Очеркист жазбаларындағы стильдік ерекшеліктер

26 Қыркүйек 2017, 15:01 6758

Стильдік ерекшеліктер

М. Кольцев «Мен газет редакторының баспасөзге жиірек публицистикалық мақалалар жазып тұруын құптаймын. Әйтпесе, ол редакциядағы жай басшы болып қана қалады» дейді. Құптарлық пікір. Газет басшылығында журналистиканың қыр-сырын, газеттің табиғатын кәсіби тұрғыдан түсіне білетін, журналистердің шығармашылық талантын тани білетін адамның болғаны жақсы. Әйтпеген күнде әріптестер арасында түсініспеушіліктің туындап, басылымның мәні кете бастайтыны анық. Сауытбек Абдрахмановтың бұл істе тиянақты екенін білеміз. Ол өзіне де, өзгелерге де талап қоя алады.

Ел басқару ісінде билік­тің саясатын бұқара халыққа тиімді таратуға бағзы заманнан ең дарынды адамдар ғана шақы­рыл­ған. Сократ, Платон, Аристотельдерден бастап, Әз Жәні­бектің ақылманы Аяз би де осы жолда өз ғұмырын сарп еткен. Өйткені билік тұрғы­сын­дағы дұрыс саясат үшін пәрменді наси­хат керек. Олай дейтініміз – халық санасынан өтпеген саясат­тың маңдайы ашылмайтыны тарихта сан мәрте дәлел­денген.

Адам қандай жағдайда дұрыс басшылық жасай алады? Қандай жағдайда қай салада болмасын әріптестерін артынан ерте алады? Сөзін тыңдатып, сыйластыққа ие болады?  Әрине, алдымен, сол ортаға өзін мойындату керек, өзінің салаға деген шынайы жанашырлығы мен зор біліктілігін ұстастыра білу керек. Жұртшылық ол бастаған ізбен жүрсе адаспасына көз жеткізу керек. Яғни, басшылық жасап отырған мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген майталманы болуы шарт. Осының бәрін ескере келе Сауытбек Абдрахмановтың көпке үлгі болуының басты себептерін айқындауға болады. Ол алдымен, қаламгердің сауаттылығы мен білімділігі, мол жауапкершілігі мен жан-жақтылығының арқасында деп білеміз. Публицистің гaзет-журнaл беттеріне шыққaн мaқaлa, рецензиялaрындaғы ең бaсты ерекшелік – ой жүйелілігі, тіл нaқтылығы және бұлтaртпaс дәлелдерсіз тұжырым жaсaмaйтындығы. Ол өз тaқырыбын меңгерумен қосa, жеке жaзу стилін де ерте бaстaн қaлыптaстырып үлгерген. Сондықтан да автор қаламының сиясы тамғандығы әр жазбасынан еркін аңғарылып тұрады. Сауытбек Абдрахмановтың жолсапар очерктері, белгілі бір елде өткен саяси не басқа да тақырыптардағы кездесулер жайында толық ақпарт беріп қана қоймай, оқиға орын алған елдің өткен күнгі тарихы мен бүгінін толықтай қамтиды. Яғни, сол мемлекеттің салты мен дәcтүрін, мәдениеті мен әдебиетін, сондай-ақ, күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі негізгі құндылықтарын жан-жақты зерделеп жазады.

Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, халық қамын ойлаған елшіл азаматтардың көпшілігінің журналистиканы серік етпегені жоқ. Алаштың ардақты азаматтары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, т.б. журна­лис­тиканы тәуелсіз мемлекет құру ісіне пайдаланған. Қан майданда жүріп бір қо­лымен қару, екінші қолымен қалам ұста­ған хас батырлар: Баубек Бұлқышев пен Бауыржан Момышұлы ең алдымен жүрегі елім деп соққан көкірегі сәулелі жур­на­листер еді. Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза, Сапар Байжановтарды саясат сахнасына көтерген де – журналистика. Олар ел өмірін жаза жүріп, мемлекет ісіне араласқан, біте қайнасып кеткен тұлғалар. Сауытбек Абдрахманұлы да осы соңғы толқын­ның тәлімін көріп, үлгісін алған қаламгер. Содан да болар қаламгер жазбаларының тақырыптары да өзінше ерекше стильде. Очерк барысында баяндалатын оқиға мен қызықты деректердің бар құндылығын жиып-теріп бір тақырыпқа сыйдырып жіберетіндей.

Журналистика саласының зерттеушісі В.В.Ученова жан-жақты сараптай келіп, журналистерге қойылар талаптарды ұсынған: 

- жазатын нысанның деректерін мейлінше терең талдап, мұқият зерттеп ашу;

- оларды қоғам дамуының ғылыми заңдылықтарымен тығыз байланыстыру;

- халық, оқырман тарапынан берілетін бағамен санасып отыру;

- сөз бен істің бірлігі, маңызының шынайы әсерлілігі;

- мақаланың қалың оқырманға түсінікті болуы (Ученова В.В. Основные направления разработки теории публицистики. - М. 1978, с.43.).

Қойылған талап биігінен көріну тәжірибелілікке әкеледі. Ешбір журналист теориялық еңбекті ашып қойып, соның негізінде мақала жазбайды. Дұрысы, жазылған мақала табиғи түрде талапқа сай болуы қажет. Публицист С.Абдрахмановтың жарияланымдарынан жоғарыдағы талаптардың барлығы бірдей табылатынын танымдық тақырыптағы мақалаларын талдау барысында жеке-жеке тоқталып, анықтадық. Сондай-ақ, ол қазақтың інжу-маржанды тілі туралы: «Тәуелсіздіктің көк туы төбемізде тұрғанда біздің елімізде бәрі де болады. Болып та жатыр. Соның ішінде рухани салада да кең ауқымды, ізгілікті іс-шаралар қолға алынуда. Әрбір өркениетті халықтың басты мақтанышы – рухани қазынасы. Біздің келер ұрпақтарға қалдырар басты байлығымыз – асыл ана тіліміз. Ұлттың шын мәнінде ұлт екендігі ең алдымен өз тілімен өмір сүре алуынан танылуға тиіс» (Абдрахманов С. Ұрпақтарға қалдырар басты байлығымыз. «Қазақ әдебиеті», 2003 жыл, 3 қазан.) дей келе, мақалаларында ана тіліміздің шұрайлы да өрнекті, кең мағыналы сөздері мен тіркестерін өз орнында қолданады. Онда ой мен сөз қайталаушылық жоқ. Әр сөздің мәнін зерделей алатындықтан, жазбаларында мағыналық қателіктер кездеспейді. Өзіндік стилін жазбай тануға болады. Сауытбек Абдрахманов мақалаларының танымдық дәрежесі биік, ұлттық нақышы анық көрінеді және тілі құнарлы. Оның соны сүрлеуден жол салуы да осы қасиеттерінің арқасында екені анық.

Журналист Сауытбек Абдрахмановтың басқа журналистерден даралығы ол өзінің жеделділік әрі әрлеп жазатын өнерімен көзге түсіп қазір Елбасымыздың жанында қосшы болып шет елдерге сапармен шығуының өзі оның үлкен жетістігін көрсетеді.Қазақстанның басқа елдермен қарым қатынасы жөнінде көбірек ақпаратты Сауытбек Абдрахманов басқарған «Егемен Қазақстаннан» жеткілікті қанықты ала аламыз. Ол қазір болып жатқан жаңалықтарды мезгілінде газетіне жариялап үлгертіп отырады. Шынымен де журналисті бірден журналист етіп танытатын ақпаратты жинап дер кезінде жариялау. Осы ерекшелікті Сауытбек Абдрахманов бірден көрсетіп, биік белестерден көріне білді.

Ол тек журналист мамандығының иесі ғана емес, ол қоғам қайраткері, әдебиетші, аудармашы жалпы жан жақты, іскерлігімен әр мамандықтан хабары бар білімді, ізденімпаз азамат. Сауытбек Абдрахманов сияқты жоғары дәрежеге жету үшін, даңқа ие болу үшін ол секілді жаңашыл журналист болу үшін ізденімпаз әрі шапшаң, салиқалы сөз мәйегін құрастырушы, салмақты ойлай білетін жан болу керек.

Сауытбек Абдрахманов сынды журналистен үйренетін қасиеттер мен үлгі алатын істер аз емес. Бүгінгі күннің жаңа ойшылы, журналистердің ұстазы әрі ақылшысы десе ол кісіге әбден жарасады.

Сонымен қатар, Сауытбек Абдрахмановтың стильдік ерекшелігіне оның  таққырыпты дәл табатындығы мен таңдай білетіндігін айта аламыз. Ол қоғамға қажетті, елдіктің сөзін сөйлейтін мәселелерді көтерді. Өмірдің көлеңкелі тұстарын қазбалап, біреулерді кінәлап, жасықтанып, болашақты бұлыңғырлап, оқырманын пессимистік талғам деңгейіне түсіру оған жат.

Мәселен, 2010 жылы 13 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде «Қарсаңда» деген тақырыппен жарияланған мақаласында журналист еліміздің өзге ел мен қарым-қатынасын ғана жазып қоймай, сол шет елдердің біздің елден алатын үлгілері жайында да марқая жазады: «Кеше түстен кейін Қанат Саудабаев Австрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Михаэль Шпинделеггермен кездесті. Оның алдында Инвестицияларды қолдау және бірлесе қорғау жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Әңгіме барысында екі ел арасындағы сан-салалы байланыстарды одан әрі ұлғайтудың жолдары қарастырылды. Қазақстан-Австрия қарым-қатынастары сындарлы үнқатысу мен өзара сенім қағидаттарына негізделгені, екі жақ та көкейкесті халықаралық мәселелер жөнінде ұқсас ұстанымда болып келе жатқаны разылықпен атап айтылды. Бұған дейін Австрия Парламентінде Орталық Азия елдері парламенттерінің депутаттарымен ынтымақтастық жөніндегі бастамашылық топ бар екен. Біздің еліміздің осы өңірдегі саяси және экономикалық салмағын ескере келіп, Парламенттің Ұлттық кеңесінің (бұл осындағы жоғары палата саналады) депутаты, Жасылдар партиясының парламенттік фракциясы төрағасының орынбасары Карл Оллингер Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық жөнінде жеке топ құруды көздеп отырғаны айтылды. Әңгімеде біздің еліміздегі ұлтаралық келісім жайына да назар аударылды. Мұнан бір айдай бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы делегациясының Австрияға жұмыс сапары болғанын, онда ұлтаралық келісім мен ел бірлігінің қазақстандық моделінің таныстырылғанын осы жерде тағы бір есімізге түсіріп қойдық. Еуропада да бір ұлттан тұратын мемлекеттер қалмай барады. Жаһандану желі жаһанды жайлап тұр. Сондықтан осындағы елдердің өзі тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жандардың бәрінің басын қосып, сүттей ұйытып отырған біздің мемлекетіміздің тәжірибесіне қызыға қарауда. Үйренбек ойда. Еуропа елдері. Бізден. Қазақтардан» дейді.

Сауытбек Абдрахманов қашанда аясы кең, өзекті, өлмейтін тақырыптарды таңдайды. Ал жазған мақалаларына тақырып коюда өз ерекшелігі бар. Шұбалаңқылық, көп нәрсені көрсетемін деп мағынасын көмескілендіріп жіберетін қырсыздықтан аулақ. Және оның ойы көркем, мазмұны тартымды болып келеді. Публицист қасаң, жазыла-жазыла жауыр болған мәселелерден гөрі оқырманды көркемдікке баурап, тартымды, тағылымды ой айтуға бейім.

Сөзіміздің дәлелі ретінде автордың «Парламентаризм парасаты» тақырыбындағы Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің Австрия Республикасына сапары турасындағы жолсапар очеркін айтуға болады. Онда ол Австрияның саяси хәл-ахуалы мен басым түсер негізгі жетістіктеріне тоқталып, парламентаризм төңі­регінде өрбіген қызғылықты пікірталас жөнінде баяндайды: «Тәуелсіздіктің жиырма жы­лын­да тындырылған шаруа­лар­ды ой елегінен өткізе келгенде, солардың бәрінде Парламенттің өзіндік орны болғанын айқын ұғынамыз. Әсіресе, 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кей­інгі кезеңде билік тармақ­та­ры­ның ара-қатынасы жаңаша, сындарлы сипатқа ие болып, қос палаталы жүйенің айқын ар­тықшылықтары көрінді. Қазіргі таңда Парламенттің осы құры­лы­мы жалпыелдік және өңірлік мүдделерді жарасымды біріктіруге мүмкіндік беріп, кең ауқым­ды парламенттік үнқатысуды жолға қоюға, заңнамаларды жетілдіруге жақсы жағдай жасап отыр. Бұл орайда Мәжілістен кейінгі әрі салмақты сүзгі, әрі соңғы сарапшы міндетін атқа­ра­тын Сенатқа артылар салмақ та айрықша. Сенат басшылығына жүктелер жауапкершіліктің бө­лек­ше болатыны да содан. Сенат басшылығына келген аза­мат­қа артылар аманаттың ай­рық­ша болатыны да содан. Бү­гінде бұл абыройлы міндет Қайрат Мәмиге жүктеліп отыр.

Енді, міне, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенаты­ның Төр­ағасы Қайрат Мәми осы жаңа, аса жауапты қызметінде алғашқы шет ел сапарына шы­ғып отыр. Австрияға. Зама­нын­да жар­ты Еуропаны жайлап жат­қан Австрия-Венгрия им­пе­рия­сының ас­қақ астанасына, қа­зір де Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының штаб-пәтері орналасқан қалаға, яғни кәрі құрлықтың шартты түр­дегі саяси астанасына. Жаһан жанары тігілген бұл шаһарда көп мәселе шешіліп, талай түйін тар­қатылып жатады. Вена көпжақты дип­ло­ма­тияның маңызы жөнінен екінші халықаралық орталығы бо­лып саналады. Бірінші орталық БҰҰ штаб-пәтері орналасқан Нью-Йорк екенін өзіңіз біліп отырсыз. Венадағы МАГАТЭ, УНП ООН, ОДВЗЯИ, ОПЕК деген сияқты сан алуан ұйымдар­дың бірінің атом энергиясын бей­біт мақсатқа пайдалануда, бі­рінің есірткімен, қыл­мыс­пен күресте, бірінің ядро­лық сынақ­тар­ға тыйым салу жө­нін­дегі шарт­тың орындалуын қа­да­ға­лау­да, бірінің бүкіл әлемдегі мұнай экспортын үйлестіруде ерекше орны бар. Осы ұйым­дар­дың (біз атап жатпағандары да баршылық) бір қалаға шо­ғыр­лан­ғаны Авс­трия­ның ха­лық­ара­лық саясаттың сипатын а­йқын­дай­тын мем­ле­кет­тер­дің алғы шебінен табыларын танытады.

Жалпы, қазір кәрі құрлық дағдарысты бастан кешуде демегенмен, қиналыс үстінде деу­дің еш артықтығы жоқ. Дефолт­қа ұшырап, бүк түсіп жатқан Ир­ландия анау, тап сондай қа­тер төніп, бүкіл Еуропа жабы­лып жүріп құтқарып қалуға жан­таласып жатқан Грекия анау, күні соған жетеғабыл бо­лып кете ме деген қауіп туғы­зып отырған Италия анау. Еуро күйресе, Еуропа да күйрейді демей-ақ қояйықшы, дегенмен, бұл жақтағы жағдайдың күрде­лі­лігін көрмеу мүмкін емес. Осын­дай жағдайда да эконо­микасы мығым мемлекеттердің бірі болып отырғаны Авс­трия­ның әлеуетінің күштілігін анық аңғартады.

Біз осында келген күннің кешінде әлемге әйгілі Вена опе­ра­сында болған едік. Сонда елшіміз Қайрат Әбдірахманов театр­дың жеті қабатты балкондарын көрсете отырып, атақты Вена ба­лы кезінде балкондағы әр бөл­мешіктің құны …40 мың еуроға дейін жететінін айтты. Әр бөлмешікте сегіз орын бар ғой дегеннің өзінде әр орынның бағасы 5 мың еуро болғаны да аз ба? Аз емес қой. Оның үс­ті­не Вена балына келгендер сол сегіз орынға ығы-жығы оты­ра­тын­дар емес қой, бір бөлмеде екі адам ғана отыруы да мүм­кін. Бұған сол балкон билет­те­рінің бірер ай бұрын сатылып кететінін қосып айтсақ, кешегі империя астанасының сән-салтанатын, яғни халықтың әл-ауқатын сезіне аламыз. Ал бұған осындай елдің өзінде кейінгі кезде әлеуметтік шығын­дар­ды қысқарту, салықты кө­бейту саясаты жүргізіліп жат­қа­нын қосып айтсақ, оған сегіз миллионнан сәл ғана астам ха­лықтың жарты миллионын қа­зір­дің өзінде мұсылмандар құ­рағанына байланысты соңғы жылдарда дінаралық ахуалдың ушығып кеткенін, бүгінде авс­триялықтардың 60 пайызы елде мешіттер, мұнаралар тұрғызуға қарсы екенін, 54 пайызы мемлекетке басты қатер исламнан төнгелі тұр деп санайтынын қо­сып айтсақ, Қазақстанда әлем­дік қаржы дағдарысы тұсында да әуелде уәде етілген жақ­сы­лықтардың – жалақы өсірудің, зейнетақы көбейтудің, шәкірт­ақы арттырудың жасалғанының қадір-қасиеті, біздегі тыныш ахуалдың, ұлтаралық, дінара­лық, тіларалық келісімнің баға­сы айшықты ашыла түседі».

Сондай-ақ, журналист қашанда тек нақты деректерге сүйенеді. Қай жанрда жазбасын дерексіз, дәлелсіз ой айтпайды. Мәселенің мәнін әбден түсініп, дәлелдегеннен кейін ғана тұжырымын жасайды. Тілі жатық, қарапайым да түсінікті. Сауытбек Абдрахманов әр сөзін салмақтап, тіркестерін орнымен қолданып, сөйлемдерін жұп-жұмыр, тиянақты қылып жазады. Одан қызыл сөздің майын тамызып, сөз қуу емес, ой түйіндей білудің шеберлігін көруге болады.

Автор Ханойдан жолданған «Тәуелсіздік тегеуріні» атты мақаласында былай дейді: «Соңғы онжылдықта Коммунистік партияның басшылығы­мен Вьетнам әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуда, барлық салаларда аса көрнекті табыстарға қол жеткізді».

Вьетнам Социалистік Рес­пуб­ликасына тұңғыш ресми сапарын жалғастырған Елбасымыз кеше осылай деді. Бір қарағанда, бұ­рын­ғы сөз саптауымыздан аумай қалғандай көрінетін, диплома­тия­ның айтылуға тиісті әңгімесіндей де естілетін бұл тұжырым, алайда, ақиқаттың өзі. Ақиқаттың сөзі болмай қайтеді, егер Вьетнам даму қарқыны бойынша Азия-Ты­нық мұхит өңірінде көшбас­шы­лық­қа шықса, ақиқаттың сөзі бол­май қайтеді, егер Вьетнам Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі міндетін қатарынан екі жыл ат­қарса, ақиқаттың сөзі болмай қай­теді, егер Вьетнам өткен жылы ғана АСЕАН елдеріне төрағалықты тамаша атқарса. Иә, осының бәрі шындық. Осының бәрі коммунистердің басшылы­ғы­мен жасалып жатқаны да шын­дық. Мәселе кімнің басқаруынан гөрі қалай басқаруға көбірек тіреледі. Кешегі кеңестік қоғам да жалпы коммунистер басқарған­дық­тан емес, қолынан іс келмейтін коммунистер басқарған тұста іштей іріп-шіри бастаған бола­тын.

Вьетнамдағы табыстардың бәрі де билік басындағы партия­ның қызметімен орынды байланыс­ты­ры­лады. Сондықтан Елбасы­мыз­дың мемлекет басшысымен кездесуде Вьетнам өміріндегі Компартия рөлін баса айтатыны да, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хат­шысы Нгуен Фу Чонгпен арнайы кездесуі де заңдылық. Кездесу ке­зінде екі елдің билік басындағы партияларының өзара бай­ла­нысын алдағы уақытта белсендірек ете түсудің жайлары қоз­ғалды.

– Вьетнам Коммунистік пар­тия­сының басшылығымен вьетнам халқы әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуда, білім, мәдениет пен қоғамдық өмірдің өзге де сала­ларында толымды табыстарға жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақ­стан-Вьетнам өзара тиімді серік­тестігінің сапалы жаңа деңгейге өтуі үшін объективті мүм­кін­дік­тер барын мәлімдеді.

– Саяси жүйенің тұрақ­ты­лы­ғы – екіжақты ынтымақтастық та­бысының кепілі. Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қаты­нас­тарды осындай негізде құру керек, – деді өз кезегінде Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы».

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына тұңғыш ресми сапары кезінде жазылған бұл жолсапар очеркінде қаламгер көзі қарақты оқырманға мәселені тереңінен түсіндіріп, ойын бұлтартпас дәлелді сөздермен жеткізеді. Және Елбасы тарапынан жасалып жатқан ел болашағы үшін маңызды қадамдармен таныстырады. 

Публицистің қай тақырыпта қалам тербесе де, оны толықтай аша біледі. Әдебиет, өнер болсын, саяси я басқа салаға арналған мақала болсын, публицист тақырыбының идеясын түсіндіріп, айтқысы келгенін оқырманға жеткізе алады. Ол үшін қолданатын әдіс-тәсілдері де аз емес. Жақсы тақырыптың маңызын жойып, тұз-сөлін кетіріп, жарымжан мақала жазатындар болады, сәтсіздеу тақырыптың бағын ашып, жан-жақты ізденіп, оқырманын тамсандыратын дүние жазатындар болады. Ал Сауытбек Абдрахмановтың қаламынан таңдаған жақсы тақырыбын барынша зерделеп, қиюын келістірген жақсы мақалалар шығады. Соның бірі Сауытбек Абдрахмановтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары кезінде Ханойдан жолданған «Ең қасиетті қазына – елдің азат рухы» тақырыбына арнап жазған мақаласы: «Елбасымыз сапарының кешегі, сейсенбідегі бағдарламасы Вьетнам ұлттық университетінде студенттермен, оқытушы-про­фес­сорлар құрамымен кездесуден басталды. Президент сапарлары­нан репортаждар жаза жүріп, біраз жерді көріп, біраз елді ара­ла­ғанымызда, Елбасымыздың жастармен жүздесуге мүмкіндігінше уақыт табуға тырысатынын талай аңдағанбыз. Өткен жылы Кореяда тіпті сапар бағдарламасын та­ғы бір күнге ұзартып, Сеул университетінде студенттермен кездескен кезі де болғанын жаз­ғанбыз.

Ханой ұлттық университетінде 40 мың студент оқиды екен. Ұлт­тық университеттің құрамы­на салалық алты университет пен үш институт кіреді. Біздің жа­нымызда отырған кісі – поли­тех­никалық институттың прорек­торы Нгуен Динь Дык кезінде Мәс­кеу университетінде оқыған, физика-математика ғылымдары­ның докторы, орысшаны жап-жақсы сөйлейді. Жалпы, мұндағылардың талайы орыс тілін ұмы­та қоймаған. Осы универ­си­теттің өзінде орыс тілі факультеті бар. Оның әр курсында 40 студент оқиды.

Университет президенті профессор Майтронг Нхуан өзінің кіріспе сөзінде біздің Елбасы­мыз­ды мемлекетін бекем қалып­тас­тырып, атын әлемге танытқан кемел басшы ғана емес, эконо­ми­касын қиын дағдарыстың қыспағынан алып шыға білген аса көр­некті экономист-ғалым ретінде сипаттады. Ол Нұрсұлтан Назар­баев­тың Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жө­нін­дегі кеңесті шақырудың баста­машысы болған қызметін жоғары бағалады. «Кембридж, Бейжің университеттері сияқты әлемдегі аса танымал көптеген оқу орын­дарының құрметті профессоры – Сіздің енді Ханой ұлттық уни­верситетінің құрметті профес­со­ры болатыныңыз бізді мақта­ныш­қа бөлейді», деді университет президенті. Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлына Ханой университетінің құрметті про­фес­соры дипломы тапсырылып, мантия кигізілді. Қалыптасқан дәстүр бойынша құрметті профессордың лекциясы оқылды.

«Бізді вьетнам халқының қайт­пас-қайсар жігері мен асқақ патриоттық рухы қайран қал­ды­рады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев студенттерге арнаған сөзінің бір тұсында. «Біз жас Астана мен мың жылдық тарихы бар Ханой­дың, сондай-ақ елдеріміздің қар­жы орталықтары саналатын Ал­ма­ты мен Хошиминнің ынты­мақтастығын дамытқымыз келеді», деді келесі бір кезекте. Рас сөз. Біз мемлекет ретіндегі төл тарихымыздың қадірін білумен қатар, өзгелердің тарихындағы та­ғылымды тұстарды да барын­ша бағалауға тиіспіз».

Негізінен осындай ерекшеліктер тән Сауытбек Абдрахманов публицистикасының өз оқырманы бар. Сонымен қатар, тәлім алар ағалардан ұлағаттың ұстаздықтың табын ақылы мен санасына сіңіре білген оның ұстанған бағытына еліктеп, жазғанынан үлгі алатын ізбасарлары бар екені сөзсіз.

 «Елбасымызбен бірге шетелдерге барған сапарларында жазған жолжазбалары да өз алдына бір төбе. Олары әдеттегідей жол-жөнекей есеп емес, тұтас бір көркем туынды тәрізді. Ол жазбалардан барған елдің кешегісі мен бүгінгісі, ертеңге ұстанған бағдары барынша айқын көрініп, екі ел басшыларының болашақты толғаған ілтипатқа толы ықыласты әңгімелері әсем баяндалады. Басылым басшысының бұлай жақсы жазуы және жиі жазуы ұжымдағы қалған қалғамгерлер үшін, әрине, үлгі-өнеге. Әсіресе жас журналистерге таптырмас тағылым, табанды тәрбие. Түрік туысқандардың газет басында отырған адамды «басжазар», яғни «бас жазушы» атауы тегін болмас. Өз басым басшының батыл жазатын, батып жазатын жақсы қаламгер болуын басылым үшін ырыс деп білемін» дейді жазушы  Сарбас Ақтаев журналист Сауытбек Абдрахмановтың шеберлігі жайында.

Бөлісу: