Несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш беріңіз. Министр Мусин жақсы жаңалық айтты

31 Тамыз 2023, 18:40 926

Енді eGov mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш беруге болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгіннен бастап әрбір қазақстандық өз еркімен несие мен микроқарыз рәсімдеуге тыйым сала алатынын мәлімдеді.

Қызметке азаматтың тек өзінің өтініш беруге мүмкіндігі бар. Несие мен микроқарызды рәсімдеуге тыйым салу 6 айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде алынып тасталады, - деп жазды министр Бағдат Мусин.

Сондай-ақ, бұл шектеулерді кез келген уақытта алып тастауға болады, ол үшін банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет.

Бұл не үшін қажет? Бұл функция ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігі үшін іске қосылды.

Біз осы арқылы ел азаматтарын қарызды заңсыз рәсімдеуге тырысатын алаяқтардан қорғап, көмектескіміз келеді, - деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, дәл осындай сервис Бірінші кредиттік бюроның сайтында ақылы негізде қолжетімді. Электрондық үкімет порталында өтінім берген кезде кредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту тегін жүзеге асырылады.

Біз Бірінші несиелік бюро мен Электрондық үкіметтің жүйелерін біріктірдік, яғни, бұрын  азаматтарымыз бюро арқылы өтініш беретін болса, ал енді несиеден бас тартуды eGov.kz аясында рәсімдей алады. Қазір бұл функция қолжетімді, - деп жазды ол.

Қарыз алудан ерікті түрде бас тарту сервисі eGov.kz mobile мобильді қосымшасының басты бетінде, «Танымал қызметтер» бөлімінде қолжетімді. Осыған ұқсас қызметті eGov.kz порталындағы «Азаматтарға» - «Кеден және салықтар» - «Экономика және қаржы» бөлімінен алуға болады.

Бұл сервис жеке тұлғаның банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды жою құқығын бекітуді және қарыз алушының кредиттік тарихында несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы ақпарат болған кезде жеке тұлғаға несие беруге банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін тыйым салуды көздейтін заңнамалық актілерге әзірленген түзетулер шеңберінде іске асырылғанын атап өтті.

Сервиске ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Бірінші кредиттік бюроның және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараттық жүйелерінің интеграциясы арқасында қол жеткіздік, - деді Бағдат Мусин.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: