Нұрбек Оралбай: Енді екі ай тынығып, әлем чемпионатына дайындаламын

12 Тамыз, 11:04 1870

Бүгін Астана халықаралық әуежайында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды бокс жанкүйерлері сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Париж төрінде өткен ХХХІІІ олимпиаданың аяқталуымен құттықтап, жеңіс тұңғырынан көрінген спортшыларға жылы лебізін білдірді.

фото: Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Сіздерді шын жүректен туризм және спорт министрлігі атынан осы жеңіспен құттықтаймын. Бұл – үлкен жеңіс. Нұрбек, әлі жассың, алда тағы олимпиада бар. Айбек ағаң екеуің жеңісті қолдан бермеңдер. Құтты болсын!, – деді туризм және спорт вице-министрі.

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай олимпиадаға алтын үшін барғанын және алдағы жоспары туралы айтып берді.

Фото: Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ 

Осылай қолдап жатқандарыңызға алғысым шексіз. Өкінішке қарай, екінші орын болып қалды. Сіздер үшін қатты алтын алғым келіп, қазақ елін қуантып, әнұранымызды шырқатқым келген еді. Осы жолы бұйырмай тұр екен. Келесі Олимпиада ойындарында бар күш-жігерімді салып, елге абыроймен оралып, сіздерді қуантамын деген ойдамын, – деді Нұрбек Оралбай.

Сондай-ақ Нұрбек қарсыласы туралы былай деді:

Фото: Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Осал қарсылас болмады. Бірақ финалдық жекпе-жек қиын болды. Финалдық бәсекедегі қарсыласым әлем чемпионы және Токио Олимпиадасының күміс жүлдесіне ие болған өте мықты қарсылас. Келесі жолы тағы шығып жатсақ, есемді қайтарамын және ұтамын деген ойдамын. Енді екі ай тынығып, емделіп, сосын әлем чемпионатына дайындаламын, – дейді боксшы Нұрбек Оралбай.

Нұрбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев та финалдық айқас туралы пікір білдірді.

Фото: Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ 

Ақтық айқаста Нұрбек жеңілмеді. Бірақ төрешілерге өзінің сәл шаршағандығын көрсетіп қойды. Соған келісеміз. Олександр Хижняк физикалық тұрғыда сәл басым болып тұрды. Ал бокс жағынан біз басым болдық. Біздің шабуылымыз, жойқын соққыларымыз дәл тиіп отырды. Десе де қайсысының қолын көтерсе де, бұл жерде ренжімеу керек. Өте тең дәрежеде өткен жекпе-жек болды. Мұндай жекпе-жектер бізді пісіреді, шыңдайды және мықты етеді. Үлкен тәжірибе алып келе жатырмыз, – дейді Нұрбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев.

Фото: Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: