Нұр-Сұлтан қаласы: ұсыныстан өзгеріске дейін

24 Наурыз 2019, 20:23 11483

Астананың Нұр-Сұлтанға өзгеру шежіресі: кімдер қандай атау ұсынды? Идея неше жылда іске асты?

Қазақ жұрты үшін 2019 жылдың наурызы дүбірге толы өзгерістерді ала келді. Халықтың қалауы, көптің алқауымен алаш елін екі ширекке билеген тұңғыш Елбасы қызметінен кетті. Тарих жаңа парағын ашты. Уақыт өз қолтаңбасын қалдырды. Тұңғыш Елбасын, оның Қазақстанмен біте қайнасып кеткен есімін елі есіне алып толқыды. 90-жылдардың тоқырауынан бүгінгі биікке жеткізген еңбегін ескерген аға буын қарашықтарын жасқа шылады. Ал көзін ашқалы Елбасы есімімен есейіп келе жатқан жастар тебіренді.

Бәлкім елдің осы көңіл ауанын сезінгендігінен болар, ант қабылдаған күні су жаңа Президент – Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Әбішұлына айрықша алғыс білдірді. Жай алғыс емес, алаш астанасын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынды. Халықпен бірге елжіреп отырған Парламент те бұл ұсынысты бір ауыздан құптады. Сонымен араға күн салып тағы бір тарихи оқиға осылайша жарқ етті.

Іркес-тіркес келген екі жаңалық әлі де қызу талқылануда. Әсіресе, соңғы Астана атының өзгеруі пікір көрігін мейлінше қыздыра түсті. Біз бұл шағын жазбада қандай пікірлердің болғанын емес, мәселенің басқа бір қырына үңілгіміз келеді.

Сонымен Астана атын Нұр-Сұлтанға өзгерту су жаңа идея ма? Ұсыныстың түп иесі кім? Бұған дейін мұндай тілек айтылса, кімдер айтты? Ұсыныстан нақты өзгеріске дейін қанша жыл кетті? Осындай бір-бірімен ұштасып кеткен салалас сұрақтар біздің аз-кем қалам тербеуімізге түрткі болды.

«Сұлтан-Ата»

Ақмола Астана атанған 1998 жылдан бастап есептесек, қазірге дейін елорда мәртебесінде жиырма бір жылды өткеріпті. Осы қос онжылдықта қала тұрғындарының саны 3 есе көбейген. Тұңғыш Елбасының астананы көшіру жобасы тек саяси, гео-стратегиялық тұрғыдан ғана тиімді болып қалмай, әкімшілік орталық ретінде де еліміздің жан-жақты дамуына өз әсерін тигізді. Халықаралық деңгейдегі ірі саяси шараларды табысты өткізді. Астанамен бірге Қазақстан да саяси сахнада жаңа ойыншыға айнала бастады.

Айтып-айтпай Нұрсұлтан Әбішұлының төл жобасын бүгінде әлем таниды. Бұны елордамыздың ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алуымен де сабақтастыруға болады. Мүмкін осындай еңбегін бағалап, қала жетістігі мен болашағын танығандығынан болар жиырма жылдықтың бел ортасында, яғни 2009 жылы Әзербайжан Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті елшісі Лятиф Гандилов Астана атын өзгертуді ұсынды. Мұны ол Елбасының шетелдік елшілерді қабылдаған кездесуінде айтқан. Елшінің уәжіне жүгінсек, Президентті бала кезінде Сұлтан деп атағандықтан Астананы Сұлтан-Ата деп өзгертуге болады.

Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі болған Л. Гандилов.

Оның үстіне бұл бұрынғы Алма-Ата атауымен де үндеседі. Елші сөзінің қисынын бағалау мақсатымызда жоқ. Бірақ осы ұсынысынан бір жылдан кейін Лятиф Гандилов елші миссиясын аяқтап, еліне кері қайтты. Әрине, «Екі елдің арасындағы достық және бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Президент атынан кеудесіне II дәрежелі «Достық» орденін де  қадай қайтты. Көптеген елдерде елші қызметін атқарқан Лятиф Сейфеддинұлының бұл кезекті дипломатиялық қадамы ма? Әлде жақұттай жарқыраған Астана мен ақ маңдайлы Елбасымызға деген тебіренісінен туған шынайы тілегі ме, нақтысын түстеу қиын. Бірақ халықаралық дипломатияда елшінің сөзі өзі өкілдік ететін мемлекеттік пікірін білдіретіндігін ескерсек, онда мұны ресми Бакудың де көзқарасы деп ұғынуға жол ашық. Қалай дегенде де Гандилов бөгде елдің ресми өкілі ретінде Астана атын өзгертуді ұсынған тұңғыш тұлға болып тарихта қалды.

Терешкованың тебіренуі

Астана атын өзгерту осыдан кейін мүлдем естілмей қалған жоқ. Әредік әркімдер тарапынан айтылып жүрді. Гандиловтан кейін Астанамызды көріп тамсанып, «Астана емес, қала Нұрсұлтан Назарбаев есіміне берілу керек» деп емеурін танытып кеткен екінші шетелдік тұлға – Валентина Терешкова. Әйел затынан шыққан тұңғыш космонавт, отставкадағы генерал-майор, оған қоса Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты лауазымы бар бұл тұлғаның пікірі де өзінің атақ-титулдарындай салмақты сезілді бізге. Оның үстіне Ресей Мемлекеттік Дума депутаты ретінде елімізге ресми келген іссапар үстінде айтылғандықтан жеке тұлға, әлде көршілес елдің саяси көзқарасы екенін  ажырату қиын. Әйел заты ретінде қала келбетіне тамсанған нәзік жандының жасырмай айтқан жан сыры десек те келетіндей. Қандай өлшемге салсаңыз да икемге келетін ииі жұмсақ пікір.

Әлемдегі тұңғыш әйел-космонавт  –  Валентина Терешкова.

2018 жылы жасалған бұл ұсыныс соңғысы да, алғашқысы да емес еді. Асылы терістікте қоңсы қонған көршінің Астана атауына елітіп, өзгеріс тапқанын үздіге аңсайтыны бір бұл емес. Одан 2 жыл бұрын, анығы 2016 жылдың қарашасында мұндай сұрақ "Россия 24" телеарнасының тілшісі тарапынан да қойылған. Ресей телеарнасына берген арнайы сұхбатында Елбасы: «Қазақстанда көптеген маңызды халықаралық шаралар өтті. Ел оларды түгел Қазақстанмен байланыстырады. Барлық жерде Астана айтылады. Астана - бренд. Сондықтан атын өзгертудің қажеті жоқ деп есептеймін», – деп жауап берген-ді. Журналистің елорданың ребрендингі туралы қойылған сұрағы осылайша «Астананың атын өзгертудің қажеттілігін көріп тұрған жоқпын» деген  Нұрсұлтан Әбішұлының кесімді жауабымен келте қайырылған.  

Сәттен басталған қадам

Шетелдік саяси қайраткерлер ұсыныс білдіріп, белсенділік танытып жатқанда өз еліміздегі атқамінерлер әсте үнсіз қалған жоқ. Анығы Әзербайжан елшісіне дейін де мұны өз ішімізден айтушылар болды. 2008 жылы 4 маусымда сол тұстағы Парламент депутаты, генерал-майор Сәт Тоқпақбаев алғашқы болып өз ниет-көзқарасын ортаға тастады. Қос палатаның жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған арнайы депутаттық сауалында Сәт мырза Астана қаласын Нұрсұлтан деп атағысы келетінін ашық аңдатты: «Мен бұл мәселені ешкіммен келіспедім. Ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде Президент Назарбаевтың жеке бастамасымен жасалды. Және оның еңбегінің арқасында қазір Есілдің сол жағалауында әсем қала салынды.

Генерал-майор – Сәт Тоқпақбаев.

Ол тек соның ғана еңбегі, сондықтан мен Астананың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай ұсыныс жасауды ұйғардым». Депутат өз сауалының уәжділігін осылай дәйектеген екен. Әрине, ұсыныс талас тудырған жоқ. Көпшілік депутат қуана қолдап, көтерілген мәселенің дұрыстығы мен өзектілігін дәлелдесті. Бірі шетелден мысал іздеп, Вашингтоннан бастап астана аттарын санамалап, әлемдік тәжірибеде бар үлгіні мысал етісті. Енді бірі қаржат жағын бюджетке салмақ түсірмей шешудің реттерін келтірді. Бірақ сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке бағытталған бұл депутаттық сауал аяғы нәтижеге ұласпай, ұсыныс пікір жүзінде қалды.

Сұлтаннан Сұлтановқа дейін

Сәт мырзаның сәтті қадамынан кейін Астана атын ауыстыру жобасы араға 5 жыл салып барып, екінші мәрте көтерілді. Бірақ бұл жолғы инициатор депутат та, саяси тұлға да емес-тін. Жұрт құрметтейтін қоғам қайраткері, беделі биік ғылым иесі Сұлтан Сартаев ортаға шықты. Ұлттық ғылым академиясының академигі, алғашқы Ата Заң жобасын жасаушылардың бірі Сартайұлы – қоғамдағы көрнекті тұлға. Сондықтан білгір заң маманының елордаға «Нұрсұлтан» атауын берейік деген мәлімдемесі едәуір ықпал туғызды. Әсіресе, академиктің: «Елге қажетті кезде өз орнына келіп отырды. Республикамызды алға қарай алып келе жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегін бағалай отырып, Астананы, менің ойымша, «Нұрсұлтан» деп атау керек. Сұлтанның нұры елге жайылсын, елге үлкен жол көрсетіп тұратын болсын. Бұл халықтың Елбасы атқарып жатқан жұмысты әлемге паш еткені деп түсінемін»,– деген  сөздері шенеуніктер арасында да, қарапайым халық ортасында да ұзақ талқыланып, әне-міне өзгерердей күй кештірген. Десе де бұл жолы да біз қала атының өзгергенін көрмедік.

Академик, заңгер – Сұлтан Сартаев.

Астана атын өзгертуге байланысты ең ықпалды және көп пікір тудырған ұсыныс кезегі  2016 жылдың 23 қарашасына тиесілі. Бұл жолы белсеніп шыққан ер – парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов. Өзінен 8 жыл бұрын айтылған ұсыныс сияқты аталған рет те Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен жалпы отырысында айтылды. Десе де жай ұсыныс немесе депутаттық сауал деңгейінде емес, арнайы декларацияда көрініс тапқанын бағамдасақ, салмағы да ауыр.  Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына арналған Декларацияда Елбасының еңбегін, астананы аяққа тұрғызған қажыр-қайратын, алғашқы қиын-қыстау, елең-алаң шақта қабылдаған көреген шешімін ұлықтап келіп, Астананы Н. Ә. Назарбаев атына беруді лайық санаған. Декларацияда одан өзге Ата Заңға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірегей үлесін көрсету, Елбасы есімін ел орталығы мен басқа да маңызды нысандарға беру, Астана қаласында «Тәуелсіз Қазақстан» монументін орнату қатарлы мазмұндар атап көрсетілген. 

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» идея түрінде мінсіз болғанымен, Астана атын ауыстырғанда нақты қандай атау ұсыну мәселесінде бір бекімге келмеген. Мұны журналистерге берген  сұхбатында Сұлтанұлының өзі де растайды. Депутат пайымынша,  Нұрсұлтан, Назарбаев немесе Назарбаев – Астана нұсқаларының қай ыңғайлысын да қолдануға болады. Тек бұл жағын көптің кеңесі, елдің ауанымен ақылдаса отырып, ортақ шешкісі келген сыңайлы.  

Декларация жарияланып, көпке мәлім болғаннан кейін ел пікірі екіге жарылды. Бір тарап, құптап, қуаттап жатса, екінші тарап ұсынысты сөгіп, сынға алды. Соңғы топтың көлденең тартар уәжі ел экономикасын бүйірден дағдарыс қысып жатқанда мұндай шығынға үйір болмай, қаржыны нақты өндіріс секторына, экономиканы сауықтыруға, мектеп, емхана сықылды әлеуметтік нысандарға жұмсау керек десті. Ел әңгімесі күбір-сыбырдан ұлғайды. Өзіне қарата негізді-негізсіз пікірлердің қарша борап, сөз соққыларының жөнді-жөнсіз сілтенгенін анық естіп-білгеннен кейін депутат мырза ашық пікір алаңына шықты. Журналистерге айтқанында Сұлтанов: «Ең бастысы, саяси мәдениет деген болуы керек. Пікірді сынауға болады. Келіспеуге болады. Бірақ жеке басқа тиісіп, адамның пікірі мен ұсынысы үшін оны қорлауға болмайды. Адамды білмей жатып, сыртынан не болса, соны айту дұрыс емес. Былайша айтқанда, біздегі адамдарда саяси мәдениет жетіспейді. Біз бір топ депутаттар хат арқылы декларация қабылдансын деп ұсыныс жасадық. Декларацияда 25 жылғы тарихымыз, жеткен жетістігіміз, жүріп өткен жолымыз баяндалған. Декларацияны ешкім сынға алмайды. Ал айтылған ұсынысты сынға алыңыздар, ешкім қарсы емес» - деп өкпелі екенін жасырмады.

Қазақстан Республикасының​ Парламенті мәжілісінің депутаты – Қуаныш Сұлтанов.

Негізі бұл мәселеге қатысты Елбасының өзі 24 қарашада, Қазақстан астанасының атын өзгертуге қатысты мәселені еш жерде көтермегенін мәлімдеп, ойын кесіп айтқан болатын. «Астананың атын  менің атыма өзгерту туралы ұсыныстардың айтылғаны маған адам ретінде ұнайды. Бірақ маған ұнады екен деп өзгертуге болмайды. Аэропорт пен қала атауын маған берем дегендерді естіп жатырмын. Алайда, мен бұл сұрақтарға әлдеқашан жауабымды бергем. Астана – әлемдік бренд. Сондықтан, оны өзгертетіндей ештеңе көріп тұрған жоқпын», - деген еді экс-президент.

Ұсыныс толығымен мақұлданбаса да, Сұлтанұлының еңбегі мүлдем еш кетті деуге келмейді. Декларацияда Астананың және республикадағы маңызды нысандардың атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау ұсынылған болатын. Сондықтан Астана атауы өзгермесе де, Қуаныш Сұлтановтың қолқасынан  жарты жылдан соң, дәлірегі 2017 жылдың 20 маусым күні Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулы қабылдады (Елбасының менің атыммен атамаңдар деген нақты кесімімен санаспастан). Премьер-Министр Б. Сағынтаев қол қойған №381 қаулыға сәйкес Астана халықаралық әуежайы қаулыға қол қойылған күннен «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталды.

Президент қойған нүкте

Қуаныш Сұлтанұлы өз сөзінде Декларацияның мерзімдік тұрғыдан шектеуі жоқтығын анық атаған екен («...Біз бүгін жарияладық. Он депутат осындай бастама көтеріп, оны Декларацияға енгізді. Арғы жағын тәжірибе көрсетеді. Уақыт бойынша ешқандай шектеу жоқ» – Қ. Сұлтанов). Енді міне, осыдан 10 жыл бұрын басталып, депутаттар мен қоғам қайраткерлері және ғалымдар тарапынан ауық-ауық көтерілген, бірақ ұсыныс күйі тұншығып келе жатқан қала атын ауыстыру мәселесі ақыры тиянақталды. Ұсыныстың соңғы авторы – Президент. Идея күйінен толғатып, біртіндеп жүзеге асқан осынау көп авторлы шығарманың соңғы сөйлемін аяқтап, нүктесін қойған қазақ елінің су жаңа басшысы – Қасым-жомарт Тоқаев. Туындының әр тарауын әр басқа автор жазғанымен, құрылымы шымыр шығарма біртіндеп дамып, кульминациясына көтерілгенде Кемелұлы келісті етіп аяқтады. Президент ретінде ант қабылдаған алғашқы сөзінде қала атын ауыстыруға бекінгенін жария етті. Ел басшысының шешімі Парламент қабырғасында қалықтап ұшқан күйі аяғы жерге тиместен депутаттардың құптауы мен қоштауына ие болды. Астана қаласы енді – Нұр-Сұлтан.

Қала атауының Нұр-Сұлтан болғанын негізді санайтын саяси қайраткердің бірі – Мәулен Сағатханұлы. «Nur Otan» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары М. Әшімбаев бұрынғы облыс орталығы болған Целиноград, Ақмоладай өңірлік қаланы Еуразиядағы маңдайалды озық мегаполис қатарына қосып, әлемдік ірі орталықтың біріне айналдырған Елбасы еңбегін ерен санайды. Дұрыс шешім екенін Нұрсұлтан Әбішұлының Астанаға сіңірген еңбек пен энергиясынан іздейді. Сол себепті саясаткердің «Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімі өте дұрыс және заңды. Біз оны қолдаймыз және астаналықтарды және барлық қазақстандықтарды қала атының өзгеруімен құттықтаймыз», – деп нық әрі сенімді түрде құттықтады.

Қазақстан Республикасының Президенті - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа міндетті қабылдап, Тұңғыш Елбасының қоштасқан сәтінде халық қалаулыларының қай-қайсысының да көңілі босамағаны қалмады. «Нұротанды» айтпағанда, бәсекелес «Ақ жол» партиясы серкесінің де көзіне жас алып, толқығанын көрдік. Ұзақ қол шапалақ пен құрметтің үкілеуінде Нұр-Сұлтан қаласы тарихқа шықты.

Президент шешімін Астана қалалық депутаттары да мақұлдады. Астана қалалық мәслихатының алтыншы шақырылымы кезектен тыс 46-сессиясында күнтәртібіне қойылған бұл мәселеде депутаттар қала атының өзгеруін қолдайтындықтарын білдіріп, оң шешім қабылдады. 

Ресми билік өкілдері, шенеуніктер қыз қолдаған мәселе республика жұртшылығында әртүрлі аңыс тудыруда. Құптағандары да бар,  сонымен бірге қарсылар қарасы да аз емес. Әсіресе, жұртты алаңға салғаны «20 жылдан бері миллиардтаған ақша шығындап, қала атынан бренд қалыптастырдық, енді оның бәрі 1 күнде желге ұша ма» деген сұрақтарға жауап іздеушілер көп болды. Халық толқынысы мен көңіл бұлқынысын дәл тапқандай Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы бұл сұраққа жауап беріпті. Ресми өкілдің пікірінше, қала атауы өзгергенімен, кейбір нысан атаулары сол қалпында қалады. Айталық, «Астана опера», «Астана арена», «Эйр Астана», «Астана» телеарнасы және Астана атауына қатысты спорттық клубтар аты өзгеріссіз қалады.  

Осыдан біраз уақыт бұрын «Әлемдегі кісі есіміне байланысты 9 астана» деген шағын материал әзірлеп едік. Сонда тұлға аттарымен аталатын әр елдің астаналарын түстеп келіп, біздің Астана да болашаққа бұл қатарға қосылу мүмкіндігін атаған екенбіз. «Астана болашақта «Нұрсұлтан», «Нұр-Астана» немесе «Назарбаев» қаласы деп аталып жатса, оның бастауы арыда деп білерсіз» деген жорамалымыз жүзеге асып, бүгін міне Нұр-Сұлтан әлемдегі астанасы жеке адамдардың аттарымен аталатын тізімнің ондығын тұйықтады.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: