Әнуар Сариев: «Олимпиадаға осал спортшы бармайды»

6 Қыркүйек 2021, 12:10 3228

Паралимпиаданың күміс жүлдегерімен сұхбат

 

 

Әнуар Сариев – Токиода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Ол 1992 жылы 4 ақпанда Атырау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен дзюдо спортымен айналысып келеді. Жол апатына түсіп, көзін жарақаттағанға дейін Қазақстан құрамасында Елдос Сметов сынды спортшылармен бірге жаттықтан. Алғаш қатысқан Рио паралимпиадасында әзірбайжандық дзюдошыға есе жіберген еді.

 

Әнуар Токиода ең ауыр белдесу финалдық сында болды дейді.

 

– Менің салмағымда (60 келі-авт.) мықты 12 спортшы медаль үшін таласты. Маған ең қиын кездесу финал болды. Әзірбайжанның өкілі Вугар Ширинли 2017 жылға дейін денсаулығында кінәраты жоқ спортшылар арасында жарыстарға шығып жүрген. Тіпті бес үздік дзюдошылардың қатарына да кірген. Осы ақтық сында бірінші болып, қарсыласым базари ұпайына қол жеткізді. Мен де намысқа тырысып, бір сәтті тамаша пайдаланып базари еншілей білдім. Одан кейін екі рет қарсыласыма әдіс қолдануға тырысқаныммен, сәті түспеді. Алғашында қолым шығып кетті. Келесіде Ширинли айлалы әдісімді орындатқызған жоқ. Одан кейін оның әдісіне түсіп қалып, жеңіліс таптым, - дейді спортшы.

 

Токио төріне қазақ дзюдошыларын бастап барған команданың бас бапкері Жандос Қиянов баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында Әнуардың бабында болғанын айтқан еді. Сәтті түссе Рио Олимпиадасында кеткен есе қайтады деген. Айтқанындай шәкірті күміс медаль еншіледі.

 

– Алтынға жетер жолда сүріндік. Оған да өкінуге болмайды деп ойлаймын. Бұйырғаны осы, бәлкім. Әнуар әлемдік рейтингте үшінші орында тұр. Соған орай, бірінші айналымда оған қарсылас болмады. Екінші айналымда моңғолдық дзюдошыны жартылай жеңіспен ұтып кетті. Сол кездесуде аздаған жарақат алып қалған еді. Мұрны сынып, саусағын ауыртып алды. Оған қарамай, келесі айналымда Венесуэла елінің өкілі Маркос Бланкомен белдесіп, басым түсті. Өз кезегінде оңтүстікамерикалық спортшы бірінші айналымда әлем біріншілігінің күміс жүлдегерін ұтса, екінші белдесуде Рио ойындарының чемпионы өзбек Шерзод Намозовті жеңген еді. Сондай қарсыластарын қапы қалдырған Маркос Бланконы Әнуар екі әдіспен-ақ жеңіп кетті. Жалпы, Токио төрінде Әнуар жақсы бабында екенін көрсете білді. Финалдық кездесуде әзербайжандық паралимпиада дзюдошыларының ішінде Гран-при турнирлерінің жеңімпазы болып жүрген Вугар Ширинлиге қарсы тұрып, қас-қағым сәтте жіберген қателігінен ұтылып қалды. Сонда да, күміс медаль жеңіп алғанына шын жүректен қуандық, – деді бапкер.

 

Әнуар Сариев құрама бапкерлеріне, Мәдениет және Спорт министрілігіне, Ұлттық Паралимпиада комитетіне, Атырау облысыныі әкімдігіне, Атырау облысының Парадзюдо және ҚР Парадзюдо федерациясына алғыс білдірді.

 

– Осы жүлдемді қазақ еліме, отбасыма, достарыма арнаймын! – дейді.

 

Еске сала кетейік, Қазақстан Токиода өткен Паралимпиада ойындарында бір алтын, үш күміс пен бір қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 52 орынға тұрақтады. Алтын медаль пауэрлифтинг спортын жанына серік еткен Давид Дегтяровтің еншісінде, күміс жүлделерді Әнуар Сариевтен бөлек дзюдошылар Зарина Байбатина мен Теміржан Дәулет жеңіп алды. Ал қола медаль суда жүзуші Нұрдәулет Жұмағалиге бұйырды.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: