Қоғам белсенділері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдады

14 Қазан 2022, 12:26 3648

«Президент сайлауы: жаңа саяси дәуірге қадам» тақырыбындағы жиын өтті

Алматыда «Президент сайлауы: жаңа саяси дәуірге қадам» атты тақырып аясында қойғам белсенділері, саясаттанушылар мен сарапшылар және мемекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен отырыс өтті, деп хабарлайды El.kz.

Отырыста 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына айтқан жолдауындағы мәселелерді талқылады. Әсіресе, 20 қараша күні өтетін президенттік сайлау туралы көзқарастарын айтып, пікірлерін ортаға салды.

«Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламын», - деп айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қолдады.

Сонымен қатар, жиында биыл еліміздегі саяси өзгерістер мен жаңа қабылдаулардың оң бағыттары туралы айтты.

«Алдағы болатын сайлаудың негізі, әлеуметтік сектор мен экономикадағы өзекті мәселелерді шешудің қажетті шарты мен жолы – бұл трансформация. Осы мәселелерді шешпей, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, елдің адами капиталын дамытудың тұрақты іргетасын қалыптастыру мүмкін емес. Бұл сайлау – Қазақстандағы демократиялық өзгерістердің нышаны болмақ», - деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.

Шараны «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырған болатын.

«Мемлекет басшысының мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасы «Жаңа Қазақстанды» саяси жобалаудың барлық үдерісі тұрғысынан дәйекті қадам. Сайлау – ол қашанда сынақ. Әсіресе, біздің барлық мәселелерімізді әшкерелеген қаңтар оқиғасынан кейін. Қоғамдық сенімнің жоқтығы биліктің сайлаудағы басты «қарсыласы» және мемлекеттік басқарудың алдағы жаңа легитимизациясына кедергі. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар туындаған әлеуметтік мәселелерді шешуде сарапшылық объективтілік пен зеректіктің айрықша дағдыларын көрсетуі тиіс. Мемлекет қазақстандықтарды толғандыратын өзекті мәселелерге шынымен «құлақ асуы» тиіс», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты саяси зерттеулер орталығының басшысы Айдар Әмребаев. 

Сонымен қатар, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова өз сөзінде әйелдердің сайлау құқығы тақырыбын қозғады. Ол Қазақстанның саяси тарихында екінші мәрте ғана президенттікке кандидат ретінде әйел өкілдерінің ұсынылып отырғанын атап өтті. 


Миражан Махан
Бөлісу: