Нұрзат Таңат: «Мақсатым – қазақ тілді фан-клуб ашу болды»

27 Қаңтар 2018, 12:15 10709

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»

Нұрзат Таңат – Өскемен қаласындағы Нұр Орда мектебі және дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы гимназияда информатикадан сабақ беретін жас педагог. Ол тек білікті ұстаз ғана емес балаларды спортқа, патриоттыққа тәрбиелейтін фан-клубтың ұйымдастырушысы. Қос мектепте тәлім беріп, оған қоса білдей бір клубтың ресми фан-клубын ұстап отырған Нұрзатпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұрзат, қос бірдей мектепте қызмет ету қиын емес пе?

– Әрине, жоқ. «Ұстаздық етпен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекер айтпаса керек. Аптаның екі күнінде Нұр Орда мектебінде сабақ берсем, қалған күндерім гимназияда өтеді. Информатикадан сабақ беріп қана қоймай, қосымша техникамен жұмыстарымен де айналысамын. Сондай-ақ, видео және фотомонтажбен қызығатындықтан, оқушылармен бірге медиа-клаб жұмысын жүргіземін (@zhambyl.gymnasium instagram). Жалпы, 2015 жылдан бері мұғалімдік қызметтемін. Ұстаздық қызметке келмес бұрын Семей білім инновация лицейінде (бұрынғы қазақ-түрік лицейінде) 4 жыл тәрбиеші болдым.

– Неге педагогика саласын таңдадыңыз?

– Педагог болу – халыққа  қызмет ету, қоғамды тәрбиелеу. Келешек саналы ұрпақтың қалыптасуына үлес қосқым келді. Сол үшін де білім беру жүйесінде жемісті жұмыс істегім келеді.

– Неге информатика?

– Маған информатика жақын болды, компьютерлермен, жаңа техникалармен жұмыс істеу ұнайтын. Сондай-ақ, бұл пәннің бір ерекшелігі тарих, не әдебиет сияқты бір нәрсені қайталай бермейді, жылдан-жылға, тіпті күннен-күнге даму үстінде.

– Өзіңізге тән сабақ өту ерекшелігіңіз бар ма?

– Мен балаларға аз сөйлетіп, көп жұмыс жасатамын. Сондай-ақ, сыныпта парта болғанын ұнатпаймын. Сабағым көбінесе интернетпен байланысты. Сол сияқты тапсырмаларды дәптерге орындауға бермеймін, тек қана компьютермен жасалатын жұмыстарды тапсырамын. Ал оқушылардың оны орындауға бір апта уақыты болады.

– Информатиканы бір орында тұрмайтын сала дедік, өзіңіз қызмет етіп бастаған 2015 жылдан бері бағдарламалар да бірнеше рет өзгерген болар...

– Иә, мен ұстаздық жолды бастаған жылы бізде ардуино деген робототехника саласы болатын, ал қазір Мбот деген жаңа роботтардың түрі пайда болды. Тағы сол сияқты 2015 жылы қарапайым Excel-мен жұмыс жасасақ, қазір Google sheets деген бағдарламаға көштік.

– Бұлардың айырмашылықтары қандай?

– Соңғы шыққан бағдарламалардың мүмкіншіліктері көптеу және орындалу жолдары да тіптен өзгеше. Ескілеріне қарағанда қызықтыратын, еліктіретіндей функцияларға ие.

– Қазіргі балармен жұмыс істеу қаншалықты қиындық туғызады?

– Бәрі де мұғалімнің дайындығына байланысты. Әрбір сабағына аса үлкен жауапкершілікпен қарап, жоғары дайындықпен келген оқытушының сабағы қызық өтетіні түсінікті. Өзім айқайлап, ұрсып көрмеппін, балалармен ашық сөйлесіп, жақын достарымдай сабақ өткіземін. Яғни, барынша еркін сабақ болады. Оның үстіне қазіргі балалар, біздің заманымыздан өзгеше. Оларға «жаз, оқы, тыныш отыр» деген нұсқаулар жүрмейді. Олар артық ақпаратты өте көп біледі. Барлығынан хабары бар. Мұғалімнің білімі олардан жоғары болмаса, сабақты қызықтырып өткізбесе, тығырыққа тіреледі деген сөз. Біздің қазіргі міндетіміз – дамып жатқан заманмен бірге жүру. Балалардың қызығатын дүниелерін біліп, соларды зерттеп, зерделеу және ұлттық санамызды сақтауға үлес қосу. Жалпы, бір орында тұрмай, өзімізше дамып, білімімізді жоғарлатып отыруымыз керек.

– Олардың ата-аналарымен қаншалықты жұмыс жасайсыз?

– Кей балалардың үлгерімі нашар болып жатса, ата-анасына хабарласып, қадағалауын тапсырамын. Баланы ұрысу мақсатында емес... тек сабағын аздап қадағалау үшін жасалатын ескертпелер ғой. Бірақ бірден сіздің балаңыз «нашар оқиды» деп, кемсітіп, үлгерімін бетіне баспаймын, басында жақсы қырларын айтып келіп, «мынандай әлсіз тұсы бар еді» деп қоса кетемін. Осыдан кейін ата-аналар балаларымен жұмыс жасап, міндетті түрде менің ескерпемнен сабақ шығарады.

– Ұстаз болу оңай ма?

– Қай жағынан алып қарасаңыз да, ұстаздық ету оңай шаруа емес. Мен мәселен балалармен әр түрлі тапсырмаларды жасап, бір жобаларды іске асырғанды ұнатамын. Ал баға қою, журнал толтыру секілді жұмыстары аса ұнамайды. Бұл артық жұмыстар ұстаз болудың креативті тұстарына тұсау салатын секілді. Қағазбастылық – еркін болуға кедергі келтіреді.

– Семейдегі фан-клуб құрудың басы-қасында болғаныңызды білеміз. Жалпы, бұл идея қайдан туындады?

– Мектеп оқып жүріп, фан-клуб құрсам, сол жанкүйерлермен бірге сүйікті командамның әрбір ойынына барып, тамашаласам деген армандарым болатын. Осы арманым ақыры тыным бермей, фан-клуб құруға алып келді. Төрт жыл тәрбиеші болған қазақ-түрік лицейінде жүріп, сондағы мұғалімдермен ақылдаса келе, қазақи фан-клуб ұйымдастыруды қолға алдық. Қазақи деген жерді «сызып» айтқым келеді. Себебі, елімізде фан-клубтар жетерлік. Бірақ, олардың арасында қазақ тілділері жоқтың қасы. Басты мақсатымыз – ана тілін бірінші орынға қойып, балаларды спортқа шақыру, патриоттыққа үйрету, бірлікке бастау. Лицейде оқитын балалардың өздері де футбол десе, «ішкен асын жерге қоятын», қызығушылықтары басым еді. Десек те, алғашында бізге келіп қосылғандардың саны аз болды. Келе-келе өсе түстік. Осылайша, плакат жазып, ойындарға бара бастадық. Араға біраз уақыт салып, мектеп директорының қолдауымен барабан сатып алдық.

– Басында нақты қанша бала жиналды, ал ең көп жиналған кездеріңіз қанша еді?

– Басында жанкүйерлер клубымыз 20-25 адамнан тұрды, сосын 80-ге дейін  жеттік. Адам көбейген сайын қызық бола түседі. Бір өзің жанкүйерлік еткеннен гөрі, солай достарыңмен, не оқушылармен барып қолдау көрсетудің жөні бөлек. Бірге қуану, бірге қайғыру... талай рет басқа қалаларға сапар шектік. Бұл да бір өзінше қызық. Балалармен бірге автобус жалдап, командаң үшін бірнеше шақырымды артқа тастап, жанкүйерлік етуден асқан бақыт жоқ.

Ал дайындық кезіндегі қызықтар ешқашан естен шықпайтын шығар. Шетелдік музыкаларға қазақша сөз жазып, балаларға параққа шығарып таратамыз. Соны жаттап, бірге хормен айтып дайындалатын едік. Ал ойынға шығарда міндетті түрде балалардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында бір мұғалім не тәрбиеші еріп барады. Бұл фан-клубтың бастамашысы мен болғанымен, оның жанданып, гүлденуіне бірнеше адамның үлесі қосылды. Қолдаушылар табылды. Бұл біздің ісіміздің алға жылжуына ықпал етті. Осылай келе-келе, «Алтай» футбол клубының ресми фан-клуб болдық. Әуелі баста, семейлік «Спартакқа» жанкүйер болып жүргенбіз. Содан кейін Шығыс Қазақстан облысының атынан шығатын өскемендік «Восток» пен семейлік  «Спартактың» қосылуынан туған командаға қолдау көрсетіп кеттік.

– Шамамен қанша ойынға баруға мүмкіндік туды?

– Шамамен 20-30 ойынға жанкүйерлік еттік.

– 2015 жылы «Алтай» командасы Қазақстан премьер-лигасына шыға салысымен, кедергілерге тап болып, екінші лигаға бір-ақ түсіп кетті. Ал сол кезде қолдау көрсетіп, ойындарына бардыңыздар ма?

– Ол кезде бара алмадық. Себебі, клубтың барлық ойындарын Өскемен қаласына ауыстырып тастады. Біз Семейде болғандықтан, барып, қолдау көрсету қиынға соқты.

– Ал қазір фан-клубтың жағдайы не боп жатыр?

– Қазір мен Өскемен қаласында жұмыс атқарамын. Өзім де ол қаладан қоныс аудардым. Қазір фан-клуб жұмысын тоқтатты. Оны бастаған кісілер жан-жақа тарап кеттік. Енді, қолға алып, істі ары қарай жалғастыратын адам болмай жатыр.

– Қазір, «Алтай» бірінші лигаға шықты, неге Өскемен қаласынан жаңа фан-клуб ашпасқа?

– Мен қазір басқа мектепте жұмыс атқарып жатқандықтан, оны қолға алуға мүмкіндік жоқ. Мүмккіндік тапқанның өзінде оны бірден ресми етіп ашу қолымыздан келмейді. Басында балаларды жинау үшін аздап тер төгуге тура келеді. Бұл бірден біте қалатын шаруа емес... Бірақ, бұл жоспарды алдағы күннің еншісіне қалдырайық.

Екі жыл бұрын прьемер-лигаға жолдама үшін «Алтай» мен «Тараз» клубтары таласқан еді. 3-0 есебімен сіздің команда ойсырата жеңген болатын. Осы ойынға да барған боларсыздар?

– Әрине, сіз айтып отырған ойын Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында өткен болатын. Арнайы бардық. Шамамен 50 кісі сол ойында жанкүйерлік еттік. Клубтың өзі қаржыландырып, жолымыз бен тамағымызды «көтерді». Қаланың ішінде арнайы автобуспен алып жүрді. Қуанышымызға орай, біздің команда жеңіп, мерейімізді үстем етті.

– Жанкүйерлік етуге оқушыларды қалай қызықтырасыз, тәжірибеңізбен бөліссеңіз...

– Оларды жинап, өз командамызға жанкүйерлік етуге барайық деп ашығын айтамын. Футбол көріп, бірге қолдау көрсетіп, уақытты қызықты өткізуге шақырамын. 

– Олар бірден келісе ме?

– Басында бірден 50-80 адамды жинай алмайсыз. Бірақ, кем дегенде 15 баланы жинауға мүмкіндік бар. Келе-келе, футболға қызығатын, жанкүйерлік еткісі келетін, бізбен бірге барғысы келетіндер қосыла береді. Ең бастысы, жақсы насихат жүргізу.

– Фан-клубпен бірге талай қызықтарды бастан өткердік деп жатырсыз, нақты біреуіне тоқталып кетіңізші...

– Барабаннан туған мәселені айта кетейін. Біз оған алдын ала тапсырыс беріп қойдық, бірақ ол керек кезде жолда болып, қолымызға жетпей қалды. Біз барғалы отырған кездесу өте маңызды еді. Тығырыққа тірелген соң, YouTube желісінен қолдан барабан жасаудың тәсілдерін көрдім де, музыкалық құралды үй жағдайында дайындадым. Бірақ, оның қолдан жасалғанын ешкім де байқаған жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: