Сұхбат

«Нобель сыйлығының ауылы алыс емес»: Есболат Айдабосынның журналистикадан жазушылыққа дейінгі жолы

25.05.2026 09:05
Көктем Қарқын
Фото: коллаж El.kz

Есболат Айдабосынды халық телеарна жүргізушісі ретінде жақсы таниды. Бірақ журналистің жазушылыққа бет бұруы көрермен үшін күтпеген құбылыс болды. Ол әдебиет әлемінде де елеусіз қалған жоқ. Әр жазған әңгімесі мен романы оқырманның сұранысына ие. Жақында Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы «Меценат» байқауында топ жарды. Енді жазушы өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйлық алып отырады. El.kz тілшісі қаламгерге хабарласып, әдебиет пен өнер жайлы сөйлесті.

– Сізді халық әу баста журналист ретінде таныды. Ал жазушылыққа қашан және қалай келдіңіз?

– Бала күнімде демікпе деген дертпен ауырдым. Шамамен 8-9 жасымда. Қоңырауда далаға шығып, ләңгі, қуаласпақ ойнасақ, 3-қабаттағы кабинетке көтеріле алмай ентігіп қалатынмын. Содан әке-шешем мені емдетті. Сол кезде бір жылдай үйден шықпадым. Ол уақытта теледидар болса да, интернет жоқ, көретін мультфильмде аз еді. Бос уақыттың бәрін кітап оқумен өткіздім. Үйдегі кітап таусылғанда, көрші-қолаңдікін де, кітап дүкендеріндегіні де алып оқыдым. Мысалы, сол жылы «бес ғасыр жырлайдыны» оқып, біразын жаттап алдым. «Аласапыран», «Жыраулар поэзиясын» оқып, 200-ге жуық ертегіні жатқа айтатынмын. Бір жылдан кейін мектепке әдеби білімі жоғары оқушы болып оралдым. Көркем әдебиетті көп оқығаннан кейін жазушы болу деген алғашқы арман оянды. «Кім боламын?» деген тақырыпқа шығарма жазғанда, «жазушы боламын» дегенім бар. Оны мұғалім мәнерлеп оқып берді. Содан бастап көкейімде «жазушы болсам» деген арман жатты.

Мектеп бітірген жылы не журналистикаға, не филологияға оқуға түсуім керек деп шештім. Кейін филологияға түсіп, универсиетті бітіргеннен кейін жазуды мұғалімдік емес, журналистика үйретеді деп осы салаға бет бұрдым. Қазақ радиосында, ұлттық телеарналарда тәжірибеден өтіп, 2003 жылы «Шаһар» деген қазіргі «Хит тв» орнындағы телеарнада алғашқы ресми жұмысымды бастадым. Жаңалықтар қызметінде, НТК телеарнасында істедім. 2006 жылдан бастап Қазақстан ұлттық арнасында жұмысымды жалғастырдым. 2011 жылы Астанаға қоныс аударып, жаңалықтар қызметінде жүрдім. Кейін «Апта.кз» бағдарламасының жүргізуші-редакторы болдым.

Апта.кз-тегі бір жарым жылда көрерменге журналист ретінде танылдым. Басшылық осы уақытта интернет бөлімді ашып жатты және әрқайсымызға сайтта блог жүргізуімізді тапсырды. Әркім әртүрлі тақырыптарды жазды. Бір күні «Айқын» газетін оқып отырсам, Нұртөре Жүсіп ағамыз Мысырға барғанда перғауындардың баласының ойыншығынан асықты көргенін жазыпты. Соны оқып отырып, асық ойнаған кездерім есіме түсті. Содан эссе сипатында «Қызыл сақа» деген әңгіме жаздым. Оны өз блогымда жарияладым. Facebook-қа да жаңа тіркелген кезіміз еді. Ол жақтағы оқырмандар да «кино түсіру керек» деп асыра мақтады.

Содан шабыт алып, бала кезімізде тайға мініп, ат жарыстырған кездеріміз есіме түсті. Әкеме «велосипед алып берші» дегенде, «тайға міне бер» дейтін. Осы естеліктерді жинап «Сүлікқара» деген әңгіме жаздым. Бұл шығарма балалық шақтың сағынышына толы әңгіме болды. Одан кейін «Менің атам» деген эссе жаздым. Алғашқы әңгімелерім осылай жазылды. 2013 жылы Қытайға оқуға кеттім. Біраз әңгімемді сол жақта жүріп жаздым. Қытайдан бір кітап жазып келдім. Жалпы журналистикадан әдебиетке бейімделуім 2011-2015 жылдары болды.

Бұл жақта уақыт баяу сырғиды

– Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқар туралы айтқанда, «Өр Алтайда туып-өскені шығармашылығына әсер етті» деп жатады. Балалық шағыңыз өткен Жамбыл ауданы сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

– Әр жазушының шығармасына азық болатын дүниелер болады. Менің әңгімелерімдегі қария образын жазғанда үнемі атамның алдына барамын. Атамның түр-тұлғасын, әдеттерін есіме аламын. Қандай да бір ақсақалды бейнелесем, сол атамның бойынан материал аламын.

Сол сияқты табиғаттың пейзажын, географиялық кеңістігін жасаған кезде мен туған жеріме барамын. Ауылым Қоңыртөбе деген таудың етегінде. Сол таудың жыра-жықпылын әңгімелеріме қолданамын. Қоңыртөбе, Сарықойын, Жаманты өзені, Ырғайты, Балажан, Күркіреу, Құрқойын деген секілді жер-су атауларын менің шығармаларымнан табасыздар. Мұның бәрі біздің Қоңыртөбенің баурайындағы сай-салалардың аты. Мен Қоңыртөбеде қой бағып, суына түсіп өскенмін. Мен басқа жақтың тауын бейнелемеймін. Ауыл өмірін суреттеген шығармаларымның басым бөлігі Қоңыртөбе жайлы. Ат туралы, аңшылық туралы суреттеген кезде Қоңыртөбені аттап кете алмаймын.

– Жаңалықтар қызметіндегі күнделікті қарбалас пен жазушы ретіндегі ішкі тыныштықтың арасын қалай үйлестірдіңіз?

– Ұлттық арнаның жаңалықтар қызметінде жүре бергенде әдебиетке келіп, жазушы болмас па едім. Өйткені жаңалықтар қызметі қарбаласқа толы. Жазу түгілі ойлануға, кітап оқуға уақыт таппай қаласың. Ақпарат күнделікті келіп жатады. Саяси өмір өзгеріп тұрады. Жаңалықтарда жүре берсем, әдебиеттен жырақтап кетер едім. Қытайдағы оқуымды бітіргеннен кейін Бейсен Құранбек ағам Талдықорғанға қызметке шақырды. Мен саналы түрде бірден келістім. Астана мен басқа қалалардағы ұсыныстардан бас тарттым. Өйткені іштей жазуым керек деп шештім.

Шығармашылығым үшін әлі күнге Талдықорғанда тұрып жатырмын. Қазір Жетісу радиосының жетекшісімін. Аймақтарда ірі қалалардағыдай қарбаластық жоқ. Бұл жақта уақыт баяу сырғиды. Радионың жұмысынан босай қалған уақытта, жазумен айналысамын. Биыл Талдықорғанға келгеніме 11 жыл болады. Осы аралықта 9 рет Астана мен Алматыға қызметке шақырыпты. Бірақ соның бәрінен бас тарттым. Оның басты себебі – жазушылық. Әлі де жазатын дүнием көп. Сол жоспарларды орындамасам, іштей өз-өзімді мүжіп, жеп қоюым мүмкін. Сондықтан Талдықорғаннан әлі көшпеймін. Журналистік мансапты емес, жазушылықты таңдадым. Бұған еш өкінбеймін. Менен де мықты, тілі бай қыз-жігіттер телеарнада жүр. Ақпарат деген көл, тасқын. Сол мықтылардың дарынын ақпарат айдыны жұтып қойды. Оны өздеріне де айтқанмын. Қатар қызмет еткен Айбек Қобдабай, Еркін Таңатханұлы секілді жігіттердің тілі қандай бай. Әдеби дайындығын сәл шыңдаса, белді жазушыға айналар еді. Ал менің сол қауырт тірлікке жұтылғым келмейді.

Кітап көп, енді соны оқытуымыз керек

– Осыдан 10 жыл бұрын елімізде жазушыға жағдай жасалмағандығы жиі айтылатын. Тіпті классиктер заманындағы қаламақыны аңсау да болды. Ал қазір бұл үрдіс өзгерді ме? Жазушыларға жасалып жатқан мүмкіндіктерге көңіліңіз тола ма?

– Қазір жазушы үшін ең бір тамаша кезең. Өйткені қаламақы, кітап шығару мәселесі мемлекет тарапынан шешілді. Енді тек кітапты оқыту мәселесі қалды. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан біраз шығарма оқылмай қалды. Кітапханаға барған сайын беті ашылмаған кітапты көретінбіз. Өйткені мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың жарнамасы әлеуметтік желіде жасалмайды. Жарнамалық ролитер болмағандықтан, көпшілік ондай кітаптардың шыққанынан да бейхабар. Авторға 4-5 миллион қаламақы, баспагерге 3-4 миллион қаражат беріп шығынданған кітаптың көбісі кітапхана деген қоймада қалып қалады. Мен осыны көп сынадым. Кітап шығаруға бөлінетін қаражаттың 4-5 пайызы кітап оқыту бағдарламасына бөлінсе деп көптен бері айттық. Сол айтылғанымыз жоғары жаққа жетті ме, мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетіне мән беріп, үлкен бағдарламаға қол қойды. Кітап көп, енді соны оқытуымыз керек. Кітап оқытудың түрлі бағдарламасын жасатуымыз керек.

Мен оқушылар арасында байқаулар ұйымдастырса деп ойлаймын. Мейлі қазақ әдебиетінің, не мемлекеттік тапсырыспен шығарылған кітаптар болса да. Ал жеңімпаздарына ұлттық университеттерге грант берілсе. 2-3-орындарға облыстық университеттердің гранты тапсырылса. Сонда әдебиетке құмар жастар көбейер еді. Осылай ынталандыру арқылы талай кітап оқылар еді. Екінші пайдасы, филология, журналистика факультеттеріне нағыз кітапқұмар жастар барар еді. Сол сияқты студенттер мен оқырмандар арасында да қомақты қаржы тігіп байқау жасауға болады.

Сондай-ақ өнер мен өнер арасындағы байланысты жандандыру керек. Мысалы, көркем шығарма тек кітапта қалып қалмауы қажет. Туынды жан-жақты тамырланып, халыққа жетуі керек. Яғни жазушының жазған әңгімесі мультфильм болып балаларға, кино болып ересектерге көрсетілуі тиіс. Әдебиет пен кино, әдебиет пен театр, әдебиет пен телеөнер арасында байланыс болса, біздің жазғандарымыз жан-жақты таратылар еді. Өйткені қазір визуалды мәдениет алға шықты. Кітап оқығаннан гөрі көре салу, мазмұнын тыңдай салуды жастар қош көреді. Біз кітапты тек қағаз күйінде емес, басқаша тәсілдермен оқытуымыз керек. Жасанды интеллект заманында кітап оқуға модернизация керек. Әдебиетті қоғамға сіңіруде тың тәсілдерге иек артуымыз қажет.

– Өзіңіз қай жазушыларды, қай шығарманы сүйіп оқисыз?

– Осы сұраққа келгенде қиналамын. Өйткені менің тізімім ұзарып кетуі мүмкін. Жақсы шығарманың барлығын сүйсініп оқып, тәлім аламын. Ойымды ұштауыма, шығармашылығымды шыңдауыма жақсы кітаптар әсер етті. Жазушы ретінде оқырманға мотивация беретін 3 еңбекті жиі атаймын. Олар Джек Лондонның «Мартин Иден» романы, Мұхтар Мағауиннің ғұмырбаяндық «Мен» романы және Стефан Цвейгтің «Бальзак» романы.

Мотивация жетіспей жүрген жас қаламгерлерге осы шығармаларды оқуды ұсынамын. Мысалы, Мағауиннің «Менінен» әдебиетке дайындықпен келіп, жоспармен жазуды игеруге болады. Ал «Мартин Иденнен» жоқшылық болса да қаламды тастамау керектігін түсінуге болады. «Бальзак» романында жазушылық жолында бәрін құрбан еткен кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Нотариус болып жүрген Бальзак бір күнде жап-жақсы кәсібін тастап, жазушылыққа бет бұрады. Әке-шешесінің қарсылығына қарамай, қиндыққа тап болса да жазады. Сол кезде ата-анасы қаланың бір шетінен құжыраны жалдап беріп: «бір жылда жазушы болмасаң бұрынғы жұмысыңа ораласың» деп талап қояды. Стефан Цвейг Бальзакта жазушы болудан басқа арман жоқ еді деп айтады. Тіпті жазам деген тақырыбы да жоқ еді. Тек арман бар. Сол мақсаты Бальзакты арманына жеткізеді.

Одан бөлек сөз саптап, тіл ұстарту үшін қазақ қаламгерлерін оқу керек. Ал формалық ізденіс, жаңалық үйрену үшін батыс, жапон әдебиеттерін оқуы керек.

Жасанды тіркес адамға әсер етпейді

– Бір сұхбатыңызда «жылқы тақырыбын осымен жаптым» депсіз. Неге? Көшпелі қазақ пен жылқының тарихы да, мінезі де ұқсас емес пе?

– Өйткені жылқы тақырыбында «Сүлікқара», «Тұлпар серті», «Бүкір» деген үш шығарма жаздым. Қазірдің өзінде жылқы туралы өзімдегі бар ақпаратты бердім. Мүмкін болашақта идея келіп, бір жылқының тағдырын естіп жатсам, онда қайтып келуім мүмкін. Ал қазір бұл тақырыпты өз деңгейінде игеріп тастадым деп ойлаймын.

Аңшылық туралы да «Ұлыма», «Ит тірлік», «Сырттанның итаяғы» деген үш хикаят жаздым. Біз жазушылар үнгемі ойымыздағы тақырыптарды игерумен жүреміз. Сол тақырыптарды жазып тастағаннан кейін жеңілдеп қаламыз. Содан кейін келесі тақырыптың жалына жармасамыз. Қазір енді басқа бір тақырыпта ізденіп, игеріп жатырмыз.

– Осы жолғы «Меценат» байқауында жасанды интеллект жазған туындыларға іріктеу қатаң жүргізіліпті. Жалпы жазушылықта ЖИ-ді қолдану қаншалықты дұрыс?

– Жасанды интеллект журналистикаға дендеп енді. ЖИ мәтіндері әлеуметтік желіде, жарнамалық сипатта, ресми іс-қағаздарында жаппай қолданылып жатыр. Білім беруде де рефераттарды ЖИ арқылы жазып жүр. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл адамның қолын ұзартып, жұмысын жеңілдететін дүние. Бірақ сонымен бірге ой еңбегінің мешеулігіне алып келіп соғатыны анық.

Әдебиетке де жасанды сана еніп жатқан сияқты. Осындай қауіп бар. Өйткені ЖИ-ға тапсырма берсеңіз соған сай мәтін дайындап береді. Оның үстінен сөздері мен құрлымын өзгертіп жіберуге болатын секілді. Сондықтан бұл қауіпті. Себебі жасанды интеллект жазған мәтінде жан болмайды. Сезім болмайды. Кейбір мәтіндерді оқысаңыз білім де, ақпаратта бар. Бірақ сезім жоқ. Оқыған оқырманға әсер бермейді. Жасанды тіркес адамға әсер етпейді.

Адам сезініп жазған дүние сөздің магиясы арқылы адамға әсер етеді. Кейбір шығармаларымды оқыған адамдар «мына тұсында көзімізге жас алдық» деп айтады. Қай жері деп сұраймын. Қарасам, сол тұсын өзім де көзіме жас алып отырып жазыппын.

Жасанды интеллект пен адам жазған мәтінді ажыратудың бір тәсілі – адамға әсер етуі. Егер оқыған адамға мәтін еш әсер етпесе, құрғақ болса, онда ол ЖИ арқылы жазылған болуы мүмкін. Сондықтан болашақта қаламгерлер жасанды интеллектпен бәсекеге түседі. 10-20 жылдан кейін шығарманың 20-80 пайызы ЖИ арқылы жазылған деген таңба қойылған кітаптар шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде ЖИ жазған мәтінді анықтайтын бағдарламалар бар. Сондықтан адамды алдағанмен, ЖИ детектордан аттап өту мүмкін емес.

Жазға уақыт табу үлкен мәселе болды

– Шығармаларыңызға сын айтылды ма? Қалай қабылдадыңыз?

– Осы уақытқа дейін шығармашылығыма 30 шақты сын-пікір жазылған екен. Оның көлемдісі де, жарты беттігі де бар. Басым бөлігі талдау жасаған. Соның ішінде біреуі ғана сынаған. Ол Айгүл Кемелбаева деген әпкеміз. Менің «Азап пен мазақ» деген әңгімемді идеялық тұрғыда сынады. Оның көркемдік қуатын, тіл қолданысын, композициялық құрылысын емес. Шығармадағы идеяны сынады. Тақырыбын сынады. Мен ол сынмен келісіп, қабылдағаным жоқ. Өйткені, менің ойымша, ол шығарма сәтті шыққан. Онда тағдыр, өмірдің шындығы бар. Ал Айгүл апайымыз әйел болған соң басқаша қабылдады деп ойлаймын. Бірақ «Азап пен мазақты» әдебиетке берері жоқ, нашар шығарма деп ойламаймын.

– Жас жазушылар үшін ең үлкен мәселе не? Оқырманның аздығы ма, әлде баспа мәселесі ме?

– Мұны жас жазушылардың өзінен сұрау керек сияқты. Ал менің жас кезімде жазға уақыт табу үлкен мәселе болды. Жаңалықтарда жұмыс істеген кезде ағымдағы ақпараттың соңына түсіп, ойым шашырап кететін. Алдымда жоспарлар таудай болып үйіліп тұрды. Соны қашан жазып бітіремін деген қорқыныш болды. Сондықтан тиіп-қашып, өз-өзімді қамшылап, жазуға келдім. Қазіргі жастарда да осы мәселе бар деп ойлаймын. Өйткені біздің тіршілігіміз көп өзгере қойған жоқ. Барлығымыздың мойнымызға тұрмыс қамыты киілген. Бәрімізде бала-шаға бар. Соларды асырау керек дегендей.

Жазуға уақыт таба алмай жүрген қыз-жігіттер көп шығар. Солардың материалдық жағдайы оңалып, шығармашылық ортасын қалыптастырып алса, әдебиетпен алаңсыз айналысар еді. Жағдайды біреу келіп жасап бермейді. Әркім өзіне жағдай жасауға тырысу керек. Мағауин: «жазушыға бап керек» дейді. Бап деген көңілдің тыныштығы, мидың азаттығы. Бала-шағаң аш отырса, пәтерден-пәтерге көшіп жүрсең, несиеңді төлей алмай, банктер күнде хабарласып жатса, жазушының бабы қайдан болсын? Қалай жақсы шығарма жазсын? Әлеуметтік мәселелерін шешкен жазушы ғана алаңсыз жазуға отырады.

Нобельдің ауылы алыс емес

– Қазақ әдебиеті қашан Нобель алады? Ол үшін не істеу керек?

– Нобель сыйлығын алу неше жылдан бері қазақ әдебиетінің арманына айналды. Бізде Нобель түгілі мемлекеттік сыйлыққа лайық болып, ала алмай кеткен ағаларымыз бар. Сондықтан жазушының әлеуеті сыйлықпен бағаланбауы керек. Сыйлықты алған жазушылардың бәрі мықты дегенді білдірмейді. Сыйлықты алмаған жазушыны осалсың деуге де болмайды. Бұл баққа байланысты. Кімнің бағы мен бабы қатар шапса, сол сыйлық алады.

Нобельдің де ауылы алыс емес сияқты. Алдағы 10-20 жылда қазақ әдебиетінің өкілдері ұсыныла бастайтыны анық. Одан кейін Еуропалық ортаның қазақ әдебиетіне қызығушылығы арта бастайды. Қазірдің өзінде Орталық Азиядағы өзімізбен туыс елдердің бәрі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Нобельге үміткер шығаруға әр елдің іштей дайындығы бар. Қазақ әдебиетінің алдыңғы және кейінгі буынының да потенциялы жетеді.

– Алдағы уақытта қандай тақырыпқа қалам тербеуді жоспарлап жүрсіз?

– Жоспарлар көп. Қазір бір романның алғашқы 40 бетін бітіріп қойдым. Ары қарай аяқтауым керек. Осы жылы немесе келесі жылы Кенен Әзірбаев атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бозторғай шырылы» деген романым кітап болып шығады. Бұл романды толықтай аяқтап, мемлекеттік тапсырысқа ұсынып қойдым. Егер мемлекет Кенен керек десе, тапсырыспен шығады. Ал оған ілінбесе, жеке қолдаушылардың көмегімен шығарамын деп отырмын.

Кененнің өмірі қилы кезеңдерге, трагедияға толы болған. Бала күніндегі «Бозторғайдан» бастап, кейінгі «Ойбұлбұлға» дейінгі әрбір өлеңінде Кененнің тарихы тұр. Кенен қырғызға екі рет қашады. Біреуінде кеңес үкіметінен, екіншісінде патша үкіметінен қашады. Қазақ даласына келген екі үкімет те Кененді оңдырмаған. Өзі кедейдің жетім баласы болса да, кеңес үкіметі Кененді қыспағына алған. Ораз Жандосовпен жақын болып, арнау арнағаны үшін 1936 жылы Алматыдағы түрмеге қамайды. Тоғыз ай түрмеде жатып, қиындық көрген.

Жеке өмірінде перзентке зар болған. Осы оқиғаларды, сол замандағы өмір сүрген адамдардың психологиясын, мұң-мұқажын осы романда көрсетуге тырыстым. Бұл ретте Төрткен Кененқызының ұлы Бақытжан ағамыздың, Мырзатай Жолдасбековтің жазған еңбектерінен материалдар алдым. Осылдайша, Кенен атамызды әдеби, көркем образын жасауға тырыстым.

– Әңгімеңізге рақмет!

Оқи отырыңыз