19.07.2025
15:19
5235
Netflix шығынды азайту үшін жасанды интеллект пайдаланды

Netflix шығынды азайту үшін жасанды интеллект пайдаланды

Netflix алғаш рет шығынды азайту үшін жасанды интеллект арқылы визуалды эффект қолданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы bbc.com-ға сілтеме жасап.

Netflix стриминг платформасы тарихында алғаш рет өз өндірісіндегі телехикаяда генеративті жасанды интеллект (AI) көмегімен жасалған визуалды эффектіні пайдаланды. Бұл туралы компанияның директоры Тед Сарандос мәлімдеді.

Оның айтуынша, Аргентинада түсірілген "The Eternaut" атты ғылыми-фантастикалық телехикаяда Буэнос-Айресте ғимараттың қирау көрінісін жасау үшін AI қолданылған. Сарандос бұл технологияның көмегімен көріністі дәстүрлі әдістерге қарағанда 10 есе жылдамырақ және әлдеқайда арзан орындауға мүмкіндік туғанын атап өтті.

Бұл бюджеттегі жоба үшін мұндай күрделі көріністі дәстүрлі тәсілмен жасау мүмкін емес еді. Ал бұл көрініс Netflix-тің түпнұсқа жобасында экранға шыққан алғашқы генеративті AI визуалды эффекті болды. Шығармашылық топ нәтижеге дән риза, – деді Сарандос.

AI мен киноөндіріс: дау мен даму

Жасанды интеллектті кино және телехикая өндірісіне енгізу – өнер мен технология тоғысындағы ең қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі.
Критиктердің айтуынша, AI басқа авторлардың еңбегін рұқсатсыз пайдалануы мүмкін және адам еңбегін ығыстырып шығарады деген қауіп бар.

2023 жылы Голливудтағы актерлер мен сценаристердің үш айлық ереуілі кезінде де AI-дың реттелмеген қолданылуы басты тақырыптардың бірі болды.
Олар жасанды интеллекттің авторлық құқықты бұзуына және жұмыс орындарының қысқаруына қарсы болды.

2024 жылы танымал продюсер Тайлер Перри өзінің Атлантадағы студиясын $800 млн-ға кеңейту жоспарын AI технологиясының жылдам дамуына байланысты тоқтатты. Оның айтуынша, генеративті видео құралдар — мысалы, OpenAI ұсынған Sora — бір жағынан таңдай қақтырса, екінші жағынан кәсіпқойлар үшін қауіп төндіріп отыр.

AI — визуалды эффект жасаудың жаңа құралы ма?

Сингапурлік CraveFX анимациялық студиясының тең құрылтайшысы Давьер Юн Netflix-тің бұл қадамын заңды әрі күтілген шешім деп бағалады. Оның айтуынша, генеративті AI визуалды эффект мамандарының құрал-жабдық сандығына қосылған тағы бір мүмкіндік.

AI — үлкен бюджетке ұқсайтын визуалды эффектілерді шағын студиялар үшін де қолжетімді етеді. Бірақ ақырғы шешімді қабылдайтын – AI емес, суретші, яғни адам, – дейді Юн.

Қаржылай табыс та бар

Netflix-тің AI-ды қолдануы бизнес тұрғысынан да тиімді болған сияқты. Компания 2024 жылдың екінші тоқсанында табысын 16%-ға арттырып, $11 млрд кіріс тапқан. Таза пайда $2,1 млрд-тан $3,1 млрд-қа дейін өсті. Бұл өсімге «Squid Game» сериалының соңғы маусымы үлкен үлес қосқан: жоба 122 миллион қаралым жинаған.

Netflix-тің AI технологиясын қолдануы — кино индустриясының жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсететін нышан. Бірақ бұл өзгеріс шығармашылық бостандық пен адам еңбегінің құндылығына қатысты сұрақтарды да күн тәртібіне шығарып отыр.