Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ел дамуы мен өңірлердің әлеуетін арттыруға қатысты бірқатар маңызды мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен бастамалардың нәтижесін халық нақты сезіне бастады.
Атқарылып жатқан іргелі істер мен байыпты бастамалардың мазмұны мен мәнін халық жоғары бағалайтынына көз жеткізіп отырмыз. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жұмыстар жүйеленіп, нақты құрылымға ие болды және өз нәтижесін беруде. Мұның жемісін қарапайым халық көріп отыр, – деді депутат.
Нұртай Сабильянов жаңа облыстардың дамуына мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмалары айрықша серпін бергенін атап өтті.
Жаңа облыстардағы ауқымды жұмыстардың жүзеге асуына осы өңірлерді қаржылай қолдау жөнінде берген тапсырмаңыз үлкен ықпал етті. Соның нәтижесінде қомақты қаржы бөлінді. Айта кетейін, өзім сайланған Абай облысына алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 1 триллион 200 миллиард теңге қарастырылды. Бұл – өңіріміз үшін бұрын-соңды болмаған нақты әрі қомақты қолдау, – деді ол.
Сондай-ақ депутат шығыс өңірлердегі жол инфрақұрылымының жақсара бастағанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын айтты.
Өскемен – Аягөз – Талдықорған, Қалбатау – Майқапшағай, Семей – Өскемен бағытындағы республикалық жолдар жөнделіп, көлік қозғалысы едәуір жақсарды. Осы тұрғыдан алғанда, Қарқаралы – Аягөз – Бұғаз республикалық автожолын жөндеу аса маңызды. Бұл жол толық жаңартылса, шығыс пен орталық өңірлер арасындағы байланыс нығая түсер еді, – деді депутат.
Құрылтай барысында шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесі де көтерілді. Нұртай Сабильянов бұл бағытта дайындалған заң жобасының стратегиялық маңызын атап өтті.
Сіздің Бурабайдағы құрылтайда айтқан ұсынысыңызға сәйкес, ел тарихында алғаш рет шекаралық аумақтарды дамытуға арналған заң жобасы әзірленді. Бұл – еліміздің аумақтық тұтастығы мен экономикалық тұрақтылығын нығайтатын маңызды құжат. Заң қабылданса, 65 шекаралық ауданда тұратын 3,5 миллионға жуық халықтың жағдайы жақсарады, – деді ол.
Депутат ел ішіндегі бірқатар түйткілді мәселелерге де тоқталды. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажеттігін алға тартты.
Қазір банктер кәсіпкерлерге 20-25 пайыздық мөлшерлемемен несие ұсынып отыр. Бұл бизнесті дамытуға үлкен кедергі. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау үшін жеңілдетілген несие жүйесін енгізу қажет деп санаймын, – деді Сабильянов.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бөлінетін қаржының тиімділігіне тұрақты түрде талдау жасалуы тиіс.
Бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек. Ол – жаңа жұмыс орындары, өндірісті дамыту, экономикалық өсім, – деп атап өтті ол.
Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне тоқталған депутат ауыл әкімдерінің қаржылық дербестігін арттыру қажеттігін айтты.
Ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту жөніндегі тапсырма өте өзекті. Білім саласын қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайтару қажет. Шалғай ауылдағы бір мектептің жылу жүйесі істен шықса, мәселені жедел шешу қиын. Аудан әкімдерінің бұл мәселеде нақты өкілеттігі болуы тиіс, – деді ол.
Ауыл медицинасындағы кадр тапшылығы да назардан тыс қалмады.
Ауылға барған жас дәрігерлерге берілетін 8,5 миллион теңге көлеміндегі көтерме жәрдемақы барлық өңірде бірдей тиімді жұмыс істеп отырған жоқ. Осы қолдауды «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен біріктіріп, дәрігерлерді ауылдармен қатар шағын қалаларға тартудың нақты тетіктерін енгізу қажет, – деді депутат.
Сөз соңында Нұртай Сабильянов экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне тоқталып, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызын атап өтті.
«Таза Қазақстан» – бұл жай ғана акция емес, ұлттық жауапкершілікке негізделген қозғалыс. Жастарымыз 2 203 шақырым жолды тазалап, баршамызға үлгі көрсетті. Бұл бастаманы әрбір азамат қолдауы тиіс, – деді ол.
Депутат Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында бұл бастаманы жаңа деңгейге көтеруді ұсынды.
Мерейлі белестер тойлаумен емес, санамыздың өзгергенін, жақсы әдеттердің қалыптасқанын көрсететін нақты істермен есте қалуы керек, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.