«Отан – отбасынан басталады» дейді. Алайда сол Отанды құратын отбасылардың шаңырағы жыл өткен сайын жиі шайқалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жыл сайын артып келеді. Елімізде адам құқығы қаншалық деңгейде қорғалады? Қазақстан бала үшін қаншалық қауіпсіз ел? Өткен аптада Сарыағашта және Алматыда орын алған оқиғалар халықты есеңгіретіп кетті. Заңда әлі де көп шикілік бар екенін, қоғам үшін көп өзгерістер жасау керек екенін әшкере еткендей болды. Көкейдегі көп сұрақтың жауабын алу үшін El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің басшысы Сабыржан Сейтжановпен әңгімелесіп қайтты.
– Құрметті Сабыржан Жарылқағанұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын, зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту керегін айтты. Президенттің осы тапсырмасы негізінде қандай жұмыстар атқарылды?
– Рақмет, өте өзекті сұрақ. Айтқаныңыздай 2022 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту керегін айтқан болатын. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге арнайы түзетулер әзірлеп, ол Парламентте мақұлданып, Президент биыл наурыз айында қол қойды. Аталмыш түзетулер мыналарды көздейді: Біріншіден, өтініш берудің тұрмыстық құқықтық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшуге мүмкіндік береді. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жәбірленушілердің өтінішінсіз – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша қозғауға мүмкіндік береді. Бұрын арыз болуы керек еді. Екіншіден, тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Енді сотта 1 рет қана татуласуға болады. Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.
Біздің адам құықтары жөніндегі ұлттық орталық өз құзыреті шегінде, Заң жобасы аясында өзінің ұсыныстарын берген болатын. Өз басым Президенттің тапсырмасы орындалды деп есептеймін.
– Өткен аптада Сарыағашта және Алматыда орын алған оқиғалар еліміздегі балалардың жағдайын әшкере еткендей болды. Сарыағаштағы бес жасар қызға қатысты жайт әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Ашынған халық ату жазасын енгізу туралы айтып жатыр. Бұл туралы не дейсіз? Осы оқиғалардан соң ату жазасы енгізілуі мүмкін бе?
– Әрине, өте өкінішті, адам ойына симайтын қылмыс жағдай болды. Әуелі бүлдіршіннің ата-анасына көңіл айтқым келеді.
Біздің ойымызша, өлім жазасы елдегі қылмыс деңгейіне түбегейлі әсер ете алмайды. Өлім жазасына қарғанда бас бостандығынан өмір бойы айыру әлдеқайда ауыр жаза деп есептеймін. Себебі көкейінде бостандық туралы үміт қалмайды. Қалған өмірінің түрмеде аяқталатынын білетін болады.
Қазіргі әлем қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза актісі ретінде өлім жазасын батыл қабылдамауды жалғастыруда. Еліміздің өлім жазасын жоюға біртіндеп келуі адам құқықтарын сақтау, мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде адам өмірін тану үшін түбегейлі мәнге ие.
2021 жылдың басында Қазақстан өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Бұл құжат 1989 жылдың желтоқсанында Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясында қабылданған болатын. Өлім жазасын қабылдау керек деу, менің ойымша, эмоциямен айтылатын сөз.
– Жаңа өзіңіз «Енді сотта 1 рет қана татуласуға болады» деп айтып қалдыңыз. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстың көпшілігінің тарихына үңілсек «тараптар өзара келісті» деген шешім бар. Адам денсаулығына зардап келген немесе адам өлімі болған оқиғада «екі тарап өзара келісімге келді» деген шешім шығару қаншалықты дұрыс? Жәбірленуші мен қылмыскер өздері шеше беретін болса, бізге заңның не керегі бар? Заң қызметкерлері не істеп отыр?
– Иә, жоғарыда айтқадай Заң жобасы күшіне енгенге дейін ондай тәжірибе болды, ол өзіміз көріп отырғандай теріс әсерін тигізді. Дегенмен қазір, Заң жобасы күшіне енген күннен бастап тараптар сотта мәмілеге келуге ниет білдірсе бір рет қана татуласа алады. Осыған орай бұл тәжірибе жойылады деп үміттенеміз.
– Статистикаға сүйенсек, 18-75 жас аралығындағы әйелдердің шамамен 17%-ы күйеуінің (жұбының) қол көтергенін, сексуалды зорлық-зомбылықты басынан кешіргенін айтқан. Алайда олардың көбі әртүрлі себеппен полицияға шағымданбайды. Бұның себебі неде? Заңды тұрғыдан сауатсыздық па? Әлде жаңа айтқанымыздай екі тарап келісімге келе ме?
– Бұның әртүрлі себептері бар. Кейбір адамның өз құқығын қорғауға білім деңгейі жетпейтін болуы мүмкін. Көп адам ұят болады, туысқандар, ауылдастар не дейді деп бас тартып жатады. Ажырасып кетсем қалай болады деп бала-шағасын ойлайды.
Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық, құқық бұзушылықтар жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам қабылдайтын шараларға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы шешілмей келеді.
Бүгінгі таңда заң шығарушы құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтауыш сипатына өтуді, тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмауды, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді қарастыруда.
Қазақстанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің одан әрі стратегиясын айқындау, оның ішінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және жәбірленушілерге кешенді қорғау мен көмек көрсету жүйесін құру мақсатында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленуде. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Құқық қорғаушыларды қорғау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының шеңберінде аталған жоспарға ұсыныстар әзірленудеміз. Осы ұсыныстар қабылданса құқық қорғауда өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.
– Өзіңіз айтып отырғандай отбасылық зорлық-зомбылық жыл сайын артып келеді. Бұның алдын алу мүмкін емес. Себебі, біз оның салдарын жоюға тырысып, себебін іздемейміз. Осы мәселенің Қазақстанда неге сонша өршіп тұруының себебін кім іздейді? Зерттейтін арнайы орталықтар бар ма? Оларға не жетпейді? Тұрмыстың тауқыметі ме, жоқ психологиялық ауытқу ма?
– Өте жақсы сұрақ. Ең өзекті мәселе – себептерін анықтау керек. Қабылданған тұжырымдамалар негізінде себептерін анықтайтын боламыз. Талдау жасайтын мекемелер бар шығар, дәл қазір мынау деп айтуға дайын емеспін. Біздің жұмыс топтың құрамына мемлекеттік органдардан басқа үкіметтік емес мекемелер, адвокаттар алқасының өкілдері кіреді. Жұмыс тобының отырысында біз осы мәселенің себебін анықтауға тапсырма берген болатынбыз. Ол кісілер бұл мәселенің неден туындап жатқанын өте жақсы біледі, себептерін толыққанды анықтап шығады деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша Қазақстан қаншалықты қауіпсіз ел?
– Біздің ел қауіпсіздік бойынша 97 орында тұр. Көріп тұрғандай әлдеде бізге талай жұмыс атқару қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!