Назарбаев университеті студент қыздың мәлімдемесіне қатысты жауап берді

20 Тамыз 2022, 10:25 3523

Белгісіз бойжеткен бейнеүндеу жасап, Назарбаев университетінің зорлық-зомбылық ордасына айналғанын айтқан.

Назарбаев университетінің баспасөз қызметі білім беру мекемесінің басшылығы жағдайды түсіну үшін тергеуге жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.KZ.

– Назарбаев университетінің студенті айтқан, тексеруді талап ететін сексуалдық сипаттағы құқық бұзушылық жағдайлары туралы ақпарат бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы тиісті процессуалдық әрекеттерді жүргізіп жатыр. Университет кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және тергеуге жан-жақты көмек көрсетеді, – деп хабарлады Назарбаев университетінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде белгісіз бойжеткен бейнеүндеу жасап, Назарбаев университетінің зорлық-зомбылық ордасына айналғанын айтқан.

Аталған мәселе Ішкі істер министрлігінің бақылауына бірден ілінді. Полицияда тексеру жұмыстары басталғанын айтты.

– Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жас қыздың бейнеүндеуі анықталды. Ол Назарбаев университетінің профессорлық-оқытушылық және техникалық персоналы тарапынан қысым көрсету және зорлау жағдайлары, сондай-ақ жоғары курс студенттерінің төменгі курс қыздарына қысым көрсету фактілері жайында мәлімдеді. Бұл бейнеүндеу "Есіл" ауданының полиция басқармасында тіркелді, — делінген полиция ақпаратында.

Бөлісу: