Назарбаевтардың қатысы бар ма? Министр қомақты қаржыны қалтаға басқан делдалдар туралы айтты

13 Желтоқсан 2023, 12:05 1197

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев трансферттік баға белгілеуде қомақты қаржы жымқырған делдалдарды әшкерелегенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы капиталды заңсыз иемденген немесе сыртқа шығаруға қатысты кешенді түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соның аясында маңызды сұрақ – осы трансферттік баға белгілеуді бақылау. Осы заң аясында біз қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз және мұндай делдалдар көп жағдайда шетелде құрылады. Бізден шығарылған, әсіресе шикізаттық тауарларды олар төмен бағада шығарып, сыртқа жоғары бағамен сатып, ортасындағы табысты өздері қалтасына салып отырған. Біз осындай фактілерді салықтық тексерулер кезінде әшкереледік, - деді министр Мәжіліс кулуарында.

БАҚ өкілдері әшкереленген азаматтардың кім екенін сұрады.

Кімдер дегенде, ол жерде ұйымдар бар. Салықтық құпия деген норма бар. Сол нормаға байланысты ұйымдардың атын атай алмаймын. Себебі олар өздерінің айыппұлдарын толықтай төледі. Егер атын атасақ, олардың репутациясына нұқсан келеді. Олар халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жүрген компаниялар. Өткен жылы 50-70 млрд теңге айыппұл өндіріп алдық, - деп түсіндірді Жамаубаев.

«Назарбаевтар отбасының қатысы бар ма?» деген сұраққа:

Оны айта алмаймын, - деп жауап берді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетейік, Мәжіліс трансферттік баға белгілеу туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Миражан Махан
Бөлісу: