Несие мен қарыздардың кешірілетіні рас па?

27 Қараша 2022, 06:35 3205

Әлеуметтік желілерде «кредиттік рақымшылық» туралы ақпарат тарауда

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік рақымшылық жүргізіліп, несие кешірілетіндігі туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz.   

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде «кредиттік рақымшылық» жүргізілді және қарыздардың барлық түрлері есептен шығарылды-мыс деген ақпарат мерзімді түрде таратылуда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды адастыру және олардың қаржылық жағдайын қиындататын әрекеттерге итермелеу мақсатында таратылатын ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдейді. Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды қолдау үшін 2021 жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілгенін атап өтеміз, - делінген агенттіктің хабарламасында. 

Кредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет. Онда олардың өтініші қаралады және проблемалық берешекті қайта құрылымдау шарттары ұсынылады.

Қарызды қайта құрылымдау шарттары: сыйақы мөлшерлемесін төмендету; төлемді кейінге қалдыру; өтеу әдісін өзгерту; қарыз мерзімін ұлғайту; мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді жою түрінде болуы мүмкін.

EL.KZ
Бөлісу: