Нумерология: сандардың сиқыры не дейді?

11 Желтоқсан 2020, 12:27 13120

2021 жыл – өзгерістер жылы.

Қазір қоғамда кең таралып жатқан ілімнің бірі – нумерология. Нумерология – табиғат болмыстарына, адамдарға сандардың жағымды немесе жағымсыз ықпал ете алатыны жайындағы мистикалық наным. Сандардың сиқыры туралы El.kz порталына нумеролог маман Гүлжиян Жаниева сұқбат берді.

– Гүлжиян ханым, нумерологияға қалай келдіңіз?

– Бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа кетер алдында ойланып жүрдім. Жалпы декреттік демалысты құр өткізбей, өзімді қалай дамытсам болады, бәлкім өзімнің өзге қырларым ашылар, немен шұғылдансам болады деген секілді ойлар маза бермеді. Осылайша нумерология ілімін зерттеуді қолға алдым. Нумерология – үлкен ғылым. Оны бір жылдың ішінде зерттеп, түбіне жету мүмкін емес. Себебі, нумерологияның түр-түрі бар. Адамдарға кеңес беріп, нумерология іліміне сай сандардың сиқыры туралы айтатындықтан жауапкершілікті жақсы түсінесің. Сол себепті, жан-жақты зерттеген абзал. Өзім әлі де зерттеп, зерделеп, ізденіп, үйреніп жүрмін. Осы бағытта білім беретін ұстаздардан оқып, білімімді жетілдірудемін.


– Адамдардың туған күні тағдырына қаншалықты әсер етеді?

– Жалпы туған күн датасы адамдардың тағдырына қатты әсер етеді деп айта алмаймын. Алайда, адам өзінің туған күніне байланысты қандай осал және өзінің мықты тұстарының бар екенін біле тұра, тек қана өзінің жеке жауапкершілігі арқылы тағдырын өзгерте алады. Нумерология тек адамның мүмкіншілігін анықтайды, болжайды. Мәселен, қандай іс қолынан жақсы келуі мүмкін, қандай нәрсені оңай еңсере алады, бойындағы кейбір қасиеттерді көтеру, мінез-құлқын дұрыстау, жақсы жағына өзгертуге болатынын болжауға болады. Бірақ, тағдырды өзгерту санның да, планетаның да қолында емес. Әркімнің тағдыры тек Аллаға ғана аян. Оны өзгерту тек Аллаға ғана тән дүние. Әрбір оң өзгеріс, алға қарай ілгерілеу – әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты жасалатын дүние.

– Сандар адамның өмір сапасына қаншалықты әсер ете алады?

– Жалпы нумерология ілімі сиқырға жатпайды. Алайда, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айқындайды. Сандардың өздігінен адамзаттың тағдырына әсер етуі мүмкін емес. Бұл жерде тағы әрбір адамның жеке бас жауапкершілігі деген мәселе шығады. Бір мысал келтіріп көрейікші, мәселен бір адам нумеролог маманнан кеңес алып, өз бойындағы жоспарлау қасиетінің төмендеу екенін білді делік. Нумеролог маман оған бағыт беріп, бойындағы қасиеттердің қай тұсын көтеруге болатынын айтты. Бұл сандармен байланыстырлып анықталатындықтан, соны дұрыс бағытта қолдана білсе, дер кезінде сол айтылған мәселеге ден қойып, өзі түзетуге, керек жерін көтеруге ниеттенсе және өзгерте алса әрине сандардың өмір сапасына әсер етуі мүмкін. Десе де, бұл өзгерістер әрбір адамның өз жауапкершілігімен жасалатынын естен шығармаған жөн.


– Нумерология мен психологияның арасында қандай байланыс бар?

– Өте тығыз байланыс бар. Менің мамандығым педагог. Ұстаздықты оқыту барысында университтер психологияны көп оқытады. Тіпті жылдар бойы оқисың. Кейін осы нумерология ілімін зерттей келе, өте тығыз байланыс барын анық аңғардым.

– Ал, астрология мен нумерологияның арасын не байланыстырады?

– Астрология мен нумерологияның арасында бәлендей байланыс бар деп нақты айта алмаймын. Себебі, астрологияны жіті зерттемегендіктен, ол салаға қызықпағандықтан орынсыз пікір айтудан аулақпын.

– Нумеролог адамдарға қалай көмектсе алады?

– Алда 2021 жыл келе жатыр. Менен кеңес сұрап келген әрбір адам үшін 2021 жыл қандай жыл болуы мүмкін, қандай нәрселерді жоспарлау ыңғайлы деген секілді дүниелерді сандармен байланыстыра отырып, болжауға болады. Бағыт таңдау, осал тұстарды көтеру арқылы өмір сапасын өзгерту – ең басты нумеролгтың көмегі деп ойлаймын.


– Сізге адамдар көбінсе қандай мәселемен келеді?

– Нумерологияда екі үлкен бағыт бар. Біріншісі, адамдар көбінсе өзінің бағытын дұрыс таңдау бойынша көмекке жүгінеді. Мәселен, немен айналысуға болады, ол үшін қандай бизнес түрі икемді, бизнесті қай кезеңде бастаған дұрыс деген секілді мәселелер. Екінші бір үлкен бағыт – балалар нумерологиясы. Дәл осы балалар нумерологиясы бойынша көп келеді. (Баламды қай бағытта дамытуым керек, қандай мәселелерге назар аударуым керек, кішкентайынан қандай қасиеттерін көтеруім керек деген секілді).

– «Сәттілік әкелетін сандар» бар дегенге сенуге бола ма?

– Негізі бар. Мысалы нумерология бойынша ақшаның келуіне септігін тигізетін сандар бар. Ол адамның туған күніне байланысты ешқашан өзгермейтін сандар болып есептеледі. Туған күн өзгермегендіктен, сандар да өзгермейді. Ол сандарды сіз білсеңіз де, білмесеңіздер де, қолдансаңыз да, қолданбасаңыз да ол сандар сізге жұмыс істейді, әсрін тигізеді. Егер сіз сол сандарды біле тұрып, керек жерде дұрыс қолдансаңыз жағымды әсерін байқай аласыз. Мәселен, үй сататын болсаңыз құнына сол сіз үшін сәттілік саны болатын цифрды қоссаңыз, үйдің тез сатылып кетуіне әсерін тигізуі мүмкін. Жалпы, нумерология логикаға бағытталатындықтан, ешқандай ертегі ойлап табудың қажеті жоқ.

– Нумерологтар жұлдызжорамалға сүйене ме?

– Назар аудармаймыз. Себебі, жұлдызжорамал астрология ғылымы болғандықтан бізге мүлде қатысы жоқ.

– Адамның есімі өз тағдырына қаншалықты әсер етуі мүмкін?

– Өте күрделі сұрақ. Есімнің өзгеруі тағдырға әсер етеді деп айта алмаймын. Бізге таңдалған есім өмірімізге белгілі бір сапа беруі мүмкін. Алайда, тағдырға тікелей әсер етеді деп кесіп айту әбестік.


– 2021 жыл қандай жыл болады деген болжам бар? Сандар не дейді?

– Нумерология бойынша 2021 жыл – өзгерістер жылы деп болжануда. Алла жазса келе жатқан жаңа жыл табысты, әрі жайлы жыл болсын деген тілек бар. Келер жыл жоғарыда айтқанымдай өзгерістерге толы жыл болғандықтан, 2021 жылы өмірде бір нәрсе өзгертуге жоспарларыңыз болса, тәуекел ететін жыл. Жағымды өзгеріс болуына тілектеспін.

– Сұқбатыңызға рақмет! Сіздің де өміріңізде жағымды жаңалықтар көп болсын.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: