Ғосман Төлеғұл: Қоғамдық сенім – ілгерілеудің басты тетігі

31 Шілде 2019, 10:23 2935

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлығы ел өміріндегі айтулы оқиға болды десек, артық айтқандық емес.

Ұлттық кеңес туралы Ережемен және оның құрамымен танысқаннан кейін алғашқы ойға алғанымыз – бұл билік пен халық арасында пәрменді диалог орнатуға, нағыз демократиялық үрдістерді жүзеге асырудың алғышарттарын ұсынуға бағытталған үнқатысу алаңы болмақ екен.

Өйткені, шыны керек, қоғамда әлеуметтік, құқықтық, басқа да салалардағы қордаланған мәселелер аз емес. Оларды шешу жолдарын кеңесе отырып, келісе отырып айқындау – өмірлік маңызы бар іс.

Жаңа құрылымның Ережесіндегі «жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау» деген бабы жалпы мемлекеттің ілгерілеуіне септесетін мықты бір тетік болмақ деп ұғындық. Өйткені бұл құрылымның Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деп аталуының өзі оған орасан зор салмақ жүктелетінін танытады.

Оның үстіне кеңес құрамына іріктелген мүшелер туралы да тек оң пікір білдіргіміз келеді. Оған белгілі саясаткерлермен, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар елдегі ахуал, өткір проблемалар туралы өз ойларын ылғи да батыл әрі конструктивті түрде айта білетін Б.Әбдіғалиұлы, Р.Жұмалы, С.Құттықадам, Е.Саиров, А.Сарым, М.Тайжан, А.Шораев және тағы сол сияқты азаматтардың кіруі – кеңес отырыстарында мейлінше көкейтесті, объективті, нақты сөз қозғалатынын білдірсе керек. Мен мұны кезінде солардың біразымен аралас болғандықтан, олардың халыққа қызмет етуге арналған өз ұстанымдарына берік екендігін білетіндіктен айтып отырмын.

Ережеде көңілге қонымды бір дүние бар. Оның 17-бабында былай делінген: «Ұлттық кеңестің отырыстарына Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңестің мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін». Бұл да қоғам үшін маңызды мәселелерді талқылау кең демократиялық жолмен, терең мүдделілікпен іске асады деген сөз. Яғни, көңілімізге қанағаттанарлық сезім ұялатады.

Ұлттық кеңестің төрағасы Президенттің өзі болуы да жаңа құрылым беделінің аса жоғары екендігінің, талқылайтын мәселелерінің мейлінше өзекті, қабылдайтын шешімдерінің барынша салмақты болатындығының кепілі дегіміз келеді.

Сол себепті де Қ.Тоқаевтың Жарлығымен құрылған аталмыш орган елімізді жаңа даму сатысына көтеруге септігін тигізеді деген сенім мол. 

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,

ҚХА Ғылыми-сараптама 

кеңесінің мүшесі,

Көкшетау қаласы

Бөлісу: