Нобель сыйлығын алған жазушының кітабы қазақ тіліне аударылды

22 Сәуір, 11:28 293

17-21 сәуір аралығында Конгресс Орталықта «Astana Eurasian Book Fair-2024» VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Steppe&world баспасы әлемге әйгілі серб жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Иво Андричтің «Дрина көпірі» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді. Романды орыс тілінен аударған – қазақтың көрнекті қаламгері Таласбек Әсемқұлов. Редакторы – ақын, жазушы Ырысбек Дәбей.

Кітаптың тұсаукесеріне Сербия мемлекетінің Қазақстандағы өкілетті елшісі Владимир Йовичич, шығарманы қазақша сөйлеткен Таласбек Әсемқұловтың жары жазушы, мифолог, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай, Steppe&world баспа үйінің бас редакторы, қаламгер Ырысбек Дәбей мен зиялы қауым өкілдері, баспасөз қызметкерлері, оқырмандар қатысты.

Суреттер: Равиль Ашығали

«Дрина көпірі» XVI-XX ғ.ғ. арасындағы уақытты баяндайды. Көпір – романдағы сюжеттерді байланыстыратын алтын арқау, символ. Әртүрлі мәдениеттерді, сенімдерді, дәстүрлер мен өркениеттерді, шығыс пен батысты жалғаған немесе екіге бөлген кезеңдердің тілсіз куәгері. 

Романда автор өңір тарихындағы нақты оқиғаларды ғана емес,  Вышеград пен бүкіл Балқан түбегінде қалыптасқан көпұлтты қауымдастықтың өмірі мен әдет-ғұрпын боямасыз суреттейді. Аңыз бен мифті шынайы өмірмен шебер қиюластырады. Мызғымас көпір арқылы өткінші өмірді, баянсыз дүниені қаперге салады.

Суреттер: Равиль Ашығали

Сондай-ақ көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы төмендегі номинациялар бойынша табысталды:

Айта кетейік, «Astana Eurasian Book Fair-2024» көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын ұсынатын 70-ке жуық компания қатысты.

Суреттер: Равиль Ашығали

Равиль Ашығали
Бөлісу: