Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтар әулетінің өкілдері Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алғанын айтып, құқық қорғау органдарына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біз – депутаттар мына жақта ақтер-көктер болып, Қазақстан халқынан ұрланған, талан-таражға түскен активтерді елге қайтаруға қатысты заңды қабылдап жүргенде, Алматы жақта "ескі" Қазақстанның Назарбаевтан қалған жебірлері мен жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатыр. Нақтылап айтқанда, Нұрбол Болатұлы Назарбаев, Қайрат Сатыбалды мен Ахметжан Есімовтің нөкерлері және "қаңтар генералы" Серік Күдебаев Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты бұрынғы "Каменка" асыл тұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алған, - деді Ермұрат Бапи.
Оның айтуынша, пайшылардың 274 гектар жері заңсыз жуапкершілігі шектеулі серіктестіктерге рәсімделген. Одан кейін екі мыңнан астам адамның үлесін "ИЖС"-ке айналдырып, оның едәуір бөлігін сатып жіберген. Оларға Алматы облысы мен Қарасай ауданының прокуратурасы да көмектесе алмапты.
Тартып алынған жердің біраз бөлігін генерал Күдебаевтың адамдары, Ахметжан Есімовтың адамдары, содан кейін "Элит строй" – Әлия Назарбаева, "Қазақ строй" – Сергей Муляр, Дмитрий Ли деген адамдарға, солардың кәсіпорындарына таратып берген, әлде сатқан. Жергілікті прокуратура мен полиция зарлаған халықтың емес, тойымсыз, тажал кланның мүддесін қорғап жатыр, - дейді депутат.
Бұл мәселе әділетті түрде шешілуі үшін жер дауын аяқсыз қалдырмаймын! Егер іс тағы да назарбаевшыл адамдардың мүддесіне шешіліп, жер иелері зарлап қалатын болса, ел президентіне дейін барамын!, - дейді мәжілісмен.