New York University студенті: Шетелде оқу – қол жетпейтін арман емес

24 Шілде 2023, 17:00 1124

FLEX бағдарламасының түлегі әрі NYUAD университетінің студенті атанған Раушан Ибрагим шетел университеттерінде тәжірибе жинап, білімін жетілдіріп келеді. Оның айтуынша, сырт мемлекетте оқу қол жетпейтін арман емес. Сондай-ақ Раушан ағылшын тілін үйренудің жолдары АҚШ-та білім алудың ерекшелігі туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

– Өзіңіз туралы айта өтсеңіз? Білім алумен қатар немен айналысасыз? Оқу орнына қалай түстіңіз?

– Өзім Ақтау қаласынанмын. Қазіргі таңда БАӘ-нің астанасындағы New York University Abu Dhabi университетінде білім алып жатырмын. Менің хоббиім көп. Бос уақытымда электрогитарада ойнаймын, сурет саламын және қолдан әшекей бұйымдар жасаймын. Бұл университетке ағам қатты қызыққан еді, жалпы оқу орны қазақстандықтардың арасында да өте танымал.

– Қандай мамандықта білім алып жатырсыз? Ата-анаңыз алысқа кетуге қарысы болған жоқ па?

New York University «Либерал Артс» бағытында оқытады. Сол себепті мамандықты асықпай ойланып, 2-курста таңдауға болады. Мұны мен ерекше деп ойлаймын. Оқудың оңай не қиын екенін әлі білмеймін. Себебі бірінші курсқа енді барамын. Мен бұл оқу орнына Gap Year, яғни біраз уақыт үзіліс алып барып тапсырдым. Иә, басында ата-анам қолдамады, Қазақстанда қал деп ойымды өзгерткілері келді. Кейін мен үшін қаншалықты маңызды қадам екенін түсінгенде олар мені толықтай қолдады. Бұған менің ағам да көмектесті. Жалпы ата-анамның ойларын өзгерту қиын болмады. Себебі мен бұдан бұрын да шетелде оқып көрген едім.

– Қазақстандық университеттерден айырмашылығы қандай деп ойлайсыз? Ағылшын тілін қаншалықты деңгейде меңгеріп бару керек? Ағылшын тілін үйреніп жүргендерге қандай кеңесіңіз бар?

Шетелдік университеттердің бәрі бірдей емес. Қазақстандық университеттер өз ішінде әртүрлі. Сондықтан салыстыруға келмейді деп ойлаймын. Ең бастысы, ағылшын тілін үйренерде адамның іші пыспауы керек. Яғни өзі үшін үйренудің қызық жолын тапса, тез үйренеді деп білемін. Мәселен, мен YouTube-тегі ағылшын тіліне қатысты сабақтарды жиі қарайтын едім. Сонымен бірге 9-сыныпта менің шетелдік досым болды. Онымен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, шет тілін одан әрі шыңдайтынмын. Келешекте курсымды одан әрі дамтықым келеді. Қазірдің өзінде сторис арқылы өзімнің күнделікті өмірім мен шетелдегі тегін оқуға байланысты жаңалықтарды бөлісіп отырамын. Меніңше, шет тілін үйрететін қазақ тілінде жүргізілетін курстар әлі де аз.

– Ең жиі қойылатын сұрақ шығар. Елге оралып жұмыс істейсіз бе, әлде мүмкіндік болса шетел аралып, сонда тәжірибе жинағыңыз келе ме?

Елге міндетті түрде ораламын! Дегенмен, алдымен шетелде жүріп тәжірибе жинағым келеді. Өзім FLEX бағдарламасы арқылы бір жыл АҚШ-та оқығаннан кейін, әлемді аралаған адамның ой-өрісі кеңейіп, әлемге басқаша көзқараспен қарайтынын түсіндім. АҚШ-та танысқан шетелдік достарымды өз елдерінде қайта кездестіргім келеді. АҚШ менің өмірімде үлкен рөл ойнайды себебі, ол ел менің ойымды толығымен өзгертті. Мен үшін ең құнды дүние адамдармен танысу болды.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу: