Қазақ театр және кино өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, ұлт руханиятының абызы Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуі қалың елдің қабырғасын қайыстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аңыз актердің қазасына байланысты мемлекет қайраткерлері мен өнер майталмандары әлеуметтік желілерде жүрекжарды көңіл айтып, марқұммен байланысты соңғы сәттерін еске алуда.
Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Асанәлі Әшімовтің қазасына байланысты жан тебірентерлік жазба арнады. Ол аға буын өкілін асқар тауға теңеп, өмір бойы өзіне үнсіз ұстаз болғанын жеткізді.
Асқар тауымыз едің – аласармадың… Аспанға кеттің… Мәдиіңді ойлап мұң байладың… Сағиыңды сағынып сал шекпен жамылдың… Қатарыңнан жалғыз едің – соңдарынан кеттің… Қатарымнан жалғызбын – арттарында қалдым…. Ағалық жасап арқамнан қақпадың – әлжуаздықтан сақтадың…Көкем болып, көңілімді өсірмедің – кішілігім кем боп жақпадым… Жерлес ретінде жығылғанымда жебемедің – өз күшіме сендірдің… Сүйеніш болмадың – жансірілікке үйреттің… Тірегім болмадың – табаным таймастай тағаладың… Белімді бумадың – бекемдікке баулыдың… Алдымда жүріп, адымымды ұзарттың… Соңыңда қалдырмадың – ізіңде жүргенімді сездің… Қатарымды тептің… Тізеңді батырдың – Мен кештім… Биіктігіңе парапар, Пенделігіңді көрдім – Өзің де кеш… Өкпеге қисам да, Өлімге қимадым… Сарыуайым – Сағынышқа айналдың, – деп жазды Тұңғышбай Жаманқұлов.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де қайғыра көңіл айтып, Асанәлі Әшімовпен соңғы кездесуін тебірене еске алды. Оның айтуынша, бірер күн бұрын ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы сәлемін жеткізу үшін аңыз актермен жүздескен.
Отандық кино мен театр өнеріне өшпес із қалдырған, таланттар шоғырын тәрбиелеген Асанәлі ағамыздың артында қалған мол мұрасы халқымызбен бірге жасай бермек. Нар тұлғаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Алматыға іссапармен барған сайын жиі жолығып, сұхбат құратын тамаша дәстүріміз бар еді. Әр жолыққан сайын әдемі естеліктер мен келелі кеңестер айтып, жан дүниемді байытып, жақсы әсерге бөлейтін. Қамқорлығын, жанашырлығын танытатын.
...Ағамыз осы жолы ерекше ашылып сөйледі. Әдеттегідей елдік мәселелерді айтты. Өнер, мәдениет, әдебиет жөніндегі ой-пікірімен бөлісті. Ортамызда Жүрсін Ерман ағамыз да болды. «Асанәлі ағаның әңгімесін тыңдап, батасын алыңдар» деген ниетпен кино саласында жүрген бір-екі азаматты да арнайы шақырғанмын.Қоштасарда «Жаңа жылдан кейін тағы да жолығамыз ғой», дедім. Ағамыз «Құдай қаласа», деп жауап берді. Бұл біздің соңғы кездесуіміз екен...Барша қазақ халқына ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, жақындарына сабыр тілеймін.Бақұл болыңыз, ұлт руханиятының ақсақалы, – деп жазды Ерлан Қарин.
Қазақ киносы мен театр ұжымдары да ауыр қайғыға ортақтасып жатыр. Театр және кино актері, режиссер Бекжан Тұрыс Асанәлі Әшімовпен бір апта бұрын ғана жолығып, батасын алғанын айтты. Ол бұл кездесуді аңыз актердің соңғы аманатындай қабылдағанын жеткізді.
Қазақ киносының мэтрі, ұлттық мәдениет пен өнердің асқар тауына айналған алып тұлға пәниден бақиға бет бұрды… Оның әрбір рөлі – қазақ рухының биік бейнесі еді… Бәлкім, бұл – аманат… Рухыңыз шат болсын, аға! – деп жазды Бекжан Тұрыс.
Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова да марқұммен қоштасқысы келмейтінін айтып, ауыр қазаға байланысты жүрекжарды сөзін жеткізді.
Ағамыздан айырылып қалдық… нар тұлғасымен, адамдығымен, адалдығымен мәңгі есте қалады… Иманыңыз саламат болсын, асыл аға, – деді әнші.
Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген де Асанәлі Әшімовті ұлт руханиятының темірқазығына теңеп, берген батасының өзі үшін өмірлік бағдар болғанын атап өтті.
Сіз – қазақ өнерінің ғана емес, тұтас бір ұлт руханиятының темірқазығы болдыңыз… Маған берген ақ баталарыңыз – ең қымбат рухани мұра, – деп жазды Димаш Құдайберген.
Актер Азамат Сатыбалды аңыз актермен соңғы телефон әңгімесін еске алып, бұл қоңыраудың жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
«Ешқандай шаруа жоқ, жай өзіңді сағындым» деді… Кеудеме өксік тығылды… «Ең болмаса дауысыңды естиін, қайда жүрсең де аман бол» деді.
Асанәлі аға, енді мен сізді қатты сағынатын боламын… – деп жазды ол.
Ал актриса Зарина Қармен бұл қаралы хабарды ауыр қабылдағанын айтып, өзін жетімсіреп қалғандай сезінгенін жасырмады.
Әкем театр әкесінен айырылды… жүректегі өкінішті айтып жеткізу мүмкін емес… – деді актриса.
Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маеміров те Асанәлі Әшімовтің өмірден өтуімен тұтас бір дәуір көшкенін атап өтті.
Қазақ өнерінің көшін бастаған, Алаштың Асанәлісімен тұтас бір дәуір өтті… Асанәлі аға қазақтың кәсіби өнерінің негізін қалаған ұлы абыздар мен бүгінгі ұрпақтың ортасындағы алтын көпір бола білді.
Сонау алпысыншы жылдардың басында қазақ театр және кино өнеріне «жанартау» болып келген Асанәлі Әшімов қазақ сахнасындағы шын мағынасындағы «құбылысқа» айналды, – деп жазды ол.
Өнер иесі Санжар Мәди де қайғыға ортақтасып, аңыз актердің барша буын үшін үлгі болғанын айтты.
Бір дәуір өтті. Киноның аңызы еді… Біз үшін ұстаз, әріптес, дос болды, – деп жазды актер.
Асанәлі Әшімов – қазақ сахнасы мен киносының мәңгілік биігі. Оның сомдаған образдары, өнерге сіңірген еңбегі мен адамдық болмысы халық жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Қазақ елі абызын аза тұтып, аңызын жоқтап отыр.