Не үшін саяхаттау керек? Саяхаттаудың 9 пайдасы

13 Маусым 2023, 18:00 11676

Соңғы он жылда туризм мықты индустрияға айналды. Дүниежүзілік Туристік Ұйымның мәліметі бойынша әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10%-ын иеленген. Тіпті кейбір мемлекеттер туризмнен түсетін таза пайда арқылы экономикасына жан бітіріп отыр. Мысалы, 2017 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде саяхатшылар ең көп пайда әкелген ел - АҚШ атанды. Туристер аталған мемлекеттің қазынасын бір жылда 211 млрд долларға толтырған.

Ал, адам баласы үшін саяхаттың қандай пайдасы бар? Не үшін саяхаттау керек? Төменнен оқып көріңіздер!

 

Тіл үйрену


©AP/Amr NABIL

Саяхаттау адам жанына тыныштық сыйлап ғана қоймай, оған тіл үйрену секілді жаңа мүмкіндіктер жолын ашады. Тіпті, кейбір туристер тіл үйренуге немесе үйренген тілін шетелдіктермен сөйлесу арқылы жетілдіру үшін саяхатқа шығады.

Жалпы, тіл үйренудің ең тиімді тәсілі – бұл сол тілде сөйлейтін адамдардың ортасында болып, олармен күнделікті қарым-қатынаста болу екені сөзсіз. Ал, саяхсат бұл тұрғыда сізге көп көмегін тигізеді.

 

Дәстүр айырмашылықтарын сезіну


©AP/Darko VOJINOVIC

Шет мемлекте бару арқылы өз халқың мен өзге халықтардың өмір салтының айырмашылығын байқауға болатын таптырмас мүмкіндік. Саяхатқа шыққан жан сол өлкенің тыныс-тіршілігімен, тарихымен, дәстүрі және менталитетімен таныса алады.

Ізденіс үстінде жүрген туристер сапар барысында әр халықтың өзіне тән жақсы тұстарын бойына сіңіреді. Мысалы, белгілі бір халықтың дағдысын, ас дайындау әдістерін тіпті күнделікті тұрмыста қолданатын әдеттерін үйренуге. Соның арқасында адамның ойлау қабілеті өзгеріп, көкжиегі кеңейеді сөзсіз.

 

Көрнекі орындар


©AP/Ng Han GUAN

Мектеп кезінде тарих пен георгафия сабағы оқулықтарынан түрлі мемлекеттердің тарихи нысандары мен көрнекі орындарын көп байқайтынбыз. Олар бізге тым алыс әрі қол жетпестей көрінетін. Ал, саяхатқа шыққан адам әлемнің таңғажайып пен тылсымға толы мекендерін өз көзімен көру бақытына ие болады.

Мысалы, қанша жыл өтсе де Римдегі Колизей мен Пиза мұнарасын көру үшін баратын адамдардың қарасы көбеймесе, азаймады. Мұның себебі де түсінікті. Жоғарыда айтқанымыздай тарихқа сыр шертетін әдемі де көрнекі орындарының арқасында Италия туристер арасында әлі де трендтен түспей тұр.

 

Табиғат


©AP/David AZIA

Табиғат аясындағы демалыс адам жанын рахатқа бөлейді. Таулар, теңіздер, жанартаулар мен ну ормандарды көзбен көру жан баласына эстетикалық ләззат сыйлайды. Жер ананың сұлулығын көрудің ғажап сезім екенін айтпаса түсінікті шығар. Айтарымыз табиғатпен танысу — саяхаттаудың маңызды себептерінің бірі.

 

Жаңа достар, жаңа орта


©AP/Nariman El-MOFTY

Сапар - әрқашан жаңа достармен таныстырады. Көшеде кафе немесе жол сұрауға тоқтатқан адамдар кейде тіпті өмірлік досқа айналып жатқан жағдайларды да естиміз. Қонақжай халықтардың жайдарлы адамдарымен кездессеңіз жаңа орта табу ықтималдылығы да жоғарылайды. Бұл өз кезегінде әр елде кем дегенде бір таныс табуға көмектеседі.

 

Тағамдар


©AP/Ng Han GUAN

Қазіргі таңда туристік агенттіктер мен түрлі турлардың көптігі жаңалық емес. Қаласаңыз алты құрлықтың сіз қалаған нүктесіне апарады. Ал, георгафиясы мен орналасуынан бөлек, тарихына қарай әр елдің тамақтануы да ерекшеленеді. Мысалы, пицца мен пастаны сүйсеңіз Италияға, суши мен теңіз тағамдарын қаласаңыз Жапонияға, ет тағамдарынан татқыңыз келсе Азия мемлекеттеріне сапар шексеңіз болады. Сусындармен де солай. Грузияға саяхаттайтын жандарға жергілікті тұрғындар грузин шарабын ұсынары анық. Ал, бұл өз кезегінде сізге сапардың тек сәтті болуын ғана емес, сондай-ақ тәтті болуын қамтамасыз етеді.

 

Адреналин


©AP/Schalk van ZUYDAM

Кейде біздің өмірімізге естен кетпес естеліктер мен ұмытылмас эмоцияға толы сәттер жетіспей жатады. Егер, сізге адреналин керек болса, туристтік агенттіктер сіз үшін бұны да ұйымдастырып бере алады. Онда, теңіз бетінде серфинг тақтайшасымен теңіз толқындары қарсы жүзіп немесе тау жиегінен секіру мүмкіндігі де қарастырылған. Одан бөлек, шаңғымен сырғанау, аттракциондарда көңіл көтеруге болады.

Бастысы, саяхаттайтын мемлекет пен сапарласыңызды дұрыс таңдаңыз. Сонда ғана, ұмытылмас эмоция мен адреналинді алатыныңыз анық.

 

Шабыт

Шығармашыл жандар саяхат арқылы шабыт алады. Суретшілерді табиғаттың пейзаждары таңғалдырса, ақын-жазушыларды шет елдің дәстүрі мен тарихы шабыттандырады. Ал, композиторлар болса, жаңа туындыларды тыңдап, табиғат үніне қанық болып, өмірге ғажап музыка әкелуі мүмкін. Сізде өзіңіздің шығармашыл жанмын деп есептесеңіз, онда тезірек саяхатқа шығуды жоспарлаңыз. Өйткені, сізді шалқар шабыт күтіп тұр.

 

Өзіңізді табу

Саяхат - өзін-өзі дамытудың ең жақсы тәсілі. Сапарларда сіз еркіндікті сезінесіз, әдеттегі өмірде жасамаған нәрсені жасайсыз. Әр түрлі елге барған сайын сіз толерантты және төзімді болуды үйренесіз. Адамдардың ұлты, діні мен тілі маңызды емес екенін түсінесіз. Адами қасиеттерді бағалап үйренесіз. Өзіңіздің бойыңыздағы жаңа қырларыңызды ашасыз. Күнделікті тұрмыстың бітпейтін шаруасы мен тұңғиыққа батыра беретін ойларынан құтылып, әлемге жаңа көзқараспен қарай бастайсыз. Бұл өз кезегінде өзіңді дамытуға көмектеседі.

 

Жас кезіңде тісіңіз бен саяхатқа ақшаңызды аямаңыз. Өйткені, қартайғанда әдемі күлкіңіз бен жақсы естеліктеріңіз болады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: