көшбасшыдан 2 минут 49 секунд айырмашылығымен жарыс жолына шықты. Төрт ату айлағы бар жарыста Киреев төрт рет мүлт кетіп, көшбасшыдан төрт минуттан астам уақытқа артта қалып, 42-орында мәре сызығын кесті.
Швециялық Мартин Пансилуома жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды норвегиялық биатлоншы Стурла Холм Легрейд иеленсе, үздік үштікті франциялық Эмильен Жаклен түйіндеді.
Бұдан бөлек, фристайл-могулдан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Павел Колмаков Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетуін аяқтады. Параллельді могулдан 1/16 финалда қазақстандық спортшы Франция өкілі Артур де Вилокурды сенімді түрде жеңді.
Келесі кезеңде оның қарсыласы Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері канадалық Микаэль Кингсбери болды.
Ширек финалға жолдама алу үшін өткен жарыста тәжірибелі канадалық басым түсті. Осылайша, Қазақстан құрамасы фристайл-могулдан 2026 жылғы Олимпиада ойындарын аяқтады.