Қарызын жылдам жабуға тырысатындардың көпшілігі кез келген артық қаражатты несиеге сала беруді тиімді деп ойлайды. Алайда қаржыгерлердің айтуынша, несиені мерзімінен бұрын өтеудің өзіндік тәртібі мен есеп-қисабы бар.
Әрбір жағдайда тиімді шешім несие мөлшерлемесіне, депозиттік пайыздарға, банк талаптарына және төлемді рәсімдеу тәсіліне тікелей байланысты. Сондықтан несие мерзімін шын мәнінде қысқартқысы келген адам бұл жұмыстың барлық қыр-сырын біліп алғаны жөн.
Қаржыгер, MSc Finance магистрі, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясованың айтуынша, кез келген несиені мерзімінен бұрын өтей салу әрдайым тиімді шешім емес. Ол әсіресе мемлекеттік бағдарламалар арқылы алынған, пайыздық мөлшерлемесі төмен несиелерді асығыс қайтармауға кеңес береді.
Маманның сөзінше, несиені мерзімінен бұрын өтеудің тиімділігін түсіну үшін депозиттің пайыздық мөлшерлемесін салыстырмалы нұсқаулық ретінде қарастыруға болады.
Егер несие пайызы депозиттік мөлшерлемеден жоғары болса, онда оны мерзімінен бұрын өтеу тиімді. Ал несие пайызы депозиттік мөлшерлемеден төмен болған жағдайда, артық қаражатты депозитке салған дұрыс. Өйткені бұл кезде несие пайызын үнемдегеннен гөрі жоғары табыс табуға мүмкіндік туады. Ал керісінше, несие мөлшерлемесі депозиттен жоғары болса, мерзімінен бұрын төлеу несиенің жалпы артық төлемін айтарлықтай азайтады, – дейді қаржыгер.
Қаржыгердің айтуынша, ішінара мерзімінен бұрын өтеуді бастамас бұрын бірнеше маңызды жайтты ескеру керек.
Біріншіден, банктен мерзімінен бұрын өтеуге болатын ең төменгі соманы нақтылап алу қажет. Көп жағдайда бұл сома ай сайынғы төлем көлеміне тең болады. Мысалы, ай сайынғы төлем 50 мың теңге болса, 20-30 мың теңгені алдын ала жабуға жіберу мүмкін емес, өйткені банк қабылдамайды, – дейді Әйгерім Ілиясова.
Екіншіден, мерзімінен бұрын өтеу кезінде банк қосымша комиссия немесе айыппұл салатынын тексеру керек. Қаржы маманының айтуынша, жеке тұлғаларға арналған несиелер бойынша мұндай комиссияларға тыйым салу енгізілген, алайда бұл норма тек 2025 жылдың 31 тамызынан кейін рәсімделген қарыздарға қатысты. Ал одан бұрын алынған несиелер бойынша комиссияның бар-жоғын банкпен нақтылап алған жөн. Әдетте, алғашқы алты айдан кейін айыппұл алынбайды.
Сонымен қатар кейбір банктер бөлімшелер арқылы жасалған мерзімінен бұрын өтемдерге комиссия қоятын жағдайлар кездеседі. Ал мобильді қосымшада дәл сол операция комиссиясыз орындалуы мүмкін. Сондықтан мұндай айырмашылықтарды банкке барып немесе байланыс орталығына хабарласып анықтап алған дұрыс, – деді маман.
Айтуынша, қаражатты жай ғана несие шотына салу жеткіліксіз. Ол артық төлем болып есептеледі, несие кестесі бойынша өтеледі және банкке төленетін пайызды төмендетпейді. Бұл ақша жоспарлы төлем ретінде ғана есептеледі және жалпы пайыздық шығысты азайтпайды. Нақты пайда көру үшін мерзімінен бұрын өтеу рәсімін арнайы орындау қажет.
Егер төлем банк бөлімшесінде жасалса, менеджерге барып, ішінара мерзімінен бұрын өтеу туралы өтінішке қол қою керек. Ал мобильді қосымшада бұл процесс әлдеқайда жеңіл: «Несиелер» бөліміндегі «Ішінара өтеу» функциясын таңдау жеткілікті. Осы қадамнан кейін клиентке екі нұсқа ұсынылады, несие мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлемді азайту, – дейді.
Маманның түсіндіруінше, мерзімді қысқарту нұсқасын таңдаған кезде ай сайынғы төлем өзгермейді, бірақ несие өтеу мерзімі қысқарып, соның арқасында жалпы артық төлем айтарлықтай төмендейді. Ал ай сайынғы төлемді азайту нұсқасын таңдаса, мерзім сол күйі қалады, тек ай сайынғы жүктеме жеңілдейді. Бұл әдіс үнемді сәл азайтқанымен, жеке немесе отбасы бюджетіндегі қысымды төмендетеді.
Мен ай сайынғы төлемді азайтуды таңдап, мүмкіндігінше тұрақты түрде мерзімінен бұрын төлеуді ұсынамын. Бұл қаржылық күйзелісті азайтып, банкке кететін артық төлемді де төмендетеді, – дейді қаржыгер.
Айта кетерлігі, мерзімінен бұрын өтеу аннуитеттік те, дифференциалды төлем кестесі бар несиелерге бірдей қолданылады. Төлем жасалғаннан кейін банк жүйесіндегі кесте автоматты түрде жаңарады және оны мобильді қосымша арқылы бірден көруге болады.
Әйгерім Ілиясова ипотекалық және тұтынушылық несиелерді ішінара мерзімінен бұрын өтеу тетігі бірдей, рәсімдеу процесінде айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін айтады. Алайда бір маңызды ерекшелік бар. Бұл азамат ұзақ жыл жұмыс істеп, оның зейнетақы жинақтары белгіленген ең төменгі шектен асқан жағдайда, артық қаражатты ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге бағыттай алады. Бұл барлық банктер үшін ортақ мүмкіндік екенін айтады.
Сондай-ақ маман зейнетақы жинақтарын тұтынушылық несиені өтеуге жұмсауға болмайтынын жеткізді.
Сарапшының пікірінше, ең тиімді тәсіл – ай сайынғы төлемді жасаған соң дереу ішінара мерзімінен бұрын өтеу. Бұл жағдайда қосымша төленетін сома толық көлемімен негізгі қарызға бағытталады. Ал егер төлемді ай сайынғы төлем күніне дейін жасаса, оның бір бөлігі пайыздарға кетеді. Дегенмен, бұл қосымша пайыз төлеу дегенді білдірмейді, тек ай сайынғы төлемге енгізілген пайыздар ғана есептен шығарылады.
Сонымен қатар мерзімінен бұрын өтеуден кейін пайыздар төмендетілген сомаға есептеледі. Яғни, ай сайынғы төлем күніне дейін күтпеген дұрыс, қаражат болса, тез арада мерзімінен бұрын өтеу тиімді. Неғұрлым ертерек төлем жасаса, соғұрлым көп үнемдеу болады, – деді қаржыгер.
Қаржыгердің ескертпесі бойынша, ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезінде ай сайынғы төлемді бөлек қалдыру қажет. Бұл қаражатты ұмытпай, жоспарлы төлемдерді уақытында жасауға мүмкіндік береді.
Банк сарапшысы Ақгүл Кемал тиімді шарттармен несиені өтеу жайында айтты.
Несиені өтеуші азамат әр айда негізгі қарыздан бөлек тағы қосымша төлем жасаса несие мерзімін және үстемеақыны қысқарту болады. Ай сайынғы қарызды көп етіп төлеу арқылы несие көлемін азайту тиімсіз. Несие мерзімін қысқартуды кейбір банк қосымшаларында істеуге болады немесе банк бөлімшесіне барған жөн, – дейді сарапшы.
Несие мерзімін қысқарту – дұрыс әдіс таңдалған жағдайда қарыз жүктемесін айтарлықтай жеңілдететін қаржылық құрал. Маман пікіріне сүйенсек, ең бастысы – төлемдерді қалай және қашан жасау керегін, мерзімінен бұрын өтеудің қай нұсқасы тиімді екенін дұрыс анықтау.
Уақытылы жоспарланған ішінара төлемдер артық пайыздық шығынды азайтып қана қоймай, жалпы қарыздан тезірек құтылуға мүмкіндік береді. Ал банктердің талаптары мен комиссияларына мұқият болу, мобильді қосымшадағы мүмкіндіктерді пайдалану және отбасы бюджетіне түсетін салмақты ескеру – қаржылық тұрақтылықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі.