Олимп жолы: Руфина Искакова олимпиадаға қызу дайындық үстінде

13 Маусым, 08:09 689

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейлінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалуда. Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – каноэ мен байдаркада ескек есу өкілі Руфина Искакова. Отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын сәуір айында Жапонияда өткен Азия чемпионатында жеңіп алды.

Бұл – 20 жастағы спортшының алғашқы Олимпиадасы. Руфина каноэ мен байдаркада ескек есу спортымен 13 жасынан бері айналысып келеді. Ол ең алғаш жүзу спортымен шұғылданғанын, кейіннен жаттықтырушысы байдаркада ескек есіп көруді ұсынған айтады.

Жүзу спортында жүргенімде бір күні жаттықтырушым ашық суда ескек есіп көруді ұсынды. Өте қызық спорт түрі болғандықтан, мені бірден өзіне баурап алды. Міне, содан бері каноэ мен байдаркада ескек есіп келемін. Әрине, алғашында бәрі қиын болды. Бірақ тәжірибелі бапкерлерімнің арқасында бұл спорт түрін еркін меңгеріп кеттім. 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысқан әріптестерімнің жарысын теледидар арқылы тамашалап отырып, алдыма «келесі Олипиадаға мен барамын» деген мақсат қойдым. Арада көп уақыт өтпей сол арманыма қол жеткіздім, – дейді жас спортшы.

Руфина ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтарға еліктеп өскенін жасырмайды.

13 жасымда ескек есу спортына келгенімде ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтар Азия ойындарының, Азия чемпионаттарының және халықаралық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері ретінде еліміздің даңқты спортшылары болатын. Сол кісілерге қарап бой түзеп, ірі жарыстардың жеңімпазы болуды армандадым. Былайша айтқанда, Емельяновтар – осы спорт түріндегі үлгі тұтар спортшыларым болды, – дейді Руфина Искакова.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Руфинаны болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі деп есептейді.

Руфина Искакова 2021 жылдан бері ұлттық құрама сапында жаттығып келеді. Аз уақыттың ішінде үлкен нәтиже көрсеткен талантты спортшыларымыздың бірі. 2023 жылы Италияда жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін асырды. Өте мінезді, кез келген қиындыққа шыдамды. Соның арқасында ол үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді, – дейді бас бапкер.

Бұл – Руфинаның алғашқы Олимпиадасы әрі жас спортшы болғандықтан бар жауапкершілікті оның мойынына жүктегіміз келмейді. Спортшыға берілетін тапсырма – Олимпия ойындарына қатысып, финалдық кезеңдерге шығу және тәжірибе жинау. Әрі қарай бағы мен бабына байланысты болмақ, – деп атап өтті мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Сұлтанбеков.

Руфинаның өзі Парижге тек алтын үшін баратынын айтады.

Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ деген сияқты, Олипиада чемпионы болу – кез келген спортшының ұлы арманы. Сондықтан мен де Парижге тек алтын үшін, еліміздің Әнұранын шырқату үшін барамын. Олимпиаданың жүлдесін жеңіп алу үшін еңбектеніп, жаттығу жасап жатырмыз. Сәтін салса, бұл еңбегіміз ақталады деп сенемін, – дейді спортшы.

Зарина Арман
Бөлісу: