Жақында ғана туған күнін атап өткен Азия ойындарының чемпионы, тәжірибелі дзюдошы Дидар Хамза татамиге қайта оралды. Сары құрлықты мойындатқан спортшы Олимпиадада атой салсам деген арманын орындау үшін осындай шешім қабылдаған. Өзінің айтуынша, командалас әріптесі Ғұсман Қырғызбаевтың 30 жастан асқан тұста төртжылдықтың бас додасында жүлдегер атануы шабыт сыйлаған.
El.kz: Дидар, жақында туған күніңізді атап өттіңіз. Жаңа жасты қалай қарсы алдыңыз?
– Рахмет! Шынын айтсам, спортшы болған соң туған күнді ерекше атап өтемін деп айта алмаймын. Көбіне дәл осы ақпан айында жарыстарға дайындық немесе оқу-жаттығу жиындары болады. Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде туған күнім жарыссыз өткен емес. Сондықтан бұл күн мен үшін әдеттегі жұмыс күні сияқты. Биыл да отбасыммен қарапайым жағдайда қарсы алдық. Қазір басты мақсат – спорттағы нәтижеге көңіл бөлу.
Оқи отырыңыз:
El.kz: Соңғы бір жарым жылда спорттан алыстап, спорт мектебінде директор болып қызмет атқардыңыз. Өзіңіз спортқа оралып жатыр екенсіз. Бұл шешім қалай қабылданды?
– Иә, спортты біршама уақытқа толық тоқтаттым. Бір жылдай мүлде жаттығу жасаған жоқпын. Спорт мектебінде директор болып жұмыс істедім. Негізі өз салам болғандықтан қиын болған жоқ. Керісінше, тәжірибе жинадым. Бір жарым жылдың ішінде мектебімізден үш Қазақстан чемпионы, екі финалист, жеті қола жүлдегер шықты. Бұған дейін ондай нәтиже болмаған. Жаттықтырушылармен жүйелі жұмыс істедік, мықты мамандар тарттық.
Бірақ спорт – менің өмірім. Ғұсман Қырғызбаев ағамыз секілді жасы үлкен спортшылардың жоғары нәтиже көрсетіп жүргені мотивация берді. Отбасым да қолдау білдірді. Ал әкем: «Әлі жассың, мүмкіндігің бар», – деді. Сөйтіп, бәрін таразылап, қайта оралу туралы шешім қабылдадым.
El.kz: Сонда қай салмақта сынға түсесіз? Бір кездері 81 келіде белдесіп едіңіз.
– Иә, бұрын 81 келіде күрестім. Бірақ соңғы жарыстарда 90 келіге бақ сынап көрдім. Жас ұлғайған сайын салмақ қуу қиындайды. Маған 81-ге түсу үшін 10 келідей салмақ қуу керек, ал бұл денсаулыққа зиян. Сондықтан 90 келіге көштім. Өзімді бұл салмақта жайлы сезінемін.
El.kz: Ұлттық құрамаға қайта қосылу процесі қалай өтті? Себебі былтыр Семейде өткен ел біріншілігіне сіз қатысқан жоқсыз. Қазір құрама мүшесісіз бе?
– Ұлттық құрамаға кіру оңай емес. Қазақстан чемпионатында немесе халықаралық турнирлерде нәтиже көрсету керек. Қазір облыстың атынан жаттығып жүрмін, оқу-жаттығу жиындарына облыс қолдау көрсетуде. Жаңа жылдан бастап ұлттық құрамамен бірге дайындықтамын. Алдағы ірі турнир – наурыз айының соңында Хорватияда өтетін жарыс. Сол бәсекеде жақсы нәтиже көрсетсек, әлемдік додаларға жол ашылады.
El.kz: Құрама біраз жаңарды. 90 келіде де жастар көп...
– Қазір құраманың 70-80 пайызы – жас балуандар. Бәрі сол 20-ның айналасындағылар. Бірақ бәсеке болғаны жақсы. Бәсеке бар жерде нәтиже бар. Мен олар үшін тәжірибе жинауға мүмкіндік болсам, олар мен үшін – мотивация. Осылай бір-бірімізді дамытамыз.
El.kz: Ұзақ үзілістен кейін қайтадан екі мезгіл жаттығуға көшу қаншалықты қиын?
– Өте қиын болды. Алғашқы екі-үш айда дене де, психология да ауыр қабылдады. Үйде, жұмыста жүріп қалған соң режимге қайта кіру оңай емес. Бірақ 18 жылдық спорттық тәжірибе бар, ағза ұмытпайды екен. Қазір толық қалыпқа келдім десем де болады.
El.kz: Бұған дейін де мансабыңызда үзіліс болған еді. Азия ойындарынан кейін, яғни 2023 жылы спорттан кетті деген хабар естідік. Бірақ кейін Париж олимпиадасына іріктеуге қатысқаныңызды білеміз. Осы жайтты өзіңіз түсіндіріп өтсеңіз.
– Иә, Азия ойындарынан кейін шамамен жеті-сегіз ай жарысқа шықпадым. Сол кезеңде біраз мәселе болды. Маған француз мамандардың жаттықтыру тәсілі ұнаған жоқ. Бұл жайында бұрын да айтқанмын. Сол үшін жарыстарға да жіберілмедім. Негізі 2024 жылғы Олимпиадаға лицензияға жақын тұрғанмын.
El.kz: Сонда кім жібермей қойды?
– Біраз үзіліс алғаным федерация басшылығына ұнамады, «ұлттық құрама кіріп-шығып жүре беретін жер емес» деді. Ол кісілерді де түсінемін. Ал жарыстарға қатыспаған соң рейтингте түсіп қалдым.
Қазір басшылық өзгерді, жаттығу процесі де жүйеленген. Сондықтан қайта келіп, жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
El.kz: Сіздің жеке бапкеріңіз әкеңіз екенін білеміз. Спортқа қайта оралу туралы шешіміңізді ол кісі қалай қабылдады?
– Шыны керек, қайта оралуыма түрткі болған да – әкем. «Карьераңды әлі де жалғастыруға болады, күш-қуатың бар» деп дем берді. Спортта әкенің әрі бапкердің қолдауы ерекше ғой. Ол кісінің сенімі маған қосымша жауапкершілік жүктейді.
El.kz: Әкеңіздің сізден бөлек те ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен шәкірттері бар ма?
– Әкем – үш спорт түрінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақ күресінен Мәди Құрымбаев деген шәкірті 2006 жылы әлем чемпионы болды. Сонымен қатар Шадияр Қуандық есімді шәкірті Жапонияда өткен Сурдлимпиадада топ жарды. Жалпы, талай мықты балуандар тәрбиелеген. Мен – сол шәкірттерінің бірімін.
El.kz: Қазір ұлттық құрамадағы жаттығу процесі қалай жүреді? Сіз жаттыққан жылдардағы жүйемен салыстырғанда өзгеріс бар ма?
– Айырмашылық бар. Бұрын барлық салмаққа бірдей тапсырма берілетін. 60 келі ме, 90 келі ме – бәрі бір бағдарлама бойынша жұмыс істейтін. Маған ұнамағаны да сол. Қазір тәсіл өзгерген. Энцио Гамба – ресейліктердің әлемдік аламандарда үздік шығуына үлес қосқан бірден-бір маман. Жаңа команда әр салмақ дәрежесіне жеке жоспар жасайды. Жарысқа қатысатын спортшыларға бөлек дайындық бағдарламасы қарастырылған. Жүйе бар.
El.kz: Бірақ сол ресейлік мамандар келген кезде де көптеген сын айтылды. «Елдос Сметовтен ұтылып жүрген балуандар бізге не үйретеді?» деген пікірлер болды…
– Иә, ондай әңгіме айтылды. Бірақ ұлттық құрамада тек бір ғана маман емес. Бас үйлестіруші – әлемдік деңгейдегі тәжірибесі бар маман. Бәрі сол Гамбаның бұған дейін нәтижесін берген әдісі бойынша өрбиді. Соның арқасында Олимпиада чемпиондары шыққан, қазір біз сол жүйемен жұмыс істеп жатырмыз. Жаттығу процесі ғылыми тұрғыда құрылған. Сондықтан сыртқы пікірге емес, нақты жұмысқа мән береміз.
El.kz: Ұзақ үзілістен кейін команда сізді қалай қабылдады?
– Жақсы қабылдады. Көбі – бірге күрескен достарым. Спортта ондай болады: біреу шыңға шығады, біреу төмендейді. Бүгін сен мықтысың, ертең басқа спортшы алға шығады. Қазақстан ішінде қарсылас болсақ та, халықаралық аренада бір тудың астында өнер көрсетеміз ғой.
El.kz: Көп жылдан бері Елдос Сметов құраманың көшбасшысы болды. Бірақ әлі де Елдос секілді тұрақты өнер көрсететін балуан жоқ.
– Елдос ағамыз – ғасырда бір туатын спортшы. Олимпиаданың үш медалін алу – кез келгенге бұйырмайтын бақ. Әрине, өсіп келе жатқан мықты жастар бар. Болашағынан үміт күттіретін балуандар жетерлік. Бірақ Елдос ағамыздың деңгейіндегі спортшы – ерекше құбылыс.
El.kz: Олимпиада чемпионы атанғаннан кейінгі Елдос пен бұрынғы Елдостың айырмашылығы байқалды ма?
– Еш өзгермеген. Сол баяғы қарапайым, ашық, бауырмал. Жеңсе де, жеңілсе де қашпайды. Ең басты қасиеті – адамгершілігі. Көп спортшылар іштей «менен асып кетпесе екен» деп ойлайды. Ал Елдос ағамызда ондай қызғаныш жоқ. Қайта жастарға шын ниетімен ақыл-кеңесін береді.
El.kz: Бір сұхбатыңызда: «Бекзат Саттархановтан кейін Түркістаннан Олимпиада чемпионы шыққан жоқ, сол олқылықтың орнын толтырғым келеді» деген едіңіз. Бұл мақсат қаншалықты шындыққа жақын?
– Тоқсан пайыз мүмкін деп айта аламын. Екі Олимпиадаға қатыстым. Екеуінде де бірінші белдесуде мықты қарсыластармен кездестім. Бір Олимпиадаға жарақатпен бардым, екіншісіне аса дайын болған жоқпын, бір ай қалғанда ғана белгілі болып, шикі боп бардым. Егер толық дайындықпен, жарақатсыз барсам, жүлде алу мүмкіндігі өте жоғары. Шыңға дейін бардық, енді сол шыңның басына шығу ғана қалды.
El.kz: Бірақ «жасың келді, жол бер» деген сын айтылуы мүмкін. Париждің алдында Сметовке де солай айтылған. Мұндай сөздерге дайынсыз ба?
– Қазір толық дайынмын. Париждің алдында сол сөздерге дайын болмадым. Қазір сынға бола тоқтап қалуға болмайтынын түсіндім. Мақсатқа қарап, еңбек ету керек. Елдос ағамыздан кемі медаль күттік, бірақ Ғұсман ағамыз жүлдегерлер қатарына ілігеді деп ешкім ойлаған жоқ. Ал ол Олимпиадада қола жүлдеге қол жеткізді. Спортта жауап тек татамиде беріледі.
El.kz: Азия ойындарындағы алтын медальді еске алсақ. Сол финал сіздің мансабыңыздағы ең жарқын сәт пе?
– Әзірге солай. Ол кезде 81 келіге жаңадан ауысып жүрген кезім. Азия ойындарына нағыз бабымда бардым. Финалда соңғы секундқа дейін күрестік. Есеп 0:0 болып, ескерту арқылы жеңіске жеттім. Бұл – мен үшін тарихи сәт. Спорттық өмірімдегі ең есте қаларлық жеңіс.
El.kz: Ендігі мақсат қандай?
– Азия ойындарының алтыны бар. Бірақ әлем чемпионаты мен Олимпиада медалі жоқ. Сол екі жүлде жетіспей тұр. Соларды алсам, спорттық мансабымдағы басты мақсат орындалды деп айта аламын.
Бұған дейін Қазақстан дзюдошыларын алда қандай жауапты сындар күтіп тұрғаны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы туралы мақаланы мына сілтеме арқылы оқи аласыз.