Әйгілі Nike компаниясы Project Amplify атты жаңа жобасын таныстырды. Бұл – жүгіру мен жүруді жеңілдететін әлемдегі алғашқы моторлы аяқ киім жүйесі. Компанияның айтуынша, жоба кәсіби спортшыларға емес, күнделікті қозғалысын жеңілдеткісі келетін адамдарға арналған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мысалы, электровелосипед қалай педаль басуды жеңілдетсе, Project Amplify да дәл солай – жеңіл робототехника арқылы жүру мен жүгіру жылдамдығын арттырады.
Nike бұл өнімді америкалық Dephy компаниясымен бірлесіп әзірлеген. Жүйе нәтиже қуған кәсіби жүгірушілерге емес, «аз күш жұмсап, алысырақ және тезірек қозғалғысы» келетін адамдарға арналған. Яғни бұл аяқ киім «екінші бұлшықет жиынтығы» секілді.
Project Amplify, сырттай қарағанда, балтырды бекітетін арнайы құрылғыны еске салады. Ол минутына 6,2-7,5 жылдамдықпен (шамамен орташа темппен) жүгіретіндерге лайықталған. Жоба бірнеше жыл бойы сыналды – 400-ден астам адам қатысып, барлығы 2,4 миллион қадам жасаған. Бұл шамамен 12 мың айналымды 200 метрлік жүгіру жолында айналып өтуге тең.
Құрылғының жұмысы Nike Sport Research Lab зертханасында жасалған арнайы алгоритмге негізделген. Жүйеге жеңіл әрі қуатты мотор, жетек белбеуі мен аяқ манжетіне орнатылған аккумулятор кіреді. Олар көміртекті табаны бар аяқ киімге біріктірілген. Айта кетерлігі, бұл аяқ киімді роботтық жүйемен де, онсыз да киюге болады.
Сынақ кезінде қатысушылар Project Amplify-ді «денеңнің табиғи бөлігі секілді сезіледі» деп сипаттаған. Таулы аймақтарда жүгіру кезінде бұл жүйе жазық жерде жүргендей әсер қалдырады.
Қазіргі уақытта Project Amplify сынақ сатысында. Nike компаниясы бұл технологияны алдағы бірнеше жылда кең нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Мұнымен қатар Nike нейроғылымға негізделген аяқ киім мен денені салқындататын жаңа спорттық киім технологияларын да әзірлеп жатыр.