Оңтүстік өңірдің киелі нысандары

28 Тамыз 2020, 17:30 7774

Аңыз арқалаған әйгілі орындар туралы не білеміз?

Еліміздегі киелі орындардың көпшілігі оңтүстік өңірде орналасқан. Алайда бірнеше ғасырлар бойы тарих қойнауына алтын әріптермен енген бұл жерлер туралы мәліметтер жеткіліксіз. Осы олқылықтың орнын толтырған «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы бұл жерлердің әлі де болса қаншама сырын ішіне бүгіп жатқаны анық. Сонымен, еліміздің оңтүстігі көпшілікке таныс емес қандай орындарымен мақтана алады?

Қора шатқалы

Бұл шатқал – Жоңғар Алатауының ең әйгілі жері, бас жотаның батыс бөлігі, Ескелді ауданында орналасқан. Шатқал Сапожников мұздығынан Қаратал өзенімен қосылатын жерге дейін батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Ал мұндағы Қора өзені Сапожников, Безсонов, Тронов мұздықтарынан түзілетін үш өзеннің қосылуынан пайда болған.

Қора шатқалының теріскей тұсы Қаратау жотасымен және Мыңшұқыр тауларымен шектеледі. Күнгей бетінде Қора және Көксу өзені аңғарларының арасынан өтетін Жетісу Алатауының негізгі жотасы, Жаманкөл және Мыңжылқы таулары созылып жатыр. Шатқалдың ең биік шоқысы – Безсонов мұздығының қазаншұңқырынан жоғары 3919 метр биіктікте орналасқан.

Қора шатқалындағы Бұрқан бұлақ туралы халық арасында кең тараған аңыз бар. Аталған аңызда былай делінеді: «Бұрқан – анасының жалғыз ұлы екен. Баласын тым жақсы көретін ана күндердің күнінде жүзінен иманы төгілген инабатты да ибалы келін түсірсем деп арман етіпті. Алайда ұлы тәкаппар әрі біржақты Қора сұлуға ғашық болады. Бұл таңдау көңілінен шықпаған ана екі ынтызар жүректің бірігуіне жол бергісі келмей, оразан зор тас бекініс соғады да, баласын қамап тастайды. Сонда да Бұрқанның махаббаты бәрінен басым түсіп, Қора сұлуға қосылады. Міне содан бері екеуі тел ағынға айналып, үлкен өзен болыпты». Ал Баласынан айырылып қалған ананың көз жасы әлі де таусылмаған. Аңыздарға сенсек, Бұрқан бұлақ құламасымен жылай ағатын кішкентай жылғаға «Ананың көз жасы» деген атау берілген.

Тұздыкөл көлі

Ақсу ауданы Құрақсу ауылында орналасқан тұзды көл халық арасында «Рай көлі» деп аталып кеткен. Тұзды көл – өзінің әсемдігімен, табиғи емдік әрі шипалы қасиетімен халықты баураған көркем табиғаттың Құрақсу өңіріне берген сыйы. Ел аузында кеңінен таралған аңыз-әңгімелерде тұзды көлдің «Рай» деп аталуы осы өңірдегі ауылда Рай есімді әйелдің тұруымен байланысты. Ауыл адамдары шошынып, оны елсіз жерге тұзды көл маңайына жападан жалғыз апарып тастайды. Жапан далада күнелтіп күнін көріп, тұзды көлге шомылып жүріп үстіне шыққан жарадан арылады. Ауыл тұрғындары әйел адамның емделіп көргенін көріп, оның ауылға қайтуына рұқсат береді. Бірақ әйел осы жерді мекенге айналдыруды жөн санап, көл басында өмір сүруді жалғастыра береді. Уақыты келіп қартайған шағында дүниеден озған әйелдің басына жақын маңдағы ауыл тұрғындары зират тұрғызған. Ол зират қазіргі уақытта да бар. Сол кезден бастап ел арасында аңыз тарап, Құрақсудағы тұзды көл «Рай көлі» деп аталып кеткен.

Жаманты (Арасан) бұлағы

Жаманты (Арасан) бұлағы Жамбыл ауданында орналасқан. Халықтың айтуы бойынша, Арасан деген әулие адам болыпты. Ол жаудан қашып келіп, Жаманты өзенінің бойын мекендеді. Сол себепті бұл аймақ киелі болып саналады. Бұл жерде таудың бүйірін тесіп шыққан он шақты бұлақ болса, әрқайсының түрлі ауруға пайдасы бар. Бірі – асқазан ауруына дауа, енді бірі бүйректі емдеуге көмектеседі. Шипалы бұлақтарға арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның жүйке, буын, жүрек ауруларына шипа екендігі анықталған. Судың құрамында гидрокарбонат, сульфат, натрий мен ағзаға пайдалы ортокремний қышқылы, фтор секілді микроэлементтер көптеп кездеседі.

Сондай-ақ, Жаманты минералды бұлақтарының басында үңгір мешіт бар. Өзеннен 70 метр биікке дейін созылған үңгір шапқыншылық жылдары талай отбасын жаудың қанды қылышынан аман алып қалып, қаншама махаббатты үкілегенін деген сөз қалған. Арасаннан 500 метр жердегі қора мен жартастардағы белгілер ертедегі палеолит, қола дәуіріндегі адамдар тіршілігінен сыр шертіп жатыр. Сонымен қатар, Майтөбе жайлауынан қазақтың домбырасының тасқа қашылған үлгілері де бар. Бүгінде аталған жәдігер Алматыдағы ұлт-аспаптар мұражайында сақталған.

Ешкіөлмес петроглифтері

Ешкіөлмес петроглифтері Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес тау жотасында сақталған. Көксу өзенінің алқабына адамдар осыдан үш мың жыл бұрын-ақ тығыз қоныстанып, таудан аққан өзен суымен егіншілік мәдениетін өркендетуге үлесін қосқан. Ешкіөлместің оңтүстік бөлігінде мал жайған. Тау мен Көксу өзені арасындағы кең алқаптан ұлан-ғайыр уақыттан қалған қоныстар мен қорымдар, алуан түрлі петроглифтер табылды. Сол себепті Ешкіөлмес тауын ежелгі адамдардың салты мен дәстүрінен сыр шертетін киелі орын деуге болады.

Ешкіөлместегі Құйған шатқалы мен Көксу өзенінің оң жағасынан қола дәуіріне жататын Құйған және Талапты қоныстары табылып, қола дәуірінің үш қорымы қазып алынған. Төрт шақырым жоғарыда, Құйған шатқалында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында аздап бұзылған тағы бір қонысқа кездеседі. Сондай-ақ, 14 шатқал төңірегінен қола дәуірінің 3 қорымы мен ерте темір ғасырының бірнеше жерлеу орындарын ашқан Осы зерттеулер арқасында қол жеткізген тарихи жәдігерлерден б.з.д. XII ғасырдан б.з. XII ғасырына дейінгі кезеңдерде Көксу өзенінің алқабын көшпенділер қалай қолданғанын байқауға болады.

Жоғарыдағы қоныстар тау шатқалының ішіндегі желден ықтау жерлерге салынған кәдімгі қыстау ретінде пайдаланылған.

Шыңғысханның тұрағы

Шыңғысханның тұрағы Алматы-Өскемен күре жолының бойында орналасқан. Оның суреті еліміздің төл теңгесінде бейнеленген. Табиғаттың өзі қашап қалдырған биік төбе жайлы ел аузында аңыз да кездеседі. Онда жарты әлемді жаулап алып, Алтын Орда мемлекетінің іргетасын қалаған Шыңғысхан өз әскерінің дайын жаттығуларын осы төбеден бақылап, арнайы бұйрықтар беріп отырғандығы туралы айтылады. Шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстік тарап алақандағыдай көрінетін биік төбе туралы кесек пішіп, терең толғайтын аңыздың қисынына үңілсек, шындықтан алыс кетпегенін байқаймыз. Айналасы құлама жартасты төбеге жалғызаяқ соқпақ шығарады. Күреңбел өңірінің барлық сай-саласын, қырат-жотасын анық көруге болатын төбенің үсті жазық, киіз үй, шатыр тігуге ыңғайлы. Бір қарағанда, атының тұяғы тасты уатып, топырақты езген қалың әскердің әлеуетін, мүмкіндігін биік шоқыдан бақылап, әскери стратегиялық жоспар құруға қолайлы жер. Сондықтан биік шоқы халық арасында «Шыңғысханның шатыры» деп аталып кеткен.

Бесшатыр қорымы

Бесшатыр қорғанды кешені Кербұлақ ауданы Іле өзенінің жағалауы «Алтынемел» ұлттық саябағының аумағында орналасқан.

Бұл төңіректен барлығы 30-дан астам қорған табылған, олардың ең үлкенінің диаметрі – 104, биіктігі – 18 метр. Байырғы көшпенділер қорғанның көлемін дүниеден озған адамның өзі мен тайпасының қоғамдағы рөліне қарай белгілеген. Яғни, қайтыс болған адамның абырой-беделі жоғары болған сайын қорғанды қорым салуға ат салысатын адамдардың саны да көбейе түскен. Тайпалар мен тайпалық одақ көсемдерінің, билеушілер мен патшаларға арналған қорғандардың диаметрі 50 метрден 100 метрге дейін жеткен, тіпті одан да асқан. Ал әйгілі батыр мен рубасы ақсүйектердің қорғаны 30-дан 50 метрге дейін жеткен. Қарапайым жасақшының қорғаны 15, кейде 25-30 метрден аспаған. Осының барлығы да жобамен алынып отырған есеп, алайда, осының өзінен-ақ байырғы көшпенділер арасындағы әлеуметтік айырмашылықты байқауға болады.

Атауынан көрініп тұрғандай, Бесшатыр «Бес қорған» деген мағынаны білдіреді. Алғаш зерттеушілер оны ру-тайпалық таңбалар деп санаған, дегенмен, оның ешкі тәріздес бейнесі салынған петроглифтер болуы да ғажап емес. Жалпы алғанда, Бесшатыр кешені көрген адамды керемет әсерде қалдыратыны анық. Сақтардың ежелгі көшпелі өркениетінің қандай болғанын осы «Бесшатыр» қорғандарынан түйсінуге болады.

Дәл осы ерте темір ғасырында Іле алқабы мен Тянь-Шань тауының бөктеріне сақтар қоныстанған кезде қабір қоршаулардың жоғарыда баяндалғандай үлгісі пайда болған.

Талғар қалашығы

Ортағасырлық Талхир қаласы Алматы қаласынан 25 шақырым жерде, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік жағында орналасқан. Бұл – Іле жазығындағы ең ірі қалалардың бірі болып табылады. Ортағасырлық қаланың қалған бөлігі – жиырмаға жуық аумақ қазіргі заманғы құрылыстар астында қалған.

Соңғы 30 жылда тарих ғылымының докторы, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Т.В.Савельеваның жетекшілік етуімен жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары бойынша қала және усадьбалық құрылыстар, сауда, қолөнер және абаттандырылудың дамуы, су жүргізу жүйесі, бірнеше түрлі ошақтар мен түтін өткізгіш каналдар-крандар бойынша ерекше материалдар берді. Зергерлер қолынан шыққан керамикалық, әйнек ыдыстар коллекциясы, мыс және қола бұйымдары, мүйіз бен сүйек бұйымдары зерттелді. Сондай-ақ, темір өңдеу өндірісінің қару-жарақ, ауыл шаруашылығы құралдары, әртүрлі қолөнер өндірісі қолданатын құрал-жабдықтары түріндегі бай қоры жинақталды.

Талғардың Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болғандығын импортты тауарлардың табылуы дәлелдейді. Олар – Иранның ыдысы мен шамшырағы, алтын жазулы жапон кеселері, сондай-ақ, Қытай мен Оңтүстік Кореяның бұйымдары. Қала VIII ғасырдан XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді.

Әулиеағаш

Панфилов ауданы Әулиеағаш ауылында орналасқан ағаштың жасы шамамен 600-700 жыл деп есептеледі. Аудан тұрғындары оны «Әулиеағаш» деп атап кеткен. Сол себепті осы жерге көптеген сырқат адамдар келіп, әртүрлі аурулардан арылу үшін ағаштың жанына түнейді. Қазіргі таңда бұл киелі ағашқа дұға тілеп ниеттеніп келетін адамдардың саны өсуде.

Аңыз бойынша Жеті әулие баба осы жерге түнеген, соның ішінде Шамшырақ деген әулиенің асатаяғы болған. Сондай-ақ, моңғол шапқыншылығы кезінде Шыңғысханның қаһарлы әскерінен 1500 атты әскерді осы ағаш қалқалап аман алып қалған деген де аңыз бар. Одан бөлек, Шормақ деген батырдың сәбиі болмай сол елдің үлкен кісісі осы жерге келіп арнайы батыр үшін перзент сұрап, дұға тілеп түнейді. Сонда түсіне аян беру арқылы батырдың үш балалы болатынын, екеуі жақын арада, енді біреуі кейінірек дүние есігін ашатынын ескертеді. Аян бойынша, өмір есігін ашқан нәрестенің есімін Ертас деп қоюын талап еткен, бір өкініштісі, ер бала дүниеге келгенде аян бойынша қойылған есімін ұмытып қалады да, сәбиге басқа есім қойылады. Арада көп уақыт өтпей, сәби шетінеп кетеді.

Мұндай алып ағаш әлемнің үш елінде ғана бар екен. Олардың бірі – Меккеде, екіншісі – Қытайда, ал үшіншісі – Жетісу жеріне тамыр жайған. Кезінде осы маңнан Құдайдың жеті сүйікті құлы Мекке-Мединеге жол жүріп өткен дейді. Солардың ішінде, Шамашұрып деген Алланың нұрына шомылған әулие жатар мезгілде асатаяғын осы жерге шаншып қойыпты.

Найзатапқан бұлағы

Найзатапқан бұлағы Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылында Жоңғар тауының маңында орналасқан. Жоңғар тауының күнгей бетінен аққан әр бұлақтың суы шипа, қасиеті әр алуан Қорғас, Өсек, Жаркент-Арасан, Көктал-Арасан, Керімағаш, Найзатапқан сулары талай жанды кеселінен арылтып, бойларына шипа болған көсегесін көгерткен. Осы сулардың бәрінің де бір белдеуде жатуы, олардың арасындағы табиғи байланыс біріктіретін бір тылсым күштердің бар екенін дәлелдейді. Сол себепті, бұл өңірдің құт-берекесі суы мен жерінде. Алыстан қараған көзге Найзатапқан шатқалының бір қыры жүрелеп отырған алып ананыңм иіп тұрған емшегі іспетті, сәмбі талдар көмкерген, көлемі үйдей қос төмпешіктен бұлақ суы жарыса ағады.

Алайда әрқайсының өзіндік дәмі, түрі бар. Бұл арасанның елге қызмет көрсете бастауы сонау жоңғар, қалмақ шапқыншылығынан бері жалғасып келе жатыр. Себебі, мұнда жарақат, теріде пайда болатын індеттерге ем іздеп келетіндер көбірек кездеседі. Негізінен бұл арасан суында күкірт басым. Сүлігі мол батпағы қан қысымын азайту үшін, сондай-ақ, буын, аяқ-қол, жүйке ауруларына ем.

Көтен әулие кесенесі

Көтен әулие кесенесі Сарқан ауданы Көктерек ауылы Лепсі өзенінің бойында орналасқан. Жалаңаш Қоңырбайұлына бойындағы емшілікпен қатар көріпкелдік қасиеті ана сүтінен дарыған екен. Сондықтан өсе келе бабамыздың қасиетін бағалаған ел-жұрты «Әулие» деген атау берген.

Жалаңаш Қоңырбайұлы шапқыншылық уақытында Қаракерей Қабанбайдың әскерінде болып жарақаттанған әскерлердің жарасын емдеп, сынған аяқ-қолдарын салып емшілікпен айналысады. Абылайдың қарамағында қиналып жүргенде жәрдем берер үш кеңесшісі болған. Олардың алғашқысы «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау, екіншісі хан батыры Қабанбай, соңғысы Жаланаш Қоңырбайұлы болыпты.

Ел арасында таралған аңыздарда айтылатындай, бабамыз алты аққу ұшып шыққан жерден алынған темірден жасалған төсімен сауыт-сайман, ер қаруы – «Бес қаруды» соққан. Әулиенің қасиетті төсінің киесі болған. Көтен Қоңырбайұлы тәуіп бабамыз көзі тірісінде: «Төсім де бір, өзім де бір...» деп айтып кеткен екен.

Ол кісі емшілігімен, ұсталығымен, көріпкелдігімен қатар, ән-күй шығарған жырау болды. Қобызын үлкен бір аста ат бәйгесіне қосқан деген аңыз бүкіл қазақ еліне тараған.

Бір үлкен ас-тойда Тәуіп бабамызға дос-дұшпандары: «Сенде қандай әулиелік бар?» деп мазақ етеді. Сонда бабамыз «Кереметімді көріңдер» деп нар қобызын ат бәйгесіне қосады... Бұл киелі нар қобызымен науқастарды да емдеген. Қазіргі уақытта бұл қобыз Талдықорған қаласындағы бабаның екінші ұрпағынан тараған Мамаштың әулеті Ахметтің кенже баласы Бауыржанның үйінде тұр.

Түктібай әулие кесенесі

Түктібай әулие кесенесі Жамбыл ауданы Қызыләскер ауылында орналасқан. Түктібай бұдан 300 жылдай бұрын Сыр өзені бойында өмірге келген. Туылған кезде үсті-басы түгел түк болған екен. Сексен жастан асқан емші атасы немересінің бұлай болғанына қуанып: «Бұл бала нышанмен туды. Есімі Түктібай болады. Әлі ел-жұртының атын шығаратын қасиет қонады бұл қарағыма» деп, бір жасқа дейін жан баласына көрсетпей ұстайды. Сүндетке отырар жылы денесін түгел жапқан түктері өз-өзінен сыпырылып түсіп, омыртқасын бойлай ат жалындай түктері ғана қалады.

Бала он үшке келген кезде ұрғашы тораңғыдан өзі шауып қобыз жасап алыпты. Бұл қобыздың үні шықпай, қара терге түсіп қайта қобыз шабады. Бірде күн батып бара жатқанда далада ұйықтап кетіпті. Дәл өңіндегідей түс көріпті. Түсінде ақ сақалы желбіреп, беліне түскен қария: «Балам, анау Әулиешоқы деген құмның шетінде үй орнындай ғана тақыр жер бар. Соны қазсаң, өмір бойғы керегіңді аларсың. Ал батамды бердім. Қобызды да қасиет қонған киелі жан ұстайды, қолыңды жай!» деп, батасын беріпті. Бала әкесіне айтып, елеулеп Әулиешоқы құмын шарлап, ат аунайтындай ғана тақыр жерді табады. Сол жерді қазып жіберсе, түйе терісіне оралған қобыз бен төс, балға шығады. Түктібай қобызды ала салып, айдалада ойнап көп жөнелгенде уілдеп, құм суырған жел де тынады, алакөбіктеніп долдана аққан өзен де сабыр табады. Қара қобыздың үні қалың құм ішінде шалқып, дала балқып кетеді. Бала тоқтамай жеті күй тартыпты. Өзен жағасындағы қалың аң-құс селк етіп бастарын көтеріп аңыраған күйді тапжылмай тыңдасыпты.

Құлжабай әулие Тайсарыұлы мазары

Мазар Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылы Матай тауының күнгей бетінде орналасқан. Өзінің шешендігімен, тапқырлығымен, әулиелік қасиетімен Тезек төренің назарын аударып, қадір-құрметке бөленген Құлжабай би ақбұйым жұртының иесі атаныпты. Ел арасында үлкен беделге ие болған Құлжабай би Тезек төремен бірлесіп, талай дауды әділ шешіп, халықтың ықыласына бөленген. Бүгінде ұрпақтары додаға түсе қалса, баба есімін ауызға алып, рухтанып қоя береді.

Қазақ-жоңғар соғысы XVIII ғасырдың орта тұсында аяқталса да, оның қазақ руларының аталық дәстүр бойынша қауымдасып, белгілі бір өңірді атамекен етіп қоныстануы осыдан былайғы бір ғасыр бойы созылған. Сол қатарда, зұлмат жылдары Сыр бойын паналаған Жалайыр атаның ұрпақтары ел іргесі қайта тынышталғанда Ескелді, Балпық бабаларының бастауымен Жетісудағы ежелгі қонысына қайта қоныстанды. Жаңа тіршілігін бастаған елдің көші де бірден қалпына келтірілмеді. Бұл жағдай сол тұстағы бытыраған елдің басын қосуда әр рудан шыққан зиялы адамдар мен батыр-билерге үлкен салмақ түсіргені анық. Құлжабай әулие Тайсарыұлы – дәуірдің осындай шағында тарих сахнасына шыққан тұлғалардың бірі.

Қарымбай әулие кесенесі

Ақылымен хан-төрені бағындырған, Ескелді, Балпық, Жолбарыс билердің ісін жалғастырған Қарымбай әулие Тәттібайұлы 1732 жылы дүниеге келді. Қарымбай бидің ұрпағы Назар мен Керімқұл есімдері көпшілкке таныс. Қарымбай әулие өзінің зерек ақылы арқылы заманында хан-төрені бағындырып, киелі сөз, байламды билік айтқан, ел бірлігін бәрінен де жоғары қойған, болжамшы кісі болған.

Тәттібайұлы Қарымбайға қойылған есімі «Қазақы өлшем – қарым» деген мағынаны білдіреді. Бері келе жеңгелері мен келіндері оның әулиелік құдірет күшінен именіп, оған «Жұмыр ата», «Жұмыр әулие» деген атаулар берген. Жетісудың жыр дүлділі ақыны Сара жеті атасынан бері билік дарыған Қарымбай бидің ел бірлігін нығайтудағы қызметіне «ақылмен хан-төрені бағындырған» деп жоғары баға берген. Қарымбай әулиенің баласы Назар Жетісудың аға сұлтаны Тезек төре тұсында әділ билігімен, ал немересі Керімқұл шешендігімен танымал болған.

Қарымбай әулие Тәттібайұлы 1822 жылы дүниеден озды. Кесене Қаратал ауданы Айдар ауылына жақын өзен бойында орналасқан.

Үлпілдек Дарабоз ана жерленген жер

Дарабоз ана, шешен әрі би 1690 жылы Ескелді ауданының төңірегінде дүниеге келген. Шын аты Қалипа делінеді.

Қайын атасы кенже келінінің өзгелерден ақыл-ойы ерекше екенің біліп, Жолбарыс биге сынатыпты. Сонда би Дарабоз анадан: «Көкке тіреу не болар? Көлге піспек не болар?» деп сұрапты. Дарабоз ана: «Жілігін шақпай, майын сорса, қара нарды қалтыратқан қаңтар ғой. Жілігін шақпай майын сорса, екі ағайынды ақпан ғой» деген екен. Сонда Жолбарыс би: «Сенің өз қатарыңнан ойың озық екен, бұдан былайғы ныспың Дарабоз болсын» деп бата беріпті. Сондай-ақ, Жолбарыс би ел ішіндегі проблемаларды бітімгершілікпен шешіп, екі жақты жарастырып отырған.

Күйеуі Құлжа табиғатынан жуас адам болғанымен, Дарабоз ананың ықпалымен ол да ел ісіне атсалысқан. Сонымен қатар, Дарабоз ананың көріпкелдік қасиеті болған. Ол қоғамдағы әйел адамдардың орнын көтеруге көп күш жұмсаған.

Дарабоз ана – адамзаттың алғыры, ақыл-білімге бай, ойға терең, кемеңгер қазақ халқының атақты әйелдерінің бірі. Ол 1770 жылы қайтыс болды. Бүгінде Дарабоз ананың ескерткіші Көксу ауданы Амангелді ауылы Еңбекші округіне қарасты тас жолдың бойында орналасқан.

Әбіш ата және Әлжан ана кесенесі

Кесене Қарасай ауданы Шамалған ауылы Шұбарат ауылының оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында дүниеге келген. Әбіш Назарбайұлы көңілді, қадірлі адам болған. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерін еркін меңгерген. Ал 1971 жылы қайтыс болды.

Елбасының анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келген. Үшқоңырға қоныс аударған сәтте әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Кейінірек, Әбіш екеуі отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешті.

Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық салт-дәстүрлерге, ән-жырларға, әдет-ғұрыптарға әуестігін оятты. Әлжан Назарбай келіні 1977 жылы қайтыс болды. Сөйтіп, 1997 жылы Әбіш ата мен Әлжан анаға арналып кесене тұрғызылды. Заманымыздың алып тұлғалы ұлы перзентін, Елбасын өмірге әкелген Әлжан ананың тарихтан алар орны да ерекше екені сөзсіз.

Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: