Оқу-білім, мәдениет тақырыптарының Кәшімов жазбаларындағы көрінісі

2 Қыркүйек 2017, 11:21 8733

Мұхаметсәлім Кәшімовтың публицистикасы

ХХ ғасырдың  бас кезінде қазақ баспасөз беттерінде әйел теңдігі мәселесі мейлінше өріс алды. Қазақ ағартушылары әйел мәселесін қоғамдық өмірдің тікелей даму қарқынынан туып отырған жер, дін, ағарту тәрізді ірі-ірі проблемалардың қатарына көтерді. Осыған орай баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларда қазақ әйелінің басындағы ауыр тағдыр жан-жақты суреттеліп, оның шешімін табу жолы іздестірілді. Қазақ ақын, жазушылары әйел тағдырының көлеңкелі тұстарын әртүрлі суреттеді.

Демократ ақын, жазушылар С. Көбеев, М. Көпеев, М. Сералиндер әйел еркіндігі, теңдігі жөніндегі мәселелерді кең көтеріп, өздерінің туындыларын осы мәселемен байланыстырғаны белгілі. Әйелдердің аянышты тағдыры, малға сатылып, өздеріне тең емес кәрі шалдарға баруы көзі ашық оқымысты қазақты ойландырмай қоймады. Сондықтан заманның әділетсіз, озбырлық заңдарына тосқауыл қою мақсатында жазушыларымыз шығармаларының бірінде қазақ қыздарының тағдырын қайғымен аяқтап, ата-анаға ой салса, ал екінші шығармасында қыздардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан аттап, сүйгенімен қашып, бас бостандығы үшін күреске бел буғандығы арқау болады. Әрине, патша үкіметінің билеп-төсеу заңы асқақтап тұрған сәтте мұндай мазмұндағы шығармалардың тууын ерлікпен теңестіруге болады.

М.Кәшімовтің әйел тақырыбына арнап жазған туындысы – 1908 жылы жазылған «Сұлу қыз» дастаны. Бұл дастанды бозбалалардың өтініші бойынша жазған. Дастан сәлем хат, наме үлгісінде жазылып, сүйіспеншілік, махаббат сырын шертеді. «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» кітабына енген М. Жармұхамедов мақаласында дастан жөнінде: «ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетімізде туып қалыптаса бастаған сюжетсіз поэманың алғашқы бір көркем үлгісі болып табылады», - деп жазып, осы дастаннан үзінділер келтіреді.

Бұл үзінділерде М.Кәшімов сұлу қыздың махаббатын ашып көрсетуде гүл мен бұлбұл, көбелек сияқты теңеулер қолданған. Сұлу қыздың бейнесін сомдауда махаббаттың асыл үлгісі болып қалған Қыз Жібектің образын да көз алдымызға келтіреді.

Мұхаметсәлім Кәшімовтың екінші шығармасы – «Мұңлы Мәриям» романы. Бұл роман 1914 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. Ол: «Бұл роман «Мұңлы Мәриямның» бастан-аяқ осы күнде бір үлкен драмаға жеткен соң, азырақ қағаз жүзінде жүргізіп, көңілімізге зор қадірлі махаббатты болған Алаш ұлына ғибрат үшін жазып өтуді лайық көрдім», - деп жазады. Ақын романында қалың мал мәселесін, қазақ халқына зиянын тигізіп отырған жер дауы, жесір дауы, әмеңгерлік, барымта сияқты кертартпа ғұрыптарды сынға алды. Жазушы осындай надандықтың құрбаны болған Мәриямның тағдыры арқылы қазақ қыздарының мұң-зарын, аянышты халін бейнелеп берді. Мәриямның мұң-зары мен арман-мүддесі өлең жолдарымен беріледі. Ескі салт, көне әдет-ғұрыпқа қарсы батыл әрекет ете алмаған Мәриям образы арқылы қазақ қыздарының басындағы қайғы-қасіретін ашып көрсетуге тырысады.

Мұхаметсәлім қазақ қыздарының езіліп, еңсесі түскен тағдырын суреттеумен бірге, сол қыздардың аянышты өміріне душар еткізіп отырған Нұрқанды бар әрекетімен танытты. Баю мақсатында ағасы Нұрғалидың қызы Мәриямды бір емес екі жерге өз ырқынан тыс ұзатып, ақыры қыздың обалына қалған Нұрқанның рақымсыз мінезін сипаттайды. Өз бостандықтары үшін күресе алмаған Мәриям мен Ғалымның дәрменсіз халдерін көрсету арқылы барлығына кінәлі «Қалыңмал» екендігін түсіндіреді.

Жазушы романда реалды өмірді, шын тұрмысты суреттей отырып, сол арқылы жастарға ескіден жирен, оған қарсы күрес аш, өнер, білім, ізде деген сияқты жолдарды таңдауды ұсынады. Романда кейіпкерлер хат жазысып, сөйлесу ретімен келтірілген. Жазушы бұл романында тек ғашықтың әңгімесін, екі жастың арасындағы әңгімені ғана баяндап қоймай, сонымен қатар, халықтың тұрмыс-салтын, тіршілігін де суреттейді.

Халық поэзиясына тән көркемдік құралдарды М.Сералиннен өзге ақындар да мол пайдаланды. Әсіресе, сұлу қыз, ғашық жарды суреттеуде халық поэзиясының көркемдік арсеналынан  нәр алмаған, ақын кемде-кем.

Болғанда бетің айдай, белің қыпша,

Сөзің бар сөйлеп кетсең тал бұлбұлша, (М. Кәшімов)

Дегендегі қыз бетінің айға теңелуі, сондай-ақ қыпша – тұрақты эпитеті мен бұлбұл – метафорасы ауыз әдебиетіндегі қалыпты сипаттарын сақтай қолданылған. Шығарма авторының белгілілігі болмаса, оны халық өлеңдерінен ажырату мүмкін емес.

М. Кәшімовтің қыз туралы өлеңдеріндегі негізгі тәсілдердің бірі – халық поэзиясындағы тұрақты эпитеттерді барынша мол қолдану арқылы сұлу қыздың бейнесін жасау. Тұтас алғанда, осы бейнелеу тәсілдің өзі халық поэзиясындағы өнімді көркемдік принциптердің бірі боп табылатыны баршаға аян.

Сүмбіл шаш, түйме басың, майдайың ақ,

Алтыс қас, күміс кірпік, гауһар қабақ.

Айнадай екі көзің жарқырайды,

Беті алтын, пісте мұрын, мамық тамақ. (М. Кәшімов)

М. Кәшімовтың қазақ елін, әсіресе, жас балаларды өнер-білімге, үлгі-өнеге алуға шақырған бір топ кітаптары бар. Оның «Әдеп», «Үгіт» кітаптары 1907 жылы жазылып, Қазан қаласындағы Император Университетінің баспаханасынан жарық көрсе, ал «Ақыл кітабы» мен «Насихат қазақия», «Тәһаратты қалай алу керек» деген кітаптары 1908 жылы «Ағайынды Кәрімовтардың» баспаханасында басылып шықты.

Педагогикалық көзқараста жазылған «Әдеп» кітабы жастарды ата-ананы қадір тұту, құрметтеу, оқу-білімге, мәдениетке шақырды. Кітап 31 тақырыпшадан тұрып, әр тақырыпша жас баланың тәрбиесіне қажет мәселелерге арналды. Бұл еңбегінде ол қазақ халқының арасында насихатты жақсартып, тәлім-тәрбие санасын көтеру хақын сөз етеді.

М. Кәшімов ата-ана мен бала арасындағы, бала мен ұстаз, бала мен қоршаған орта айналасындағы сыйластық пен қарым-қатынас мәселелерін ашып көрсетуге, балаларға оқудың маңызын, қажеттілігін дәлелдеуге тырысады. Мұхаметсәлім бала тәрбиесіндегі кемшіліктер мен тазалық мәселелеріне арнайы тоқталады. Мәселен, «Көз әдептері», «Ауыз әдептері», «Құлақ әдептері» бөлімдерінде жағымсыз қылықтар мен істерден балаларды сақтандыра отырып, тәрбиелік ақыл-кеңес береді. Жалпы оқу, ғылымның жұртқа тигізер пайдасы мен игі-ықпалын көрсете келе, әдеп пен ақылды егіз ұғым деп қарастырады. «Әдепте» адам бойына қалыптасқан адамгершілік, әдеп, моральдық принциптерін жоғары ұстаудың аса маңызды екендігі жан-жақты тұжырымдалады. Ал «Үгіт», «Ақыл кітабы» жинақтарында достық-жолдастық, әдеп, тазалық, адамгершілік сияқты қасиеттер сөз болады. «Үгіт» кітабында    М. Кәшімов оқу-білім алуға, ата-ананы қадірлеуге шақырып, жақсы мен жаманды қалай айыру қажеттігін саралап ашып берсе, «Ақыл кітабында» ғылымның, білімнің адам баласы үшін пайдасы зор екендігін түсіндіріп, ғылымды оқыған баланың орнын ерекше бағалап, өзге балалардан артық тұтты. Оқу дариясынан сусындап, асыл қасиеттерді бойға жиюға машықтану қажеттігін баса көрсетеді.

«Насихат қазақия» кітабында құр бос жүрмей жасөспірімдерді надандық құрсауынан шығып, игілікті істерді игеру қажеттігін айтып, адам өміріне қажетті кәсіптерді игеруге үндеді. Жалқаулық, пасықтық, тоғышарлық пен тоқмейілсуге, жалпы надандық атауына қарсы шығады. Ол халықтың алдындағы ең басты, маңызды міндеттердің бірі – жас буынды жаңаша оқытып тәрбиелеу мәселесі деп тұжырымдайды. Бұл тұжырымын «Айқап» журналына жариялаған мақалаларында да көтеріп, қыз балалардың оқу ісіне де көңіл бөлу қажет деп санады. «Әуел қыздарымызды оқытпақ. Неге десеңіз, бұлар ана болып, бала тәрбие қылушыларымыз. Пайғамбарымыз Сали алла Ғалиуссалам дүния ғылымы былай тұрсын, дін ғылымында анадан алуға қосқан», - дей келе, қыз баланы оқытуға ата-анасының ықыластығы жоқтығын айтады. «Кейбір оқытушылар болса да қыз балалары біраз ғана оқып, намаздың ниеті, ылтихат тағы да бір-екі қысқа сүре білсе, бір-екі дұға білсе, ойбай намаздығын білді деп қайтып оқытпайды. Жазба жазып, хат танып, молла болар десең, қыз балаға хат танудың керегі жоқ деп біледі. Не үшін десең «бұзылуына себеп болады» дейді», - деп келтіріп қыз балаларын оқытып қатарға қоспай, ғасырлай бойға надандық шырмауынан құтыла алмайтындығын баса көрсетеді. Сондықтан «Ұлдарымыз сияқты қыз балаларыңызды да оқыт. Оның үшін балаларың оқып молла болса, Алланы таниды. Адал, арамды айырады», - дейді. Мұхаметсәлім қыз баланың тағдырына да аса көңіл бөлу қажеттігін көтерді. Қалыңмал індеті құрымай қыз баланың көзінің ашылуы екіталай екендігін дәлелдейді. Осынысымен М. Кәшімовтың әдеби, педагогикалық еңбектерінің тәрбиелік маңызы зор.

М. Кәшімовті дін-шариғат қағидаларын, тазалықты баяндайтын – «Таһарәт қалай алу керек?» деген кітабы. Бұл кітап сауал, жауап берумен жазылған, яғни намаз оқуда адам бойының тазалығы, оның орындалатын басты шарттары мен парыздарының нақтылай сұрақтар қойылып, соған тән жауаптармен қайтарылады. Мәселен, «Таһарәттің парызы нешеу?» деген сауалға «Төрт үлгісі бетті жумақ, екіншісі екі қолын жумақ тірсектерімен, үшінші бастың тәртіппен сипамақ, төртінші екі аяғын жумақ тобықтарымен», - деп жауап береді. Бұл кітабында ол  жас баланың кішкентайынан бойын таза ұстап, қандай істерден аулақ болып, қандай істерді берік ұстау қажеттігін түсіндірді.

Кәшімов қалам тербеген кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі ретінде қазақ елінің арасындағы сапасыз, мақсұты нашар, пайдасыз әдеттер жайлы айтып өтпесе болмас. Қазақ елінің мәдениет жүзінде басқа жұрттардан гөрі анағұрлым артта қалып, адам баласының өміріндегі дәуірдің алғашқы басқышында ғана тұрған кезең еді. Осымен қабат жұрт арасында бекіп қалған адам сенбейтін залалды ғұрып, ретсіз әдет толып жатыр. Қазақтың тұрмысындағы білімсіздікпен тәртіпсіз түрде істелетін шаруа құрылысында да көп кемшілік бар. Одан басқа ескіліктің таңбасы ретінде басылған, аса өмірлік болып қайнасып бітпесе де, дін жағынан құдіретшіл күшті сенімге билеткен әдет, партия, ұрлық, кісі сату сияқты орынсыз ғұрыптар болды. Осы саналып өткен керексіз әдет, пайдасыз ғұрыптар мен майдан ашатын орын мәдениет жолымен тұрмыс айнасы болуы керек деген қорытындыға келді. Осы айтылған орындармен салыстырылып келгенде олардың білім-ғылым жағынан анағұрлым артықшылығы бар екенін және адамның сезімін көтеріп, көңілін оятатын орын – кино көрсететін мәдениет үйлері екенін айта кеткен жөн. Сондықтан, билік өкілдері халықтың бос уақытын осы мәдениет үйлерінде өткізгені дұрыс деп білді.

Мәдени-ағарту жұмысында оқу үйлерін, кітапханалар, клубтар, театрлар және басқа мәдени ошақтар ашу, кітаптарға арнап әдеби пьеса жазу ісін қолға алу үшін қазақ зиялылары тартылды. Осы орайда, ашылғалы жатқан мәдени ошақтарға арнайы қазақ әртістерін үйретіп шығару да көтеріле бастады. Қазақ ұлт театрының құрылуын бастапқы кезде жергілікті халық түсінбеді. Оны ойын-сауық ретінде қабылдап келген жұртқа театрдың не екенін түіндіру аса қажет еді. Осы мәселені көтерген қаламгерлердің бірі – Кәшімов. «Керексіз әдет һәм театр (ойын үйі)» мақаласында: «Тұрмыс айнасы дегеніміз дүниеде болған оқиғаларды сынап, жұрттың мінезін сол мінезді істеп отырған елдің өз алдына салып өтіп, жақсысын жандандырып, сүйіндіретін, жаманшылығына қатесін көріп күйіндіретін, ой туғызатын халық үйі – театр орны. Адам баласының басынан өткен дәурен үстіндегі өмірдің сүгіретін, болып жатқан ғылым-білімнің табыстарының өлшеуішін көрсететін тағы сол көпшіліктің басын қосатын бос мезгілдің сағатын өткізетін орын – театр үйі», – деп түсініктеме береді. Сондай-ақ, театр: «Ескілікті жойып, қатені түзететін адам баласының мінездерін сыннан өткізіп, ой түсіретін керексіз әдеттерді машықтандырмай, жарыққа сүйрейтін сезімді оятып, ғылым-білім һәм саяси тәрбие беретін қазақ еңбекшілдеріне керекті орын» ретінде сипатталды және халық оны солай қабылдады.  1920 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен Семейде құрылған «Ес-аймақ» атты қоғам өлкеде сауық кештерін ұйымдастырып, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті еткен. Бұл кезеңде театр тақырыбы қызу пікірталастардың ортасында болған еді. Театр өнері қазаққа жат боп көрінді. Бұл өнерді кеңінен тарату мақсатында үлкен ізденістер қажеттігі, жұмыла кірісіп еңбек ету керектігі бірқатар мақалалардың тақырыбына арқау болды. Алғашында зиялы қауым, оқыған азаматтар тобы: «Наданшылық ретінде өңгеге жол бермейтін, ағарту ісінде өңгеден гөрі артта жатқан қазақ елінің арасындағы екпінді істің осы театр әдістерін атқаратын орын, жұрт үйлері де жоқ», – деген сарындағы сындар айта бастады. Уақыт өте келе театрлар қатары артып, оған берілетін ғимараттар құрылысын жүргізу қолға алынды. 1922 жылы Семейдегі ойын-сауық үйірмесі кішігірім драма труппасына айналып, бұл жерлерден Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин және тағы басқа әртістер қанаттанып шықты. Ірі қалалардан да басқа губерния, уездерінде түрлі сауық орындары, үйірмелер және клубтар ашылды. Дегенмен бұл үйірмелердің репертуары жұпыны болды. Нағыз көрермендер тамашалайтын қойылымдар жетіспеді. Театрға деген қызығушылық күн санап арта түскендіктен, жаңа пьесалар, мағыналы қойылымдарға деген сұраныс артты. Осы тұста пьесаларға қойылатын талаптар сөз бола бастады. Халықаралық тәжірибеде қолданысқа енген, тіпті дамыған өнер саласы ретінде танымал театр өнерінің қазақ халқы үшін ауадай қажет мәдениет пен әдебиетті насихаттаушы құрал ретінде бағаланған шағында көптеген авторлар осы мәселе төңірегінде қалам тербеп, театрдың проблемалық тұстарын жиі көтеріп жүрді. Осы істе еріншектікке салынбай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бүкіл ел, қауым болып, театр өнерін өркендетуге атсалысуымыз қажет деген ұрандар тасталды. Газеттерде театр ашу ісін қолға алу жиі көтерілген. Театр еңбекші қазақ елінің жанды айнасы ретінде есептелінді. Белсенді еңбекшілер: «Адам баласының сезімін қозғалтып, мәдени жағынан көзін ашып, осы уақытқа дейін машықтанып келе жатқан әдеттерін жоғалту ісі осы театр арқылы жүргізуді бізден жоғары елдер де қолданып, пайдаланып отырды. Оған қосымша оның ескіліктің орнына беретін жаңалығын жаманшылықтың орнына енгізетін жақсылығын айтып та өттік. Һәм айта берсек, толып та жатыр. Бұл сөздің басталуы ғана іске қолма-қол қатынасу тақырыбы тағы жазылар һәм басқалар да қозғар.

Әрине, «театр ісі керек емес» деп ешкім де айта алмас. Бірақ оны іс жүзіне асырып, екпінді түр беру шарт. Әсіресе, қаланың аймақтарында бұл жұмысты бастау дұрыс.

Сондықтан менің айтып өтетінім: театр (клуб) үйін жасап, оның жұмысын атқаратын адамдардың ұйымын жасап, іске тез кіріскен жөн», – деген байламдарын айтып, бұл іске бар ынтасымен кірісуге дайын екенін білдіріп жатты. Осы тұста мәдениет үйлерінің құрылысынан бөлек, ондағы актерлердің ойыны, қойылымның шығармашылық мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптар күшейіп, сценарийдегі қателіктер мен кемшіліктер өткір сынға ілікті. «Театр кітаптары турасында» атты мақалада: «Пьеса тұрмыстан алынады. Болған оқиға көрініспен аңдатылады. Бұл – талассыз ақиқат. Екінші, пьесадан көзделген мақсат болу керек. Ойындағы көрсетілген оқиға бастан аяғына шейін сол мақсатты ашу жөн. Ойын ойналып біткен уақытта көзделген мақсат айқын көрініп, халық одан ғибрат алғандай болсын. Көрсетілген оқиға тыңдаушының қиялын өзіне бұрып, қисық түсіндіруін түзегендей болсын», – дей келе, театрға артылған мақсаттың жауапкершілігін көрсетіп өтеді. Қазақ еңбекшілдері өз алдына ел болып, оқыған жастары көбейген сайын қазақтың жазба әдебиеті де көркейіп, пьеса кітаптары да жарыққа шықты. Қысқасын айтқанда, пьесалар қиялды өрлеткені сияқты ахлақты, түйінді түзеуге жәрдем етуді көздеген еді. Халықты жинап, ойын көрсетудегі мақсат: олардың ақшасын алу, бойын көтеру ғана емес, олардың ой көзін де ашуға талпынды. Театр адамға жазусыз сабақ болуы тиіс деген ұстанымда үлкен еңбектер атқарылды.

Дүниедегі жаңалықтан бейхабар, тереңге ой жүргізбеген біздің жұртқа театр тіпті жаңа, үлкен сабақ болғаны анық. Осы мәселені терең зерттеп, кеңінен насихаттауды мақсат еткен материалдар Мұхаметсәлім жазбаларында жиі көтерілгенін айттық. Қаламгерлер театрдың халыққа беретін ғибратты сабағы пайдалы болып шығуы үшін көп шарт керек екенін ескертіп, баланың бойына шақтап киім тігіп, ойына шақтап сөз сөйлегені сияқты оқымаған халыққа жазылған кітап солардың ойына шақталып жазылуы керек деген пікірді ұстанды.

Енді бірде: «Орыс жұрты мәдениет жүзінде қазақ халқынан анағұрлым алда. Олардың театры сол мәдениетті жұртта лайықталып жасалған, пьесаларының мағыналары терең. Біздің қазақ жазушылары терең пьесаларды еліктеп жазып, оны қазақ бұқарасына көрсетпек болса, алпыстағы шалдың күпісін алты жасар балаға кигізем деген болады», – деп орыс пен қазақ мәдениетін салыстыра келе, арада үлкен алшақтық барын аңғартады. Сондықтан, тек жақсысын бойымызға сіңіріп, керегін үйренген жөн деп оқырман қауымға ақыл салады.

Сөзі дәлелді болуы үшін автор бірқатар мысалдар келтіре отырып: «Келейік осы күнгі қазақ пьесаларына. Қазақ пьесаларын көзден өткізсек, («Жебір болыс» сияқтыларды кіргізбеген күнде) бәрі десек те болады талпынған қазақ әйелінің бақытсыздығымен аяқтайды», – деп мазмұндық ерекшелігіне тоқталады.

Бұл пьесаларда көзделген мақсат: оқиғаны көрсетіп, халықтың көңілін қамықтырып, аянышты хәлге тәуба еттіру. Бұл – дұрыс мақсат. Бірақ оқымаған халық сол жазушының мақсатын түсініп отыр ма, олардың сезімі сонша жіңішкеріп кетті ме? Осы сұрақтың жауабын өзі пайымдаған тілші, олар өз түйсіктерімен түйсініп, ата-ананың қарғысына ұшырап, ақ батаны бұзғандықтан әруақ атып, мұндай жаман хәлге келді деп, өз жорыстарымен жорып отырғандығын айтады. Әртістер халық өз өнерлеріне тамсанып қол соқты деп ойлар, ал жазушы халықтың көңілінен шығатындай өзекті мәселені байыбына келтіріп жазған екенмін деп масаттанар. Алайда, шын мәнінде қойылым авторларының қателігін дөп басып айта білген тілші аталмыш мақаласында:

«Бірақ шындап қарағанда жазушының ойы мен көрушінің ойы екі басқа. Оқымаған қазақ әйелінің сезімі де, сенімі де баяғы белгілі сенім: «Бата бұзса, ата-ананың қарғысын алса, әйел оңбайды екен. Одан да тағдырға мойынсұнып, солардың айдағанына көне берейік. Талпынам деп пәленше құсап, мазақ болып, қор болып қалмайық. Өзімізді өзіміз отқа салмайық». Олай болса, біздің театр қас түзейім деп көз шығарған жоқ па?!» – деген ой тастайды.

Осылайша, театр өнеріне қатысты сыни пікірді ұстанған автор өз тұжырымдарын былай деп қорытады: «Менің ойымша, қазақ әйелі қанша қорлықта болғанымен, талпынып, теңіне барғаны, теңдік алғаны да бар. Пьеса кітаптарында солар көбірек көрсетілуі керек. Ол уақытта қазақ әйеліне де «талпынумен, жігер-қайрат етумен мақсұтқа жетеді екен» деген ой тастайды. Сөйте-сөйте қараңғыда өскен қазақ әйелі де талпынады. Теңдік, бостандық іздейді. Тұрмысқа өзгеріс жасайды. Екінші, біздің пьесаларымызда қыздар ылғи оқығанға ғана ғашық болады. Оның ішінде орысша оқығанды тым жақсы көреді. Жүсіпбек «Сылаң қызда» «мұғалімге барайын десемдағы орысша білмейтіндігі бар» деп қояды.

Бұдан кітап жазушылардың өзімшілдігі көрінеді. Жазушылар осы жағын да түсіну керек».

«Айқап» және басқа да дереккөздерден Кәшімов материалдарын зерттей келе мәдени салаға қатысты мақалалар мазмұны мен құрылымы жағынан өз кезеңінде артылған міндетті толықтай атқара алған деген байламға келеміз. Өзге жұрттың бұғауынан құтылу, елдің азаттық алар сара жолы тағы ғылым-білімге келіп тірелетінін жақсы түсінген ойлы тұлға баспасөз бетінде сол кезеңнің әдеби-мәдени өміріндегі проблемалық мәселелерді қозғай отырып, халықтың ой-санасына сәуле түсіру, зердесін оятуды мақсат еткеніне зерттеу барысында көз жеткіземіз.

...Ол қазақ қоғамының мәдени-әлеуметтік даму жағынан артта қалу себептерін көшпелі өмір жағдайы мен өнер-білімнің кенжелігінен деп санап, жұртты еңбекке, көрші елдердің өнер, білімін игеруге шақырды. Надандық құрсауында қалып қойған, қалың ұйқыда жатқан елін ояту үшін М. Кәшімов ел-жұртты әлгіндей алдыңғы қатарлы оқу-өнерді игеруге шақырумен қатар, белгілі бір адал еңбек, тұрақты кәсіпті игеруге үндейді. Адал кәсіпті игеру жолында ең ақыры пайдасыз сөз бен жағымсыз істен бой бағудың өзін үлкен дәулет деп санаған ақынның ойлары ұлы Абай ұсынған озық идеялармен терең астасып, жалғасып жатыр.

...Ақын бүкіл қоғамға тән елеулі мін-кемшіліктерді аяусыз ашып сынап қана қоймай, жеке адамның мінез-құлық, іс-әрекетіндегі етек алған бейғамдық пен өнерсіздік, жалпы надандық атаулыға қарсы шығады. Осы орайда ол жатыпішер жалқаулық пен ел арасын ашатын өсек-аяңды айықпас дерт санап, одан тезірек арылуға шақырады.

...М. Кәшімов осындай тоғышарлық пен тоқмейілсуге, елең-селеңмен уақыт оздырған кәсіпсіздікке қарсы өнер-білімі жетілген мәдениетті елдер өмірін үлгі етіп ұсынып, екеуін өзара шендестіре жырлайды. Бұл өлеңдердің үлгі-насихаттық, дидактикалық сипатының басым болып отыратыны да осыдан.

Ол сол кездегі бүкіл халық алдындағы міндеттердің ең маңыздысы – болашақ жастарды жаңаша тәрбиелеп оқыту мәселесі деп санайды. Оның, әсіресе, әдеп, этика, адамгершілік, тәлім-тәрбие туралы түйген педагогикалық ой-толғамдары мен қалың бұқараға арнап айтылған келелі кеңес, тұжырымды пікірлері де назар аударуға тұрарлықтай. Бұл тұста оның тәрбиелік көзқарастарының ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің ғылыми ой-пікірлерімен терең ұштасып жататынын көреміз.

М. Кәшімов жастарды оқу-білімге шақырғанда көршілес отырған орыс елінің өнер-ғылымын үлгі тұтумен қатар, бауырлас, туысқан татар халқының мәдени әсер-ықпалы мен баспасөз саласындағы қазақтарға көрсеткен қамқорлығына да зор ілтипат білдіре сөйлейді. Бұл ұлттың оқыған азаматтарының біздегідей тек күнделікті күнкөріс, байлық пен мақтан, дүние-мүлік табуды көздеп емес, қайта керісінше, ел-жұртына адал қызмет етіп, соның бүгінгі бір кәдесіне жарау үшін оқитынын әдейі бөліп атап көрсетеді. Осыған орай ол: «Басқа миллаттардың оқыған шәкірттеріне қарасақ, неше түрлі асыл зада байлары, нендей жақсылары, мырзалары оқиды. Әлде бұлар да підие, садақа алу үшін оқи ма екен? Жоқ, олай болмас. Әр миллат өзінің оқуының қадірін, құрметті, керектігі үшін оқиды», – дейді.

Автордың қазақ қыздарының оқудан тыс қалуының ретсіздігі туралы түйген ой-пікірлері де мейлінше ұтымды, дәлелді шыққан дер едік. Ол бұл тұста да татар елін үлгі-өнеге тұта баяндайды: «Мінеки, ғибрат алып қарауымызға жарайды. Діні бірге ноғайлардың қыз-қатындары дінге пайдалы рысале, кітаптар, миллат үшін жыридалар шығара бастады. Күндіз-түні ойлағандары миллатқа пайда, оқып білгендерінде бұзылғаны естілмейді. Халық болған соң тек таза деп татарды мақтағаным емес, әртүрлі болады. Біздің онда жұмысымыз жоқ. Неше түрлі битна татарда, неше түрлі жақсылық та татарда. Біз соның үшін жақсылықтарын көрсетеміз, халқымыз біліп оянсын деп».

Ақын қазақ қыздарын ұлдарымен бірдей оқытудың қажеттілігін ашып дәлелдеу үшін өзге ұлттардың оқу-тәрбие ісіндегі әр алуан жетістіктерін үлгі етіп ұсынумен қатар, сол кездегі халықтың ұстанған идеологиясы – ислам дініндегі тілге тиек етер уәж-дәлелді де орнымен пайдалана білген. Ол, ең алдымен, ертеңгі ұлт анасы – қазақ қыздарын оқытып, қатарға қоспай, ғасырлар бойғы надандық шырмауынан құтылуға болмайтынын да тап басып жазады.

...Қаламының желі бар қажы молдалардың халықты өнер-білімге насихаттауын, әрине қайшылыққа кездескенімен дүниеде болып жатқан өзгерістерге үн қатпақ болғандарын сөкеттеуге болмайды. Олардың атқарып кеткен игі істерін көзге іліп алмау, мән бермеу енді әбестік болмақ.

Осы тұрғыдан келгенде Мұхаметсәлім Кәшімовтің шығармаларын мысалға келтіру арқылы діндар ақын-жазушылардың не тындырғанын анық аңғарып, сыни ойға қанша үлес қосқандарын байқаймыз. 1907-1909 жылдары «Әдеп», «Үгіт», «Насихат Қазақия», «Ақыл кітабы», «Сұлу қыз» жинақтарын жариялаған, «Айқап» журналының белсенді авторы және агенті болып, бүкіл Қытай, Жетісу қазақтарын аралап шыққан жиһанкез, 1914 жылы «Мұңлы Мәриям» деген роман жариялаған М. Кәшімовты молда болып еді деп әрдайым айыптап келдік. Ал ол болса:

Оқып қал, әй балалар, жас шағыңда,

Оқуға уақыт кеңдік бар шағыңда.

Ендігі заманаға оқу керек,

Оқусыз өнер сатқан адам бар ма?

Пайғамбар хақ, алланы бір біліңіз,

Орысша, мұсылманша тіл біліңіз.

Қазіргі күнімізге қарағанда,

Қазақты еш жарықсыз түн біліңіз.

Қараңғыдан шығайық жарық жаққа,

Алыңдар бұл сөзімді ілтипатқа.

Білгенше насихат жазып берген,

Рахмет айтып оқыңдар Кәшімовқа, – деп өлеңдетіп қана қоймай, бүгінгі қоғам дамуынан мол хабардар екенін мықтап танытады. Діни дүниетанымы айқын осы автор силам хадистарымен жастарды оқуға үгіттейді. Алланы ауызға ала отырып, өнер-білімнің пайдалы екендігін насихаттайды.

Дана Мәулен
Бөлісу: