Назарбаевтың бағасын беретін әділ сот болуы керек – Серік Әбдірахманов

13 Шілде 2023, 14:15 1617

Мемлекет қайраткері Серік Әбдірахманов тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа баға беретін әділ сот керек деп санайды. Бұл туралы ол Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Назарбаевтың да, басқаның да бағасын беретін әділ сот болуы керек. Халыққа, заңға тәуелді әділ сот. Бізде ондай сот жоқ. Кім ондай баға береді? Баяғыда Мәскеуден бағасын алатынбыз. Қазір Ақордадан аламыз ба? Кім ондай құзырет беріпті?

Конституциялық сот деп тағайындалды, аты бар да, заты жоқ. Өңкей мақұлбектер, Парламентте отырған өңкей Жигулилер ондай баға бере алмайды. Бұл өте терең мәселе. Бұған баға беру үшін біздің мемлекеттік құрылымдарды реттеу керек. Сотымыз әділдікті сақтайтын сот болуы керек, - деді

Ал тілшінің «бүгінде Назарбаевты кім деп санайсыз?» деген сауалына Серік Әбдірахманов былай деп жауап берді:

Қылмыскер! Қазақстан – дүниеде ең бай мемлекет. Дәлелденген жер байлығымызды адам басына шақсақ, біз дүниеде бірінші орында тұрмыз. 90-жылдардың басында әлі бұзылмаған, көппен бірге демократияға ұмтылған Назарбаев: «Біз арабтардан озамыз. Біз Кувейттен озамыз», - деді. Иә, сондай мүмкіндік болды. Ал қазір біз Африканың орта деңгейлі мемлекеттерімен қатар келе жатырмыз. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарын алсақ, қарапайым бұқараның тұрмыс деңгейі 4-5 есе төмендеп кетті. Бұған кейін Назарбаевтың өзі жауап берді. Үлкен жиналыста «Мен кез келгеніңнің қолыңа кісен салып, абақтыға апарып отырғызуға дәлелім бар», - деді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: