Қонаев қаласында ашық суда жүзуден өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2025» турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Капшагай су қоймасы аумағында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 2000-нан астам спортшы қатысты. Жарыс бес түрлі қашықтық бойынша өткізілді. Турнирдің ерекше қатысушыларының бірі – Конаев қаласынан келген 8 жастағы Дмитрий Кремпин. Ол – Дубайда өткен Oceanman финалының күміс жүлдегері. Биыл да «OCEANKIDS» санатында 500 метр қашықтықты 10 минут 40 секундта жүзіп өтті.
Биылғы жарыстың маңызды ерекшелігі – ерекше қажеттіліктері бар 15 баланың қатысуы болды. Әр балаға тәжірибелі жүзгіштен арнайы серік бекітілді. Солардың бірі – танымал заңгер Ержан Есімханов. Ол – 2019 жылы Ла-Маншты жалғыз жүзіп өткен алғашқы қазақстандық.
Ересектер арасындағы INSPIRATION санатындағы 2 км қашықтықта Қазақстанның жүзуден алғашқы паралимпиада чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Зүлфия Ғабидуллина жүлдегер атанды.
5 шақырымдық «HALF OCEANMAN» жарысында 20–29 жас санатында Станислав Редько жеңіске жетті. Ол – Астанада жаттықтырушы болып қызмет етеді, бұрын ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы болған.
«Мастер» санатында тәжірибелі спортшыларымыз 4 алтын медальдің үшеуін иеленді. Әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз – Алматы қаласынан келген Ирина Лазарева. Ол – ашық суда жүзуден Қазақстан Республикасының спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері және суасты бағдарлау бойынша Әлем кубогының қола жүлдегері.
10 км және 5 км қашықтықтарда абсолютті чемпион атанған қазақстандықтар – Лев Черепанов пен Ғазиза Құмақбаева. Ал 2 км қашықтықтағы «SPRINT» санатында жеңіске жеткендер – Біріккен Араб Әмірліктерінен Родриго Малан мен қазақстандық Таисия Короткова.
«Oceanman» – әлемнің әртүрлі елдерінде өтетін бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық чемпионат. Қатысушылар бір ғана кезеңге не бірнеше жарысқа қатыса алады. Әр маусымның соңында финалдық жарыс ұйымдастырылады. Жүйе бойынша, әр кезеңде үздік 10 ер және 10 әйел спортшы автоматты түрде финалға жолдама алады. Биылғы финал желтоқсан айында Дубайда өтеді.