2025 жылдың 10 қазанында Ослода Норвегияның Нобель комитеті Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадоға бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын табыстады. Ол бұл марапатқа елдегі демократияны дамыту жолындағы қажырлы еңбегі үшін лайық деп танылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кім және не үшін марапатталды
Мачадо – Венесуэлада демократиялық даму мәселелерімен айналысатын Súmate атты ұйымның негізін қалаушы. Соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы ол елінде еркін және әділ сайлаудың өткізілуі үшін күресіп келеді.
Нобель комитеті оның «өкілдік билік пен диктатурадан демократияға бейбіт жолмен өтуді қамтамасыз ету жолындағы табанды күресін» ерекше атап өтті.
Қауіп-қатерге, қудалауға қарамастан, Мария Корина Мачадо ел ішінде қалып, өз халқының болашағы үшін күресін жалғастырды, – делінген комитет мәлімдемесінде.
2025 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 338 үміткер ұсынылған: оның 244-і жеке тұлға, ал 94-і ұйым болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары (2024 жылы 286 номинант болған).
Неліктен бұл маңызды
Мачадоның марапатталуы халықаралық қауымдастықтың демократия мен азаматтық еркіндік үшін күресіп жүрген белсенділермен ынтымақтастығының айғағы болды.
Бұл жолы Нобель комитеті сыйлықты әдеттегідей бейбіт келісім орнатқан тұлғаларға емес, ұзақ мерзімді және табанды азаматтық ұстаным иесіне табыстауды жөн көрді.
Мачадо ханым бұрын бөлшектеніп кеткен саяси оппозицияны біріктірген маңызды тұлғаға айналды. Бұл оппозиция бүгінде еркін сайлау мен өкілдік билікті талап етуде ортақ мақсатта тоғысты. Бүгінгідей демократияға қауіп төніп тұрған шақта, осы ортақ негізді сақтау бұрынғыдан да маңызды, - деп атап өтті Нобель комитеті.
Былтырғы лауреат
2024 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығы жапониялық Nihon Hidankyo ұйымына берілген еді. Бұл ұйымды 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталған кезде аман қалғандар құрған.
Олар ядролық қаруды толықтай жою жолында күресіп келеді және өздерінің өмірлік куәліктері арқылы әлемге «ядролық қару енді ешқашан қолданылмауы тиіс» деген ойды жеткізуді мақсат тұтады.
Nihon Hidankyo ұйымы «ядролық қарудан азат бейбіт әлемге қол жеткізу жолындағы еңбегі және ядролық соғыстың салдарын адам тағдыры арқылы көрсеткені үшін» марапатталды.