Нұрғали Нүсіпжанов – 80 жаста

5 Қаңтар 2017, 16:51 33627

 ҚР Халық әртісінің мерейтойы

«Сексен жасқа толдыңыз. Қандай сезімде отырсыз?» дейсіз бе? Бұл сұраққа қалай жауап берерімді білмеймін. Мен үшін еш нәрсе өзгермеген сияқты.

Менің өз жасымнан әлдеқайда жас көрінуімнің бәлендей құпиясы жоқ. Ол үшін өзіңді күнде бәйгеге қосылатын жүйрік сияқты әрдайым формада ұстау керек.

Жақында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі және мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен мерейтойлық концертімді бергелі жатырмын. Бұйырса, бастан-аяқ жанды дауыста шырқаймын. Қазір бағдарламаны дайындап жатырмыз.

Мен сахнаға шыққалы да 60 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мыңнан астам ән шырқадым. 126-дан астам композитордың шығармасын орындадым.

Жамбыл атындағы Қазақ ұлттық филармониясындағы жұмыс кабинетімде көптеген қазақстандық мықты композиторлардың ноталары, шығармалары, партитуралары жинақталған. Қазіргі кезде кез келген Халық әртісінің үйінен ондай байлықты таба алмайсыз. Мұны бір жағынан мақтанып айтып отырмын.

Мен еш уақытта дүние жиған жоқпын. Халыққа қызмет еттім. Өмір бойы композиторлардың әндерін насихаттаумен келе жатырмын.

Әнші болмағанда, математик болар едім. Алматыда тұратын математика ғылымдарының докторы, менің ұстазым «сен әнші болмағанда, математика саласына келер едің» деп жиі айтады.

Адамда арман көп қой. Ең бастысы, егемен елдің өнері өзінің тәрбиелік мәнін жоймаса екен, қазақ әнінің рухы төмендемесе екен деймін.

Нағыз өнер адамының арқалаған аманаты өте ауыр. Әрине, оны өзі сезіне білсе...

Жастар еліне, Отанына қызмет ету үшін өмір сүруі керек. Сонда көп нәрсенің шешімі өзінен-өзі табылады.

Балалық шағымыз соғыс жылдарына тура келген соң ерте есейдік. Есіміз кіресілі-шығасылы төрт-бес жасымызда бізді колхоздың жұмысына пайдаланды. Мал-жанымен күн көрген қазақ ауылында өстік қой, үй шаруалары да мойнымызда-тұғын. Қазір менің балаларым, немерелерім ондай өмірді елестете де алмайды. Қаланың тіршілігіне әбден үйренген. Сондай еңбекпен өсетін өмірді сағынады екенсің. Балаларымды, немерелерімді солай тәрбиелегім келеді, оған менің мүмкіндігім жоқ. Бесіктен белі шыға еңбекпен тәрбиелеудің мемлекеттік, ұлттық жүйесі болуы керек. Ондай жүйе жоқ бізде. Өкінішке қарай, қазір мектеп, институт, университетте біздің ұлттық қасиетімізді ұлықтайтын, шәкірттерді ұлттық құндылықтарымызға икемдейтін жүйе жоқ. Қалтамызға ақша басып ап, дүниені аралап жүрміз. Аралап жүргендердің сол елдің озық дүниелерін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен ұштастырып, ағарту саласын дамыту ойына да келмейді. Бұл – өкініш.

Мен әнді санымен емес, сапасымен өлшеймін. Әр әнді әбден «жауыр болғанша» жұртты мезі етіп айта бермеймін. Репертуарымды үнемі жаңартып отыруға тырысамын…

Жас кезімде арманшыл, романтик жігіт болдым. «Ананы меңгерсек, мынаны білсек» дейтінбіз. Қазір мен қарап отырып күлем, бәрі болмаса да жастардың біразы бірден лауазымды қызмет атқарып, жұмсақ креслоға жайғасқысы келеді. Сонда басқа жұмысты кім істейді? Осылай ойлаудың өзі қауіпті ғой.

Бұрынғы әншілер, композиторлар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Менің дауысыма сай тамаша әндер жазған авторларым болды. Ол авторларым қазақтың біртуар перзенттері Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды азаматтар еді. Сол аманатты мен арқалап, көтеріп жүрмін. Ол – менің өмір бойы арқалаған аманатым. Оны мен бір жерде шашып, бүлдіріп, түсіріп алуға қақым жоқ. Менің адамдық қасиетім де, достығым да сол аманатпен өлшенеді. Бұл аманат менен кейінгі буынның да мойнына жүктеледі. Ол – менікі емес, маған уақытша ғана берілген нәрсе.

Менің ағаларым, қатарластарым бүгінгі өлшеммен айтқанда көбі кедейшілікпен өмірден өтті. Дүние қумады, адамдармен ішкі есеппен араласпады. Менің өзіме қазіргі кезде: «Қонаев көкеңнің алдынан өткен адамсың, Асанбай Асқаровтың жанында жүрдің. Бірақ сенің саяжайың да жоқ», – дейді. Сонда адамдар бір-бірімен есеп үшін ғана араласу керек пе? Ондайды түсінбеймін.

Қазір шала сауатты, бірақ тез танылғысы келетін, тез көрінгісі келетін білімсіз жастар көбейіп барады. Оқып, білім алып бас қатырғысы келмейді. Мен өзім жас кезімде қазақ телевидениесінде он жыл музыкалық редактор болып қызмет істедім. Сол кезде бір әріптің басы қисаймайтын, бір автордың аты эфирде бір күнде екі қайталанбайтын. Эфирқұмарлық деген үлкен ұят саналатын.

Өнерді шоу-бизнеспен шатастырып, ботқа жасауға болмайды. Шоу-бизнес деген – ақша қуғандардың ойлап тапқан термині. Ал өнер деген қасиетті ұғым!

Өркениетті өнер бізде де бар. Яғни, дәстүрлі өнерден бастап, ән-би, күй, тіпті батыстың балетін де бір кісідей меңгердік. Осыларды дамытып, дұрыс жолға қоюымыз керек. Бүгінде ұлттық өнерді бойына сіңірмеген жастар жаһанданудың легінде кетіп бара жатыр. Менің қорқынышым да, үрейім де – осы. 

Мен жер шарының көптеген елдерін аралап көрген адаммын. Олардың дербес мемлекет болып, өздерінің төл мәдениетін мадақтап, елінің рухына қызмет етуі басқа еш халықтың мүддесіне нұқсан келтіріп жатқан жоқ. Қайта бірге, қатар өсіп-өркендеп жатыр. Әр халықтың өнері мен ғылымы өз Отанында ғана дамиды.

Материал Нұрғали Нүсіпжановтың el.kz тілшісіне бүгін берген шағын сұхбаты және әр жылдары қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттары негізінде әзірленді

(Жоғарыдағы бірінші сурет astana-akshamy.kz сайтынан алынды)

Роза Сексенбайқызы
Бөлісу: