New York Times журналисі: Медиадағы гендерлік теңдік ешқашан өзектілігін жоғалтпайды

21 Желтоқсан 2022, 15:21 2291

Әлемдік медиада гендер тақырыбы күнделікті айтылады

Бүгінгі медиа нарықта гендерлік теңдік ең өзекті тақырып және ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Бұл туралы New York Times басылымының журналисі Лиз Уелш елордада өтіп жатқан Орта Азия елдерінің медиа форумында айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

«Медиа саласындағы әйелдер: азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі» тақырыбындағы панельдік сессияда бала бақыты, қоғамдағы әйелдің рөлі туралы сөз сөйледі.

Лиз Уелштің шығармашылығы тікелей әлемдік гендерлік саясатқа бағытталған. Оны журналистік зерттеулері мен мақалаларынан көруге болады.

«Сөз адамды емдейді. Журналист ретінде мақалаларымда қиындыққа тап болған әйелдердің мәселесін, олардың оқиғаларын жазамын. Менің материалдарым оқырмандарыма әйел туралы өзіндік ой қалыптастырып, дұрыс жолға жетелейді деп сенемін. Әйелдер туралы журналдарға ерекше кейіпкерлердің ерекше оқиғаларын жазуға тырысамын», - деді Лиз Уелш.

Журналист Лиз Уелш «Балалардың жағдайы қалыпты» атты алғашқы кітабында қоғамдағы гендерлік теңдік және отбасындағы бала бақыты жөніндегі тақырыптарды қамтыды. Сонымен қатар, «Тіріліп шықтым» атты өлім жазасы туралы шығармаларында да гендерлік саясатты көтерді. Ол өзінің шығармаларындағы кейіпкерлердің өміріне үңіліп қана қоймай, мәселені бірге шешуге талпынатынын айтты.

«Медиа нарықта әйел теңдігі туралы фильмдерді жиі түсіреді. Қазақстандық фильмдердің топтамасынан да бұны байқадым. Бұл дегеніміз қоғам гендерлік теңдік мәселесіне бей-жай қарамайтынының көрінісі», - деді Лиз Уелш.

Сессия соңында «Eagle Huntress» атты жаңа кітабының тұсауын кесті. Кітап бүркітшілердің өмірі туралы баяндалатын шығарма. Кітаптың тұсау кесерімен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева құттықтады. Рәсімге әлемдегі ең жас бүркітші, «Бүркітші» деректі фильмінің басты кейіпкері, Оскарға үміткерлердің тізіміне енген Айшолпан Нұрғай қатысты.

Миражан Махан
Бөлісу: