Образын өзгерткісі келетін әйелдер өте көп. Шаштаразбен сұхбат

30 Шілде, 18:00 1018

Жойылмайтын мамандықтар туралы айтқанда, ең бірінші, дәрігерлік пен ұстаздық ойға оралады. Осы тізімге тағы бір мамандықты қосуға болса, ойланбастан шаштараз мамандығын қосар едік. Себебі, шаштараз - ешқашан өз құндылығын жоғалтпайтын маңызды мамандықтардың бірі. Адамның бет-әлпетіне, бойына, дене тұрғысына, жасына қарап шаш үлгісін жасау да - үлкен өнер. Шаш үлгісінің дұрыс әрі ерекше болуы, әсіресе, нәзік жандыларға сенімділік сыйлайды. Сұлулығын арттырады. Бүгін біз бұл саланың қыры мен сырын еркін меңгерген маманмен арнайы барып сұхбаттасып қайттық.

Ерлан Айнабеков – әйелдердің образын өзгертіп, оларға қуаныш сыйлауды өмірлік мақсаты еткен азамат. Өзбекстаннан келген қандасымыз. Бүгінде алматылық сұлулардың шашын сәндеп, жүздеріне күлкі ұялатуға титтей болса да үлес қосып жүрген отандасымыз. Келіншегі үшін адал жар, балалары үшін қамқор әке.

Мамандығы – заңгер болғанымен, жүрегінің қалауы бойынша - шаштараз.

Бұл салаға қалай келгені жайлы айта кеткен кейіпкеріміз еңбек жолынан сыр шертті.

10 жасымда ерлердің шашын қиып бастадым. Әуелі көршілердің, кейіннен аға-інілерімнің шаштарын алып, осылайша жаңа мамандыққа алғаш қадам басқан болатынмын, - деп түсіндірді өзі.

Ер азаматтардың шашын қиып бастаған ол, кейіннен әйелдердің шашын сәндеуді меңгеріп, бұл салада үлкен белестерді бағындыра бастайды.

Ол көпшілік қауымға қайырымдылықты насихаттайтын шаштараз ретінде таныс. Мәрттігімен көзге түскен азамат басқалардан оқ бойы озық тұрады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Әңгіме барысында кейіпкерлерге өзгеріс жасау идеясы жайлы баяндап, бүкпесіз шындығын айтты.

Шаш сәндеуге келген әйелдермен жұмыс барысында әңгіме-дүкен құрып, сан алуан тақырыптарда шер тарқатамыз. Олар ештеңені жасырып қалмай, өмірлеріндегі оқиғалармен бөліседі. Осындай әңгіме барысында ойыма жақсы идея келді. «Қолымнан келгенше, әйелдерге өзгеріс жасап, сұлу екенін сезінуіне неге жағдай жасамасқа?!» деп өзімді қамшыладым, - деді ол.

Дәл сол сәттен бастап игі іс жалғасын тапты.

Фото: Кадрдан үзінді

Ерлан «Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында кейіпкерге арнайы кастинг жариялаймын» дейді. Бұл ұсынысқа қызығушылық танытып, образын өзгертуге дайын әйелдер қатары өте көп екен. Олардың арасынан сан қилы оқиғасымен көзге түскен, «кейіпкер» болуға лайығы таңдалады.  

Кей кездері жолшыбай өтіп бара жатып, кейіпкер болатындай әйелді көзім шалып қалады. Сол сәтте еш ойланбастан ұсыныс тастап, ақысыз өзгеріс жасап беремін, - деп нақтылады шаш маманы.

Соңғы кездері өзгеріс жасаудан бөлек, азық-түлік алып, киімін жаңарттып беруді бастапты. Оның айтуынша, өзгеріс жасау барысында, кейіпкермен толықтай танысу процессі жүреді. Өзгерістен тыс, бала-шағасына арнап азық-түлік, өзіне естелік ретінде киімін де алып береді.

Бәрі де Алла разылығы үшін!,-дейді ол.

Сондағы мақсат  – әйел жанына қуаныш, керемет әсер сыйлау.

Ерлан Айнабековтың айтуынша, шаш үлгісін өзгертіп, қолдау көрсеткен соң кейіпкерлердің эмоцияларын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Көздеріне жас алып, эмоциясын жасыра алмай жатады. Мұндай көріністі көру – жанды тебірентеді, - деп түсіндірді шаштараз.

Ол өзгерістен соң, шама-шарқы жеткенше жағдай сұрасып, хабарда болуға тырысатынын жеткізді. Кейіпкерлері де әлеуметтік парақшасында белсенділік танытып, қолдау көрсетіп отырады екен.

Шаш маманы өмірбаяны әсер етіп, ұмытылмастай есте қалған кейіпкерлер барын жасырмайды.

Әр кейіпкерімнің өмір жолы мен үшін маңызды. Орны да бөлек. Ұмытылмастай есте қалғандары да бар. Ерекше кейіпкерімнің бірі - Сәуле. Ол менің - 61 кейіпкерім.  Жасы 78-де. Үш баланың анасы. Бүгінде балаларынан 5 немере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Қарағанды қаласының тумасы. 20 жыл бойы Маңғыстау облысында медицина саласында қызмет еткен. Балалары шет елде бизнеспен айналысады. Оларды көрмегеніне 10 жылдан астам уақыт өтіпті. «Соншалық хал-жағдай сұраспайтындай, ананың айыбы не?» деген ой қынжылтады. Жолдасы қайтыс болған соң, мүмкіндігі шектеулі қызын бір өзі бағып, жеткізген. Бүгінгі хал-ауқатын көріп, көңілге қаяу түсті. Десе де көңілі аппақ, жаны жайсаң, жүрегі мейірімге толы кісі. Жүзінен нұр төгілген апамызға жасаған өзгерістің көңілінен шыққаны соншалық, әлі де есімнен кетпейді, - деді ол.

Тәжірибесінде өзгерісі ұнамай, наразылық танытқан клиенттер де болады екен.

Ол клиенттермен жұмыс жасаудың қиындығын алға тартып, бірі мақтап, келесілері даттап, наразылық білдіруге дайын тұратындары болатынан айтады.

Наразылық танытқан клиенттермен мәселені сол сәтте шешуге тырысамын. Ал кейіпкердің арасынан наразылық танытатындары мүлде болмайды,- дейді шаштараз.

Ерлан Айнабеков - әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы. Бүгінде оның Instagram-нан бөлек, Youtube-та каналы, ал TikTok және Facebook желілерінде парақшалары бар. Десе де ол өзін блогер деп санаудан аулақ.

Осы уақытқа дейін 76 кейіпкердің образын өзгертіп, қуаныш сыйлапты. «Спонсорлар тарапынан қолдау жоқ» дейді өзі. Қолынан келгенінше әлі де өздігінен көмек қолын созуға әзір екен жасырмайды. Алайда 72-кейіпкерге жаңа образ жасау барысында тіс емханасынан көмек болғаны бар.

«Командаңызда қанша адам бар? Шәкірттеріңізге қайырымдылық жасау маңыздылығын айтып отырасыз ба? Әлде сізге қарап, олар да еріксіз бой түзейді ме?» деген сұрақтардың астында қалған мейірбан шаштараз, оқырмандарына жасырмай шындығы айтты.

Командам өте үлкен. Арасында курс, шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамын. Шәкірттеріме міндетті түрде қайырымдылыққа бір табан болу қажеттігін үнемі айтып отырамын. Шаш қию, бояудан бөлек, парақшаны жүргізу процессі, кейіпкерге өзгеріс жасау жайында айтып, әртүрлі кеңес беруден жалықпаймын,- деді ол.

Шаштараз мамандығы бір орында тұрмайды. Үнемі жаңартулар, өзгерістерді қажет етеді. Осы тұрғыда арнайы курстарға барып, біліктілікті арттырып тұру маңыздығы айтылды.

Бұл мамандықта ешқандай шектеу жоқ. Заман ағымына сай, жаңашылдықтар шығып отырады. Жаңа шаш қию үлгісі, жаңа шаш бояу түстері және тағысын тағы. Шаш мамандары жаңалықтан қапы қалмай, ескі техниканы ысырып, клиенттердің көңілінен шығатын жұмыс жасауға бар күштерін сарп етсе керек,- деп нақтылады.  

Ол біліктілігін арттыру мақсатында шет елде өтетін курстар мен жарыстардан қалмауға тырысатынан айтты.

Болашаққа жоспар көп. Әзірге құпия болсын. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, бақылап отырсаңыздар жеткілікті,- деп қорытындылады жомарт шаштараз.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Yerlan Ainabekov (@erlan_hairstylist)

Айнұр Оспанова
Бөлісу: