Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің ықпалы азайып, штат саны қысқарғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Тілшілер Мәулен Әшімбаевтан миллиардтаған қаржы бөлінетін Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің қаншалықты керегі барын сұрады. Спикер бұл мекемеге қаржы бөлу мәселесі қайта қаралатынын тілге тиек етті. Себебі функциясы да азайған, тиісінше жұмыс істейтін адамдар саны да қысқарған. Сондықтан қаржы мәселесі Қаржы министрлігімен бірге талқыланатынын айтып сендірді.
Білуімше, канцелярияның көлемі қысқарған. Онда жұмыс істеп жатқан адамдар саны да күрт азайды. Алайда оның нақты қанша екенін айта алмаймын. Осыған байланысты бюджетті қарағанда қаржы бөлу мәселесін қарайтын шығармыз, - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Жалпы, 2022 жылы экс-президент кеңсесінде штат саны 40 пайыз қысқарғаны айтылған. Яғни кеңседегі штат саны 30 бірлікті құрайды. Ал қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков биыл кеңсені қаржыландыру көлемі 1-1,5 миллиард теңге болғанын, оның 130 миллион теңгесі қысқартылатынын алға тартқан.
Нақтыланған бюджет аясында Тұңғыш Президент кеңсесінен 130 миллион теңгені қысқартамыз. Қалған қаржы көлемі 1-1,5 миллиард теңге шамасында. Соның 130 миллион теңгесі қысқарады. Бұл тек биылғы жылға, - деген Дәурен Темірбеков.