Қоғамның сақтығындағы учаскелік полиция инспекторының жұмысы қандай?

23 Маусым 2021, 13:22 11273

Бүгін полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

 

Қай уақытта болмасын әр азаматтың амандығы мен қоғамның тыныштығы басты орында болған. Бүгінгі тақырыбымыз көпшіліктің қауіпсіздігі үшін еңбек еткен, кейде өмірді де қатерге тіккен сақшылар жайында болмақ. Тез шешім қабылдау, артынша шұғыл әрекет ету, сабырлық пен сақтық. Шен тағып, шекпен киген талай азаматтың бойындағы асыл қисиеттер болса керек. Адамгершілік, мейірімділік деген ұлы мінездер бойға дарыса, нұр үстіне нұр. Яғни, қоғам сенген сақшы биліктің ғана шоқпары емес, көпшіліктің ұланы болса дейді.


 

Жәнібек Исаев – полиция капитаны. Нұр-Сұлтандағы «Алматы» ауданы полиция басқармасының №5 учаскелік полиция пунктінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Бұл – бала арманы. Полицей формасын, шені мен шекпенін көргенде ерекше ықыласта болған екен. Сол арман мектепті бітірген соң ҚР Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай полиция академиясына жетелеп келді.

 

— Оқуды бітірген соң Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қаласында орналасқан түзеу мекемесінде жедел уәкіл болып қызмет еттім. Түзеу мекемесінде көптеген оқыс жағдайлар болады емес пе?! Мәселен, сырттан есірткі заттар келуі мүмкін және т.б. Мұнда біз қандай да бір қылмыстың алдын алу, болдырмау, жолын кесу сынды істермен айналыстық, - дейді Жәнібек Исаев.


 

Жұмысқа орналасқанда жігіттің жасы 20-да еді. Алғашқы алты ай қиындықпен өтеді. Темірдей тәртіп, бұйрық, басшылық, дүрбелең күйге түсіретін көп адам. Жәнібек Исаев басында жұмыстан да кеткісі келді. Тек іштегі бір ой «шыдап көр» дейді.

 

— Мұнда мен шамамен бір жарым жылдай жұмыс істедім. Әлбетте, мұнда келген кезде тәжірибеміз де көп емес еді. Кез келген жұмыстың өз қиындығы болады емес пе? Сол сияқты алғашқы кезде жұмысқа үйрене алмаған кездер де басымнан өтті. Әскери өмірдің ыстығы мен суығына төзіп, қиындыққа шыдап, адал қызмет ету әр азаматтың міндеті деп есептеймін. Мәселен, бұл саланы мен өзім таңдап келдім. Сол себептен намысқа тырысып, жұмыс істеп үйреніп кеттік, - дейді учаскелік полиция инспекторы.


 

Ақтөбенің Мұғалжар ауданында жүргенде туыс-туғаны да алыста. Отбасы әлі құрмаған. Жас полицей жалғызсырайды. Өзі — Жамбыл жақтың тумасы. Тек ол кездер қазір елес сияқты. Өйткені, басы ащы, соңы тәтті болды.

 

Кейін Жәнібек Исаев отбасылық жағдайларға байланысты өзінің туған ауылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы ішкі істер бөліміне ауысады. Мұнда ол алты жылдай учаскелік полиция инспекторы, патрульдік полиция полкінде жұмыс істейді. Ал 2020 жылы ол отбасымен бірге елордаға біржола көшіп келді. Содан бері «Алматы» ауданы полиция басқармасының №5 учаскелік полиция пунктінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді.

 

— Бұл жақтың жұмысы аймақтарға қарағанда күрделі. Өйткені мұнда елорда тұрғындарымен ғана жұмыс істемейміз. Оған қоса, республиканың түкпір-түкпірінен де адамдар келеді. Тіпті түрлі халықаралық жиындар кезінде шетелдік меймандар да келіп жатады. Жалпы біз адамдардан түскен түрлі арыз-шағымдарды қарастырамыз.

 

Учаскілік полицей үшін күнделікті режим деген болмайтын шығар. Десе де, күнделікті жұмысы таңғы 9-да басталады. Әуелі полиция бөлімшесінде бас қосып, басшы құрамның қатысуымен жиын өтеді. Кейін берілген тапсырмаларды орындау үшін өзіне жүктелген аумаққа барып, профилактикалық іс-шаралар жасайды. Оған қоса, тәулік бойы халықтан түскен арыз-шағымдар бойынша анықтау жұмыстарын жүргізеді. Кейін полиция пунктіне келіп, шағымдармен келген азаматтарды қабылдайды әрі мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Күнделікті жұмысы кешкі сағат 22:00-де аяқталған соң, басшы құрамға таңнан кешке дейін атқарылған жұмыс бойынша есеп береді. Ал, сенбі-жексенбі не мейрам күндері полицейлердің жұмысы күшейе де, көбейе де түседі.

 

— Біз қызмет барысында көбіне отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы мәселелер, түнгі уақыттағы тұрғындардың тыныштығын бұзу, ұсақ бұзақылық фактілер және қоғамдық орындарды ластау сынды өзге де фактілер бойынша түсетін шағымдармен жұмыс істейміз.


 

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, олардың күнделікті міндеті ел тыныштығын күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу екені рас.

 

Кейіпкеріміз күнделікті қауырт жұмысымен қоса, қалыпты форманы сақтау үшін спорттық жаттығулармен де айналысуға уақыт табады. Өйткені құқық қорғау саласының маманы үшін әсіресе дене дайындығы аса маңызды болып есептеледі. Себебі ол оқыс жағдай кезінде қылмыскерлермен жекпе-жекке шығып қалуы да мүмкін.

 

Аптасына үш күн спорт күні. Күрес пен жүгіру бар. Күнделікті өзінің спорт жаттығулары бар. Жәнібек Исаев үшін бұл қалыпты үрдіске айналды.

 

Учаскелік полиция инспекторы жұмыстан тыс уақытта отбасымен табиғат аясында серуендегенді ұнатады.

 

Сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытатын бұл салада қызмет ету үшін кәсіби біліктілікпен қоса, адамның бойында төзімділік те, шапшаңдық та, сабырлылық та болуы қажет. Оған қоса, мол қажыр-қайрат пен ерлік те адамның бойынан табылуы тиіс.

 

Барша қазақстандықтың амандығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келе жатқан Жәнібек Исаев сынды барлық құқық қорғау саласы мамандарын бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Ел тыныштығы жолында аянбай жұмыс істейтін аса жауапты салада толағай табыстар тілейміз.

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: