Олимпиада ойындары - тек спорт мерекесі ғана емес, сонымен бірге антидопингтік ұйымдар үшін ерекше бақылау режимі енгізілетін кезең. Төрт жылда бір өтетін басты додаға допингке қатысты күдігі бар спортшылардың жіберілмеуін қамтамасыз ету - негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан Олимпиада қарсаңында және ойындар кезінде тексеру тәртібі әдеттегі жарыстарға қарағанда әлдеқайда қатаң болады. Италияда өтетін Қысқы Олимпиада-2026 да бұл тұрғыда ерекшелік емес.
Олимпиада төңірегіндегі антидопингтік бақылау жұмыстары Халықаралық тестілеу агенттігіне (ITA) жүктелген. Дәл осы ұйым олимпиадашыларды тексерудің барлық процесіне жауап береді. ITA Ойындарға арналған тестілеудің егжей-тегжейлі жоспарын алдын ала жариялап қойған. Бағдарлама екі негізгі кезеңнен тұрады: ойындарға дейінгі дайындық кезеңі және жарыс өтіп жатқан уақыттағы бақылау кезеңі. Негізгі мақсат — Олимпиадаға қатысуы мүмкін спортшыларды басталмай тұрып жан-жақты тексеруден өткізу.
Ойындарға дейінгі кезең 2025 жылғы 31 қазаннан бастап іске қосылды. Осы күннен бастап ұлттық антидопинг агенттіктері, халықаралық федерациялар және ITA спортшыларды әлемнің кез келген нүктесінде тексере алады. Тіпті әлі ресми іріктеуден өтпеген, бірақ жолдама алуы мүмкін үміткерлер де бақылауға ілігеді. Жоспарланған тест саны нақты жарияланбайды. ITA басқа ұйымдардың тексеруіндегі олқылықтарды анықтап, қосымша ұсыныстар беріп отырады. Алдын ала статистика Олимпиада басталар алдында, толық есеп ойындар аяқталған соң шығады.
Бұл кезеңде ерекше назар күмәнді мінез-құлық белгілеріне аударылады. Мысалы, спортшы тұрған жері туралы мәліметті жиі өзгерте берсе немесе жарыстан тыс алынған сынамаларынан жарыс кезінде тыйым салынатын заттар табылса, ол күшейтілген бақылау тобына енгізіледі. Себебі мұндай жағдайда жарыс кезіндегі сынаманың да теріс нәтиже көрсету қаупі жоғары деп есептеледі.
Маңызды бағыттардың бірі — терапиялық ерекшелікке рұқсат (ТИ) рәсімі. Бұл — медициналық негіздеме арқылы тыйым салынған препараттарды қолдануға берілетін ресми рұқсат. Өтінімдер ойындарға дейін қаралып үлгеруі үшін спортшыларға жаңа ТИ құжаттарын 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тапсыру ұсынылған. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өтінімдер тікелей Олимпиада ауылындағы ITA кеңсесі арқылы қабылданады.
Ойындар кезіндегі кезең Олимпиада ауылы ашылған сәттен жабылғанға дейін жалғасады. Осы уақытта шамамен 2200 допинг-бақылау рәсімі өткізіліп, 3000-ға жуық сынама (зәр, қан, құрғақ қан тамшысы) жиналады деп жоспарланған. Жұмысқа 150 инспектор, 400 ілесіп жүруші қызметкер тартылады. Спорт нысандары мен Олимпиада ауылдарында 23 допинг-бақылау бекеті жұмыс істейді.
Бұл кезеңнің басты ерекшелігі — спортшы тәуліктің кез келген уақытында тексерілуі мүмкін. Тіпті түн ортасында да. Кәдімгі жағдайда 23:00 мен 05:00 аралығында тексеру жүргізілмейді, ал Олимпиада кезінде бұл шектеу қолданылмайды. Сондықтан қатысушылар үнемі дайын болуы тиіс.
Барлық жиналған сынамалар Римдегі зертханада талданады. Италия бұл зертхананы Олимпиадаға әзер дайындап үлгерді. Бұрынғы нысан шағын болған: небәрі 400 шаршы метр және 25 қызметкер ғана жұмыс істеген. Жаңа ғимаратқа көшу, жабдықтау және қайта аккредитациядан өтуге қомақты қаржы мен уақыт қажет болды. Соның нәтижесінде 2026 жылғы 21 қаңтарда, Олимпиада ауылы ашылардан он күн бұрын, зертхана толық іске қосылды. Қазір ол жылына 25 мыңға дейін сынама тексере алады, ал ойындар кезінде тәулігіне 200 сынамаға дейін өңдеуге қауқарлы. Жарыс сынамалары, әдетте, 24 сағат ішінде тексерілуі керек — бұл жүлде оң нәтиже шыққаннан кейін кері қайтарылатын келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін қажет.
Олимпиадада алынған сынамалардың бір бөлігі ұзақ мерзімге сақтауға жіберіледі. Әдетте жүлдегерлердің немесе күмән туғызған үлгілер Лозаннадағы арнайы зертханаға тапсырылады. Онда −70°C температурадағы мұздатқыштарда қатаң қолжетімділік бақылауымен сақталады. Бұл сынамаларды 2036 жылға дейін қайта тексеруге болады. Бұған дейін осындай қайта талдау Рио-2016 ойындарының бірнеше допинг жағдайын кеш анықтауға мүмкіндік берген. Сондықтан Италиядағы Олимпиада-2026 нәтижелері де алдағы он жыл бойы қосымша бақылауда болады.