12.09.2025
16:41
585
Новак Джокович отбасымен бірге Сербиядан көшіп кетті

Новак Джокович отбасымен бірге Сербиядан көшіп кетті

«Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы Новак Джокович балаларын Грекиядағы жеке мектепке көшірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Daily Mail хабарлауынша, мұндай шешімге теннисшіге Сербия билігінің қысымының артуы себеп болған. Олар Джоковичті студенттердің наразылығын қолдады деп айыптады.

Ұлттық қаһарманнан – билік жауына дейін

Джокович Сербияның ұлттық батыры саналып келді. Алайда соңғы айларда президент Александр Вучичке жақын БАҚ өкілдері спортшыны қатаң сынға алып жүр. Бұған оның студенттерге ашық қолдау білдіруі себеп. Өткен жылдың желтоқсанында Нови-Садта теміржол вокзалының төбесі құлап, 16 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін студенттер көшеге шықты. Олар билікті жемқорлық үшін айыптап, саяси өзгерістерді талап етті.

Теннисші әлеуметтік желіде студенттерге үн қосып:

Мен жастардың күшіне және олардың жарқын болашаққа ұмтылысына сенемін. Ең бастысы – олардың дауысы естілуі тиіс. Сербияның әлеуеті зор, ал білімді жастары – оның ең үлкен байлығы, – деп жазды.

Осыдан кейін ол Australian Open турниріндегі жеңісін жарақат алған студентке арнады, Белградтағы матчқа «Студенттер – чемпиондар» деген жазуы бар киім киіп шықты және көпшілік шеруінің суреттерімен бөлісіп, «Тарих, ғажап!» деп жазды.

Сербиялық кейбір басылымдар оны «жалған патриот» деп атап, «түсті революцияны» қолдап отыр деп кінәлады.