Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігі көпбалалы аналарға баспаналы болуға жәрдемдесті

6 Тамыз 2019, 18:09 4129

Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жанындағы «Нураний анилар» қоғамдық қорының төрайымы Жахангер Муратованың бастауымен Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылында өмірдің қиын жағдайларына тап болып, баспанасыз қалған көпбалалы аналарға арнап үй салынып, кілті табыс етілді.

Үш ай бұрын жастар арасынан еріктілер бой көтеріп, бос тұрған жерге үйдің құрылысын бастап, оны аз уақыт ішінде тұрғызды.

Игілікті істің басы-қасында жүрген Ж. Мұратова он баланың ортасында өсіп, қиын уақыттарды бастан кешкен. Ол өзінің бала арманы – көпбалалы отбасылырға көмектесу болғанын айтады. Қайырымдылықты қолға алу мақсатында басқы кездерде ауыл тұрғындарына азық-түлік, киім-кешекпен көмек көрсеткен екен. Кейін келе үй салуды қолға алған.

«Халықтың тарапынан көмек келіп, демеушілер атсалысса, неге үй салып, панасыз жүрген мұқтаж жандардың санын азайтпасқа. Көпбалалы отбасының балалары ерте жастан қиындықты көрмесе, балалық шақтың бал дәмін ғана сезінсе екен», – дейді жаны жомарт Ж. Мұратова. 

Баспаналы болған төрт ана мен он сегіз баланың бұдан былай тұрақты жатын орны болады, әрі баратын мектебі де қасында.

Қайырлы істің несібесі бұйырған бес баланың анасы Зарина Чурукова қуынышымен бөлісіп: «Бұл сәтті ешқашан ұмытпаспын, өйткені өмірімде бірінші рет шынайы қуанып тұрмын. Маған үй беретіні жайлы естігеннен бері жүрегім алып-ұшып жүрмін. Қуаныштың көз жасы тиылар емес», – десе, бес баласын бір өзі тәрбиелеп отырған Татьяна Хульхачинова баспаналы болғанына сене алмай жүргенін жеткізді: «Енді ылғи пәтер ауыстырып, ай сайынғы төлейтін қаражатты қайдан табам деп уайымдамайтын болдым. Өмірімнің өзгеретініне қуаныштымын. Үлкен толғаныспен барша қайырымды жандарға алғысымды жеткіземін», – деді Т. Хульхачинова.


Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: