Бүгін күллі жаһан көз тіккен Бейжің Олимпиадасы ресми түрде ашылады. Салтанатты рәсім елорда уақытымен кеші 18:00-де «Хабар» телеарнасында көрсетіледі, деп хабарлады 24.kz.
Елдің көк байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конкиші Екатерина Айдова ұстап шығады. Бейжіңдегі Ақ олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайды. Олардың бірқатары кеше жарысты бастап кетті. Нәтиже қандай?
Бейжің олимпиадасында Қазақстан қоржынына медаль салады деп үміт артқан Юлия Галышева іріктеудің алғашқы күні жарысқа шықпай қалды. Ол әлемдік сайысты екінші айналымнан бастайды. Мұндай шешімді ұйымдастыру комитетімен келісе отырып, бапкерлер қабылдаған.
Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Кроюковтың айтуынша, Юлия жарысқа сақадай сай болды. Бірақ коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тесттің қорытындысы алғашқы айналым басталып кеткеннен кейін шыққан. Енді әйелдер арасындағы екінші іріктеу кезеңі 6 ақпанда өтеді. отандасымыз сол күні өнер көрсетпек.
baq.kz