Олар интернетсіз өсті, бірақ енді экономиканы билеп отыр

Олар интернетсіз өсті, бірақ енді экономиканы билеп отыр

1965–1980 жылдары туған Х буынының өкілдері қазіргі тұтыну нарығының басты қозғаушы күшіне айналып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мұндай қорытындыға Nielsen халықаралық зерттеу компаниясы өз зерттеу нәтижесінде келген. Сарапшылардың бағалауынша, тек АҚШ-тағы Х буынының өкілдері 2025 жылы тауар мен қызмет түрлеріне жалпы 15,2 триллион доллар жұмсамақ.

Зерттеуде атап өтілгендей, Х буыны тұрақтылықты жоғары бағалайды, шешімдерді көбіне жеке тәжірибесіне сүйеніп қабылдайды және импульсивті сатып алулардан аулақ болуға тырысады.

Ал одан кейінгі ұрпақтар - Y (миллениалдар) мен Z (зумерлер) - өзгеше тұтынушылық мінезге ие. Миллениалдар жаңа әсер мен тәжірибе іздесе, зумерлер көп жағдайда шешім қабылдауда қоғамның пікіріне сүйенеді.

Nielsen есебінде Х буынының бірегей ерекшелігі де атап өтілген: олар интернетке дейінгі дәуірді көріп өскен, бірақ цифрлық технологияларды тез меңгеріп, онлайн және офлайн арналарды қатар тиімді пайдалана алады.

Сарапшылардың пікірінше, осындай әмбебап тұтынушылық көзқарас нарықтың дамуын жеделдетіп, экономикалық өсімді ынталандырады.