Бүгін «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы болып Нұрбек Матжани тағайындалды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz.
Нұрбек Матжани - Northwestern университетінің менеджмент магистрі, жеке консалтинг.
Білімі: 2007 - 2011 ж.ж. – Машина жасау бакалавры, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін (Алматы); 2018 - 2020 ж.ж. – Инженерлік менеджмент магистрі, Northwestern University, Эванстон, Иллинойс, АҚШ.
Еңбек өтілі: «WikiBilim» қоғамдық қорында үйлестіруші, президент; Қызылорда облысы әкімінің аппаратында маман; «Bilim Media Group» ЖШС-де басқарушы директор, «Atom Media» ЖШС-де атқарушы директор қызметін атқарған. 2020 жылдан бастап жеке консалтинг.
***
Сондай-ақ, бұған дейін осы қызметті атқарған Қазбек Өмірзақұлы Майгелдинов «Қоғамдық келісім» РММ директоры болып тағайындалды.
Қазбек Майгелдинов 1983 жылдың 3 қарашасында дүниеге келген.
2005 жылы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Тарих» мамандығы, 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің магистратурасын «Археология және этнология» мамандығы, 2018 жылы Қарағанды экономикалық Қазтұтынуодағы университетін «Құқықтану: экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығы, 2021 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасын «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірді.
«Археология институты» РМҚК жалпы археология бөлімінің ғылыми қызметкері; ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері; ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде маман; Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми зерттеулер және талдау орталығының басшысы; «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған.
2022 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың құрамына кірді.
«Блогосфера көшбасшысы-2020» номинациясы бойынша «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының иегері. 40-тан астам ғылыми мақала авторы.